Kyzylorda-news.kz. Өткен ғасырдың 37-38 жылдарында қазіргі №3 мектеп-лицей орналасқан ауданда сталиндік репрессияға ұшырап, Қиыр Шығыстан жазасыз депортацияланған момын, еңбекқор кәріс халқының өкілдері тұрған. Қоныс аударушылар үшін жергілікті билік саяси-қоғамдық шараларының бірі ретінде орыс-кәріс тілдерінде білім беретін бастауыш мектептер аша бастады. Қызылорда қаласында да 4 мектеп салынып, сол мектептердің біріне Үкіметтің ««Жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім беру туралы» қаулысы негізінде бастауыш мектеп мәртебесі беріледі. Бұл №3 бастауыш мектебі еді. Алғашқыда жаңа білім ошағына мемлекеттің саяси-әскери басшыларының бірі К.Е.Ворошиловтың аты берілген.
Қызылорда қаласындағы айтулы білім ордасы саналатын С.Толыбеков атындағы №3 ІТ мектеп-лицейдің тарихы осылай басталған. Құрылғанына сексен жылдан астам уақыт өтсе де іргелі білім ордасы шәкір тәрбиелеу ісінде үздік мектептер қатарында. Білім ордасы құрылған алғашқы оқу жылы орыс тілінде білім беретін 11 сынып кешенінен, 9 мұғалім мен 337 оқушыдан бастау алады. Оқушылар мен ұстаздар құрамының көп бөлігі кәріс ұлтынан болған. Оқу үдерісі орыс тілінде жүргізілген. Алғашқы директоры Пак Иван Борисович іскер, жауапты, ұйымдастыру қабілеті жоғары тұлға ретінде мектеп тарихында өшпес із қалдырады. Ол – Ұлы Отан соғысы кезіндегі ауыр қиыншылықтарды мүмкіндігінше шешіп, кәріс тілді ұстаздар мен оқушыларды орыс тілді білім беру жүйесіне бейімдеп, қалыптастыру арқылы мектептің негізгі білім беру міндетін орынды ұйымдастыра алған, мектептің саяси-қоғамдық жұмыстарға белсене араласуына қол жеткізген азамат. №3 мектеп те балаларға білім берумен қатар, әскери госпиталь болады. Жараланған жауынгерлерді емдеп, сапқа қайта қосылуына білім ошағы өз үлесін қосқан. Сонымен қатар, Украинадан көшірілген институттың да жұмысын жалғастыруға жәрдемдескен. Ел басына түскен қиын-қыстау заманда осындай қосымша жүктемелерді мүлтіксіз орындаған, жылудың, жарықтың, оқулықтардың тапшылығына қарамастан білім беру ісін тоқтатпаған білім ошағы соғыс жылдары 500-ге жуық оқушыға білім берген. Тоталитарлық репрессиядан адами құқықтарының тапталғанына қарамастан, төзімділік танытып, ұстаздық міндеттерін адал атқарған, соғыстың ауыр салмағын халықпен бірге көтерген Ким М.Т., Ким В.А., Пак Т.В., Ким Е.А. есімді азаматтар ұстаздықтың биік үлгісін көрсете білген.
Соғыстан кейінгі 1946-1947 жылдарда мектеп негізгі білім беретін ер балалар мектебі мәртебесін алады. Ол кезде мектептің білім беру үдерісіне 27 мұғалім, 562 оқушы қатысады. Оқушылар құрамы Кавказ аумағынан келген ұлт өкілдерімен толықса, ұстаздар қауымына Украина, Белоруссиядан жер аударылып келген орыс, неміс, еврей ұлты өкілдері П.С.Синельников, М.Ф.Фромман, О.Ф.Бурмитова, С.А.Дедарек, С.Б.Петрова, Т.В.Коссаржевская, М.А.Трофимова есімді мамандар келіп қосылды. Жоғары кәсіби білікті мамандардың келуі №3 мектептің оқыту жүйесін жетілдіріп, дамытуға жаңа серпін береді. Сонымен қатар, 1947 жылы Үкімет «Қазақ КСР-інде жоғары және орта білімді жетілдіру шаралары туралы» қаулы қабылдап, мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға бет бұрды. Осы кезеңде мектеп басшылығына келген А.В.Шин үкімет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықты мектептерді жабдықтау, жөндеу жұмыстарына тиімді пайдаланып, мектептерге оң өзгерістер жасай білді және оқу-тәрбие үдерісінде сапалы білім беруге негізделген педагогикалық ұжым құра білген.
1949 жылдан бастап К.Е.Ворошилов атындағы №3 мектеп 10 жылдық білім беретін мектеп боп қайта құрылады. 1950 жылы мектептің сынып кешені 24-ке жетіп, онда білім алған 714 оқушыға 24 мұғалім сабақ берген. Соғыстан кейінгі жылдарда халықтың бар күші еліміздің шаруасын жандандыруға, бейбіт еңбекке жұмылдырылды. Негізгі жұмыстармен қатар сенбіліктер мен жексенбіліктер көптеп ұйымдастырылып, тазалау, жөндеу шаралары тұрақты жүргізіліп отырды. Әрбір адам осы шараларға қатысуды өзінің азаматтық борышы санады. К.Е.Ворошилов атындағы №3 мектеп ұжымы да осы бағыттағы жұмыстарға белсене қатысып, еліміздің гүлденуіне айтарлықтай үлес қосқаны туралы сол кездегі басылымдар мен естеліктер сыр шертеді. Тазалау, көгалдандыру, арық қазу, аршу т.б. істермен ғана айналысып қоймай, соғыс ардагерлері мен мүгедектерге қамқоршылық жасады, азық-түлік өндіру қозғалысына қатысып, қалаға жақын жерлердегі ауылдарда шаруашылық ісіне араласып, көкөніс егуге, өсіруге, жинауға көмектесті, мектепте арнайы қоян өсіреді. Соның бір көрінісі ретінде республикалық «Лениншіл жас» газетінің 1959 жылғы 8 сәуірдегі №70 санында Қызылорда қаласындағы К.Е. Ворошилов атындағы мектеп ұстаздары мен оқушыларының еңбек пен білімді қатар алып жүргені, су шықпайтын тақырды жасыл желекке оранған саялы жерге қалай айналдырғандары жөнінде мақала жарияланған. Елуінші жылдардың басында соғыс зардабынан шаруашылыққа мамандардың жетіспеушілігін жою, дамып келе жатқан ғылым мен өндіріс талаптарын қанағаттандыру мақсатында мемлекет арнайы қаулылар қабылдап, білім саласын дамытуға күш салды, білімді жастар дайындауда мемлекеттік тапсырыстарды орындауға міндеттеме алды. Осы міндеттемелерді орындауда алдыңғы қатардағы мектептердің бірі болып №3 мектеп тұрды. Кез келген істі жоғары жауапкершілікпен атқаратын ұйымшыл ұжым өзінің оқыту жүйесі жоғары талаптар, критерийлер қойып, соған қол жеткізе білген. Ұстаздар қауымы тағдыр жазуымен келген білімді, прогрессивтік көзқарасты мұғалімдермен толықтырылды. Ел ішінде көші-қон азайып, мектепте қазақ, орыс ұлтты балаларының саны көбейді. Осылардың барлығы білім сапасының артуына себеп болады. Мектеп түлектері жоғары білім алуға ұмтылды, ұстаздарынан сапалы білім алғанына сенімді жастар Мәскеу және Сібір, Еділ бойындағы ірі қалалардың жоғары оқу орындарына түседі. Қоғамда Ворошилов мектебі сапалы білім беретін мектеп деген пікір тұрақтала бастайды. 1953 жылы №3мектепке К.Е.Ворошилов атындағы орта мектеп атауы берілді. Ұстаздар қатары С.А.Карташова, Артян, Г.И.Рубцова, А.С. Ким, А.У. Хон, А.Н. Цой, Т.Н. Сорокина, А.В.Жин сынды жас білімді мамандармен толығып, олар нәтижелі еңбектерімен қала көлемінде танымал болады. В.В.Ионцев басқарған 50 жылдардың ортасында да мектеп өз қарқынын жоғалтпады. Үкіметтік жолдамамен келген Мәскеу, Ленинград, Киев, Харьков педагогикалық институттарының түлектері М.И.Петров, И.Р.Федорова, А.Е.Крючкова, С.А.Ивановалар мектептің физика, математика, орыс тілі пәндерін оқытуда жаңа үлгі, жаңа тәжірибелерді әкеліп, оқыту жүйесін нығайта түседі. Жеке пәндерді кеңейтілген түрде оқыту басталады, оқушылар мен мұғалімдер түрлі сайыстарда, байқауларда жеңімпаз атанады, мектептің оқу-тәрбие жұмыстарының көрсеткіштері тұрақты, жоғары болады. Сол жылдары мектеп түлегі алғашқы «Алтын медальді» иеленеді. Бұл кезең әлемде күрделі жаңалықтарға толы кезең болған. Атом және сутегі, жарылғыштар, зымыран, космос техникасы, өндірісті жаңарту, ауыл шаруашылығын көтеру т.б. жедел орындауды талап ететін мәселелер білімді де іскер ұрпаққа жоғары сұраныстар туғызды. Сол сұранысқа сай тұлғаларды дайындауда №3 мектеп алдыңғы қатарларда болады. Мектеп түлектері ғылымда, өндірісте, экономикада орнын тауып, мемлекеттің талаптарының абыроймен орындалуына үлес қосқан. В.В.Ионцев пен әріптестерінің физика мен математика пәндерін кеңейтілген түрде оқытуға аса мән беруі жақын болашақта аталған пәндерді тереңдетіп оқытуға негіз болады. Мектеп ғимаратының шағындығына қарамастан, жылына мыңға жуық оқушыға білім берген. Сол заманның үрдісімен өзін-өзі қамту жолымен мектеп ағаш және темір шеберханаларын тұрғызып, оқушыларды еңбекке баулуды сапалы жолға қояды. Батыл инженерлік шешім қабылдаудың арқасында мектеп ғимаратына қосымша спорт зал салынды. Бұл спорт зал 1964 жылдан 2003 жылға дейін талай жастарға күш-қуат жинауға, спорттық шеберлікті игеруге жолдама берген.
Қай кезеңде де мектеп басшысы қызметінің табысты болуы оның өмір мектебінен мол тәжірибе жинақтауына байланысты екені белгілі. Сондай алғыр азаматтардың бірі – 1963-1973 жылдар аралығында мектеп директоры қызметін атқарған Тен Алексей Владимирович болған. Мектепті ол басқарған тұста Сыр бойының бас қаласы Қызылордадағы № 3 Ворошилов мектебінде 1969 жылы физика, математика, радиоэлектрониканы тереңдетіп оқыту жолға қойылады. Кәсіби деңгейі жоғары, жауапкершілікті сезіне білетін, нақты ғылымдар пәнінің қыр-сырын толық меңгерген педагогтар В.В.Тен, И.И.Ульмер, Е.И.Шубин, М.С.Житникова, С.Г.Гафарова, Т.П.Шумская, А.Е.Гузикова, Р.М. Демина, С.Д.Шегай, З.И. Абрамова сынды білімді ұстаздар өскелең ұрпақты білімді етіп тәрбиелейді. Мектептің үлкен буын мұғалімдері Б.В.Угай, С.А.Колесникова, П.Р.Уразгелдиева, Н.К.Ким, М.В.Курцова, Е.И. Шубин, А.С.Лисицына, А.С.Пак, А.П.Голович, Т.Г.Солокова директордың бастамасын қолдап, іске асыруға шын ықыласымен кірісті, аз мерзімде жұмысты жүргізіп кетеді. Маман дайындауға, ұрпақтар сабақтастығына мән берген А.В.Тен келесі онжылдықта орта және жас буын ұстаздары И.И.Ульмер, З.И.Абрамова, М.С.Житникова, А.А.Башкирова, Т.П.Шумская, А.А.Довгаль, Л.П.Мурзакова, С.Г.Гафарова, Е.Ч.Цой, И.Е.Тнымкулова, А.В.Гузикова, Э.А.Рубцова, В.Г.Киреева, С.Т.Негайларды сынды ұстаздарды баулып, қатарға қосты. Олар өз міндеттерін абыроймен орындап, сенімді ақтап, мектепті жоғары нәтижелерге жеткізген.
1967 жылы Ворошилов мектебі жанынан жаңа спорт ғимараты бой көтеріп, дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Н.Батеевтің іс-тәжірибесі қала мектептерінде таратылды. Мектептің көркемөнерпаздар үйірмесі жұмысы да ерекше көзге түсіп, қала көлеміндегі білім ордаларында кеңінен танымал болады. 1969 жылы физика-математика пәндері бойынша тереңдетіліп оқытатын сыныптар ашылады. Ол сыныптарға физика, математикаға бейім оқушыларды жинайды. 1970 жылдардың басында Ворошилов мектебінде 21 сынып кешенінде 618 оқушы білім алады. Екі ауысымда 36 мұғалім сапалы білім береді. 1970 жылдары заман ағымы мен уақыт көшінен қалмаған сан ұлт өкілдерінің алтын ұясына айналған білім ордасындағы жақсы ұйымдастырылған оқу-тәрбие үдерісінің арқасында бірталай ғылым докторлары, кандидаттары шықққан. Химия зертханасындағы тәжірибелік жұмыстардың жоғары деңгейде жүргізілуінің арқасында химия пәнінен сабақ берген С.Г. Гафарова, И.Е. Тынымкулова ұстаздарымыздың шәкірттері Абдуллаев Марат, Бөрібаева Анар медицина ғылымының докторлары, Бекхожаева Айгүл экономика ғылымдарының докторы, Кузьмина Лилия филология ғылымдарының кандидаты, Ақпанбетова Кәмшат педагогика ғылымдарының кандитаты атанған.
1980 жылдары Ворошилов мектебінде 36 сынып кешені бастауышта 12, орта буында 14, жоғары сыныптарда 10 сынып кешені жұмыс істеп, оқушылар саны орта есеппен 1090 оқушыны құрады. 1990 жылы мектеп басшылығына қарапайым мұғалімнен мектеп директорына дейінгі еңбек жолынан өткен, Лениндік комсомолдың облыстық комитетінде, облыстық Кеңес депутаттарының атқару комитетінде басшылық қызметтер атқарып, мол тәжірибе жинаған Иса Амангелді Жолмырзаұлы тағайындалса, директордың орынбасары болып 25 жасында «1 Май» атындағы №1 мектеп директорының бірінші орынбасары қызметін атқарып, қысқа мерзімде қала мектеп басшыларының ішінде елеулі тұлғаға өскен Ольга Ивановна Писчаскина тағайындалады. Мектеп жұмысын ұйымдастыруға жаңа серпін әкелген жаңа басшылардың көзқарастары бір арнада тоғысып, мақсаттары ұжым әлеуетін пайдалану арқылы орта мектепті жаңадан шығып жатқан гимназия, лицей типті мектепке айналдыру болды. Бірінші оқу жылынан кейін А.Ж.Иса мен О.И.Писчаскина ұжымға №3 мектептің жаңа типті мектепке ауысуы, қайта құрылуы туралы жобасын ұсынады. Кең талқылаудан өткізіп педагогикалық ұжым билікке мектепті гимназияға айналдыру туралы шешімін жолдайды.
№3 мектеп үшін тарихи оқиға болып табылатын бұл шешім 1991 жылы қаңтарында ұжымның беделді ұстаздары И.И.Ульмер, Р.М.Демина, Г.П.Шумская, А.П.Чилых, Е.Ч.Цой, А.А.Довголь, З.И.Абрамова, Д.С.Мұнарбаева, С.П.Негай, С.А.Оспановалардың қатысуымен өткен педагогикалық кеңесте қабылданады. Жаңа мәртебеге ие болған мектептің негізгі ұстанымдары жаңа статусқа сай мектептің мақсаттарын жаңарту, бірқатар пәндерді тереңдетіп оқыту арқылы оқу мазмұнын күрделендіру, жоғары рухани құндылықтарды бойына сіңірген білімді, шығармашыл, еңбексүйгіш, Отанымыздың өркендеуіне белсене қатысатын тұлғаларды қалыптастыру болды. Мектепішілік бақылау жүйесін О.И.Писчаскина, Г.Е.Айдарова, А.У.Ахметова, Н.В.Жұмаділдаева сияқты директор орынбасарларының аса жауапкершілікпен және білімділікпен жүргізе білулерінің арқасында гимназия мұғалімдерінің біліктілігі, шығармашылық ізденіске деген құлшыныстары артып, оқушылардың білім деңгейлерінің көтерілуіне зор әсер етті. «Инемен құдық қазғандай» деген сөздер мектептегі әдістемелік-бақылау жұмыстары туралы айтылған сияқты. Күнделікті, көзге көрінбейтін, көп уақытты талап ететін, бірақ маңызы көп мектепішілік бақылаудың адал орындалуы талай мектептердің биіктен көрінуіне себеп болды. Солардың бірі №3 мектептегі гимназиялық жүйені басқаруда А.Ж.Иса негізін қалаған жаңаша басқару әдісі болды. А.Ж.Иса орындаушы мен басшылық арасындағы алшақтықты қысқарту мақсатында орынбасарларына кең құзырлар беріп, жеке және арнаулы істерге жауапкершілікті арттыруға, тез икемделуге ерекше көңіл бөледі.
Кеңес үкіметі ыдырауға таяған жылдары темір құрсау босап, қазақ елі қазақылыққа бет бұрып, балабақша мен мектептерде қазақ топтары мен сыныптары ашыла бастады. Өз іргетасын орыс мектебі ретінде қалаған №3 Ворошилов мектебінде де қалалық білім бөлімінің 1990 жылдың 13 маусымындағы бұйрығы бойынша тұңғыш қазақ сыныптары ашылып, мектепке қазақтың қара домалақ балалары мен қыздары қабылдана бастайды. Тұңғыш қазақ сыныптарын қабылдаған Орналиева Захара Орналықызы және Бисенбаева Жаңыл – мектептің жаңа тарихының бетін ашты. Алғаш Бисенбаева Жаңылдың сынып жетекшілігімен ашылған қазақ сыныбына қабылданған бала санының 38-ге жетуі себебінен екінші қазақ сыныбы ашылады. Алғашқы сынып екіге бөлініп, екінші қазақ сыныбының жетекшісі ретінде Орналиева Захара Орналықызы тағайындалады. Бұл ұстаздар жас жеткіншектерге білім мен тәрбие беру жолында аянбай еңбек етті. Қазақша оқулықтардың жоқтығы салдарынан оқулықтарды басқа мектептерден, аудандардан алдыртқан. Осы уақыттан бастап мектептегі қазақ сыныптарының саны арта берді. Қазіргі таңда осы сыныптарды бітірген түлектер тәуелсіз Қазақстанның қарыштап дамуына өз үлестерін қосып жүргендеріне сеніміміз мол.
1991 жылы Қызылорда қалалық халық депутаттары кеңесінің атқару комитетінің шешімімен №3 Қызылорда қалалық орта мектебі №3 Қызылорда қалалық мектеп-гимназиясы болып бекітілді. Осы жылы қалалық «Жыл мұғалімі» байқауына қатысқан жас мұғалім Н.М.Жұмаділдаева жеңімпаз атанып, №3 мектеп-гимназия педагогтарының болашақтағы үлкен жетістіктері мен жеңістеріне үлкен жол ашты. 1992 жылы математика пәнінен республикалық оимпиадада жоғары нәтиже көрсеткен Жұмабаев Данияр Новосибирск университетінің жанындағы Бүкілодақтық физика-математика мектебіне оқуға шақыру мәртебесіне ие болды. 1993 жылы №3 мектеп-гимназия Қызылорда политехникалық институтымен бірге жұмыс істеу туралы келісімге қол қойып, жоғары оқу орнының құрылымына тіркелді. Гимназия оқушылары Қызылорда политехникалық институтында өздеріне бекітілген аудиторияларда химия, физика пәндерінен лабораториялық жұмыстар жүргізіп, сол уақытта сирек кездесетін компьютерлерде (Агат пен Корвет) жұмыстар жасады. 1995-1996 жылдар – №3 мектеп-гимназияның халықаралық байланыстарының бастауы. АҚШ-тың «Бейбітшілік корпусы» мектеп жұмысының деңгейімен таныса келе, өз волонтері, АҚШ азаматшасы Линзи Финнді жібереді. №3 мектеп-гимназия облыстық білім беру мекемелерінің арасында алғашқылардың бірі болып, жеке өзін-өзі қаржыландыру-шаруашылық есеп саласында басқару құқығын алып, бұл инновацияда жақсы нәтижелер көрсетті. 1996 жылы облыс мектептері арасында бірінші болып ІВМ-486 персоналды компьютерін, ксероксті пайдаланды. №3 мектеп-гимназия үшін жаңа компьютер дәуірі басталады. Осы жылы мектеп ата-аналарының демеушілігімен мектепке 4 компьютер алынады. 1997 жылы мектеп тарихында орын алған елеулі оқиға – «Қазақстан тарихы» пәнінен республикалық пәндік олимпиаданың ІҮ кезеңінен мектеп оқушысы ІІІ орын алып, облыс абыройын асқақтатуы болады. 1996-1997 жылдары оқушылар арасындағы математикадан өткізілген Республикалық олимпиадаға қатысқан Руслан Абдуллин ІV орынды иеленіп, Қазақстан Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталып, Қазақстан құрама командасында Үндістанда өтетін Халықаралық математика олимпиадасына дайындыққа қатысады. 1996-1997 жылдары ағылшын тілінен өткізілген АКСЕЛС-тің республикалық байқауының жеңімпазы Қуаныш Бишимбаев АҚШ-та бір жыл оқу құқығына ие болды. 1996-1998 жылдары мектепаралық математикадан арнайы семинарлар өткізіліп тұрды, оның жетекшілері физика-математика ғылымының кандидаты Ж.Рахметова және Б.Жанмолдаев №1,2,171,235 және №3 мектеп-гимназияның талантты математиктерін бір арнаға біріктірді. 1997 жылдың ақпанында директор А.Ж.Иса «Сорос Қазақстан» қорының «Интернет электрондық почта» грантын жеңіп алып, мектепке Pentium 166 компьютері, принтер, модем 1 жыл тегін интернетті пайдалану, Республика деңгейіндегі курсқа 3 мұғалімге жолдамалар алып берді. Сол жылда наурыз мерекесіне ата-аналар қауымы мектептің талаптарын қолдап, төрт компьютер алып береді. 1997 ж АҚШ-тың «АКСЕЛС» қорының жеңімпазы Қ.Н.Есмамбетова бас жүлдесі – компьютерді мектепке сыйлайды. Сол сайыс мектепке тағы да 3 компьютер әкеледі. Осылай мектепті компьютерлендіру бағытындағы ауқымды істер мектептің өз күшімен басталып кетті. Компьютерлік сауаттылық мұғалімдерге міндеттелді, аттестация талаптарына енгізілді, мектеп әкімшілігінң қатаң бақылауында болды. Мұғалімдер жаңа техниканы игеруге зор құлшыныспен кірісті. Сонымен қатар, ұжым мүшелері электрондық почта, интернетті пайдалануды үйреніп, алғашқы әлі сиректеу кездесетін электрондық оқулықтар жинап, оқу процесіне жаңа мазмұн енгізді. А.Ж.Иса Ресейдің білімді насихаттайтын «Кирилл және Мефодин» атты концернінің сайысынан грант ұтып, физика, математика, биология пәндеріне мұғалімдерге пәнді оқытудағы жаңа мәліметтер мен әдіс-тәсілдерін, электронды оқулықтар комплектілерін алуға қол жеткізді. Осындай жүйелі жұмыс нәтижелерін бере бастады. Оқушылар, мұғалімдер түрлі сайыстардан жоғарыдан көрінді, мектеп директорының орынбасары Г.Е.Айдарова қалалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы болды, мұғалім Қ.Менетаев Республикалық «Алтын диск» сайысының үшінші жүлдесін иеленді. Ұжымның компьютерлік сауаттылығы, техниканы пайдалану деңгейі сол кездегі мектептерден жоғары болады. Мектептің бұл жетістігі кейін мемлекет тарапынан мектептерді компьютерлермен қамтамасыз ету кезінде ескеріліп, алдыңғы қатарлы 2 компьютерлік сынып, электронды тақта және т.б. компьютер, техника беріледі. Сол кезде компьютерді игеруді ІВМ-486 компьютерлерінен бастаған М.Н.Абдыкаликова, А.Сабырқызы, Ш.Б.Сүйеуова, С.Б.Тәжітаева, Б.Әзілханов сынды ұстаздар қазіргі таңда республикаға танымал ІТ-лицейге айналған мектепті абыройлы басқарып келеді.
2005 жылдары №3 гимназияның компьютерлік дайындығының жоғарылығы – облыс әкімінің республика Президентімен тікелей эфирде кездесуін басқа мекемелерде емес, № 3 гимназияда өткізуіне себепші болды. 1998 жылы ерекше аттестат иесі Мадина Тілеуова беделді оқу ордасы - Қазақстан менеджмент және даму бағдарламасы институтына түсіп, бұл оқу орны Президенттік деп аталды. Мадина институтта да өте жақсы оқып, екі жылдан соң АҚШ-тың Колорадо университетіне оқу грантын жеңіп алады. 1998 жылы №3 гимназияның директоры Иса А.Ж. Түркия СІМ грантын жеңіп, №3 мектеп-гимназияда әлеуметтік деңгейдегі кілемдерді қолмен тоқу цехын ұйымдастырады. 1998-1999 жылдары Асылгүл Нұралиева оқушылар арасында өткен АКСЕЛС республикалық байқауында жеңімпаз атанып, 11-сыныпты АҚШ-тың Детройт қаласында оқу құқығын жеңіп алады. 1999 жылы алғаш рет қазақ тілінде оқитын сыныптан Жұмабаев Айбек АКСЕЛС байқауында ағылшын тілінен жеңімпаз атанып, АҚШ-тың Денвер қаласында оқиды. 1999 жылы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Қ.Н. Есмамбетова үшінші рет АКСЕЛС байқауын жеңіп алады. Үш ай көлемінде АҚШ-та оқып, тәжірибе жинақтап, мектепке үшінші компьютерді жеткізеді. 2000 жылы №3 мектеп-гимназия республикалық «Ізденімпаз мектеп» жүлдесімен марапатталады. 2000 жылы №3 мектеп-гимназия республикалық «Жас лидер» ассоцациясына мүше болады. 2000-2001 жылдары АКСЕЛС байқауында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі И.В.Мукашева жеңімпаз атанып, мектебімізге құны 2000$ тұратын Pentium ІІІ компьютерін әкеледі. 2001 жылы «Хабар» телеарнасында өтетін «ХХІ ғасыр лидері» атты интеллектуалдық шоуда оқушымыз Жәнібек Ыбраев жүлдегер атанады. 2001 жылдан бастап №3 мектеп-гимназия көпсалалы гимназия мәртебесін алады. 2003 жылдың наурыз айынан қыркүйек айына дейінгі аралықта білім ордасы күрделі жөндеуден өтіп, білім ордасының келбеті өзгерді. 2023 жылдың наурыз айынан қыркүйек айына дейін бастауыш оқу ғимараты бұзылып, қайта орнына жаңа, заманауи ғимарат салынды. 2012 жылдан бастап білім ордасы еліміздегі «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының озық педагогикалық тәжірибесін Қазақстан Республикасындағы жалпы орта білім беретін мектептерге таратушы 35 базалық мектептердің құрамына енді. 2014-2015 оқу жылында мектеп-лицей қалалық білім бөлімінен «Білім беру кеңістігіндегі инновациялық ізденіс орталығы» номинациясын иеленді.
Аймақта мектептер арасында бірінші болып газет шығарған және оның тұрақтылығын қалыптастырған - №3 гимназия саналады. Ата-анамен байланыс – әр мектептің міндетті қызметі. Ата-аналар қауымы – педагогикалық ұжымының негізгі әріптесі. Осы әріптестікті одан әрі жалғауға, ұстаздар еңбегінен хабардар болып, мектеп талаптарын орындауға жауапкершіліктерін арттыруда мектеп газетінің рөлі зор болды. Сондықтан ата-аналармен байланыс жасаудың жолын газет арқылы ұйымдастырсақ деген шешім қабылданады. Бұл бастама ұжым арасында қолдау тауып, газеттің жобасын жасау оқу ісінің меңгерушісі Г.Е.Айдароваға жүктеледі. Г.Е.Айдарова бұл жобаны бар ықыласымен жасап, мазмұнын толықтырып, көпшілікке ұсынады. Газет оқушылар ұсынысымен «Ворошиловские стрелки» атанады. Газет идеясы мазмұнды әрі сәтті шығады. Әр отбасы мектептің ішкі ахуалынан хабардар болуға қолы жетеді. Ата-аналар балаларының жетістіктерін біліп, ұстаздармен танысып, оқушыларға беріліп жатқан қосымша білім беру жаңалықтары, тәрбие білімінің жұмыстарына қызығуы – талай ата-ананың мектепке, ұстазға деген көзқарасын жақсы жағына өзгерткені айқын. Алғашында «Ворошиловские стрелки», 1991-2009 жылдар аралығында «Гимназия times», 2009 жылдан бастап «Білім айнасы» деп аталды. Қазіргі таңда мектеп директоры М.Н.Абдыкаликова бұл жобаны жаңа идеялармен толықтырып, жалғастырып келеді.
Педагогикалық ұжымды биікке жетелеуші мектеп директорының орны бір бөлек. Мектеп басшылығына Меруерт Наушақызы келген жылдары С.Толыбеков атындағы №3 ІТ-мектеп-лицейі тың белестерді бағындырады. Меруерт Наушақызы – мектепті жаңашылдыққа бастаған жаңашылдықтың жаршысы, іскер басшы бола білген. Ақпараттық технологиялар мектебі дәрежесін алып, білім шаңырағының соңғы үлгідегі ақпараттық құрылғылармен қамтамасыз етілуі бірден-бір осы басшының арқасы деуге болады. №3 мектеп-лицей 2017 жылы 18 шілдедегі №8374 Қызылорда қаласының әкімдігінің шешімімен «Қызылорда қалалық білім бөлімінің С.Толыбеков атындағы №3 мектеп-лицейі» коммуналдық-мемлекеттік мекемесі статусын алады. 2017-2018 оқу жылында №3 мектеп-лицейге Қазақ Ғылым Академиясының мүшесі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Серғали Толыбеков аты беріледі. 2017-2018 оқу жылында мектеп ұжымы республика көлемінде олимпиада жеңімпаздарын даярлайтын 100 мектептің ішінде 27-орынға ие болады. Сонымен қатар, С.А.Алтынбеков басқарып отырған «Петро Қазақстан» АҚ мұнай компаниясының демеушілігімен мектепке жаңа футбол алаңы салынып, workout алаңы, дене сергітуге арналған құрал-жабдықтармен жасақталады. 2018 жылы 10 қыркүйектегі №11763 Қызылорда қаласының әкімдігінің шешімімен білім беру ұйымы «Қызылорда қаласы білім бөлімінің С.Толыбеков атындағы №3 ақпарттық технология мектеп-лицей» (ІТ мектеп-лицей) коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып өзгертіледі. Мектепке жаңа үлгідегі ақпараттық құрылғылар әкелініп, ІТ бағытындағы сыныптар ашылады. Трансформер-ноутбуктер, роботтар жинағы, LED-экран, интерактивті панельдер, қысқа фокусты проекторлар алынды. Заманауи үлгіде жабдықталған STEM, ІТ кабинеттері, робототехника ашылады.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуын қолдау және білім алушылардың цифрлық сауаттылығын дамыту мақсатында 2021 жылдың қаңтар айынан бастап Серғали Толыбеков атындағы №3 IT мектеп-лицейіне «Бағдарламалау мектебі» жобасы енгізіліп, білім ордасы тіректі мектеп болып бекітілген. «Бағдарламалау мектебі» жобасы аясында мектеп «мектепті баскаруды автоматтандыру», «жалпы білім беретін пәндерде ІТ мүмкіндіктерін қолдану», «бағдарламалау мектебінің үйірмелері» сынды үш бағытта жұмыс жасайды.
Осы жоба аясында мектепте 2021-2025 оқу жылына жұмыс жоспары бекітіліп, 2021-2023 жылдары бағдарламалаудың базалық деңгейі бойынша, 2023-2025 оқу жылдарына жоғары деңгейі бойынша жұмыс жоспарланған. 2021-2023 жылы бағдарламалаудың базалық деңгейін оқыту бойынша «scretch- бағдарламалау» , «stop motion», «Web-дизайн» «Python прграммалау тілі», «java обьектіге бағытталған бағдарламалау тілі», «Роботехника», Робототехника, Mobilegraphy, Videographer, 3D модельдеу, Motion-дизайн, мобильді қосымша әзірлеу сияқты бағдарламалауді енгізсек, 2023-2025 оқу жылынан бастап, Python программалау тілінде 3D кейіпкерлер жасау,UNITY бағдарламалау тілінде қазақша анимациялар әзірлеу ,Видеоблогинг, Python бағдарламасында жасанды интеллект,Adobe Premiere-де видео монтаждау, мобильді қосымша әзірлеу (Android studio, Thunkable, App Invertor платформасы), Corel Draw графикалық редактор (графикалық суреттер салу үшін), Python бағдарламасында жасанды интеллект, Corel Draw графикалық редактор (графикалық суреттер салу үшін) сияқты бағдарламалауды жоспарланған. Бүгінде мектептің материалдық техникалық базасы заманауи құрал жабдықтармен және роботтехника кабинеттерімен жабдықталған. Осы орайда білім ордасы республикалық бюджет есебінен 2 STEM кабинеті және жаңа модификацияланған биология, физика кабинеттерімен толықтырылған. 2 STEM кабинет 86 дюймдық «BILIMBook» интерактивті панельдерімен жабдықталған. Бұл кабинеттер жаратылыстану пәндері үшін қазіргі заманғы «Roqed Sciеnce» және «Roqed Phуsics lab» виртуалды зертханасымен жасақталған. «Roqed Phуsics lab» жүйесінде 31 зертханалық жұмыстың 3D моделі қамтылған. 250-ден астам құрылғының көмегімен
кез келген физикалық экспериментті және зертханалық жұмысты көрсетуге болады. Биология және физика кабинеттеріндегі «MozaBook» бағдарламасымен жабдықталған интерактивті панель арқылы мұғалімдерге физика, химия, биология, технология, музыка, тарих, информатика пәндерінен 1200-ден аса интерактивті 3D көріністері, жүзден аса бейнежазбалар, аудиоматериал дар және түрлі зертханалар, әр пәнге лайықталған 100 шақты ойындар, қызықты физикалық тәжірибелер, жалпы алғанда тиімді сапалы қосымшалар жинақталған. Қазіргі таңда интерактивті панельдермен кабинеттер толык жабдықталған. Светодиодты LED экран мектептегі жаңалықтарды көрсетіп баяндап отырады. Сонымен қатар, осы оқу жылында 5-7сыныптар үшін «SPIKE PRIME EXPANSION SED» робот конструкторлары, 1-4 сынып оқушылары үшін MATATALAB PRO SET балаларға арналған роботехникалық конструкторы, жоғары сынып оқушыларына арналған AMPERKA жиынымен тағы да толықтырылды. MATATALAB PRO SET роботехникалық конструкторы балаларға арналған роботы, командалық мұнара және басқару тақтасы арқылы балалар бағдарламалауды ойын түрінде үйренеді және мұның көмегімен сурет салып, әуендер құрастыруға болады. Жоғары сынып оқушыларына арналған Амперка құрылғысымен тікелей физика білімдерін ардуиномен ұштастырып,оқушылар жеке электронды құрылғылар әзірлеуді меңгере алады. Сондай-ақ бастауыш сынып оқушыларына арналған 30 штук 3D ручкалар және Санбот есімді робот, Wede робот жиынтығы да бар.
Жоғарыда аталған жобаның бірінші бағыты - мектепті басқару жұмыстарын автоматтандыру бойынша мектепте 2 жоба жүзеге асып, бүгінде өз тиімділігін көрсетіп келеді. Олар - «Көмек Е» әлеуметтік педагог жұмысын автоматтандыру және «Face recognition» - «Қауіпсіз мектеп» жобасы. «Face recognition» - оқушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірегей жоба. Ал «Көмек Е» - оқушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуда жариялылықты болдырмай, нақты көмек көрсетуді көздейтін жоба екен. Бұл жүйеге осы оқу жылында облыстағы 12 мектеп косылған. Өткен оқу жылынан бастап Hikvision компаниясының Face ID камерасы алынған. Мектептегі екі жүйе интеграцияланып, мектеп қауіпсіздігін баскару автоматтандырылған. Ал екінші «бағдарламалау мектебінің үйірмелері» бағытында 2021-2023 оқу жылдарында мектепте әртүрлі бағыттағы үйірмелер ашылған. Заманауи үйірмелер оқушылардың ақпараттық технологияларға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, түрлі бағдарламаларды, қосымшаларды өздері жасап үйренуіне мүмкіндік беруде. Сондай-ақ, былтырғы оқу жылынан бастап DIGITAL STUDIO телестудия кабинеті ашылған. Мұнда оқушылар видеографика, мобилографика, ІТ журналистика және радиожурналистика үйірмелерімен қамтылған. Мектеп бұл бағытта «Qyzylorda» облыстық телеарнасымен меморандумға отырып, әріптестік байланыста жұмыс істеп келеді. Студияда оқушылардың қатысуымен «Мектеп news, «Жұмбақ times», «Бала тілі бал» «Ғылым: өзің жаса» хабарлары шығады. Бұл үйірмеде оқушылар дайын мобилографика бағдарламасымен смартфон, планшет гаджеттерде фото өңдеуді үйренеді. Бейнеографикада «Windows Movie Maker», «Sony Vegas Pro» бағдарламаларымен жұмыс жасау арқылы бейнежазбаларды қысқарту, өңдеу, дыбыстық жүйесін реттеу секілді жұмысты істейді. Ал сапалы фото-бейне, түрлі мәтіндік редакторлар арқылы әдемі жазуды және интернет ресурстарға мақала жазуды үйренетін көрінеді.
Жобаның үшінші бағыты жалпы білім беретін пәндерін цифрлық технологиялар мен компьютерлік бағдарламалар көмегімен оқытуда физика сабағында оқушылар «Peht симуляторын» және «algodoo» бағдарламасын қолдану арқылы физикалық құбылыстардың 2д анимациясын жасауды үйренуде. Ал математика пәндерінде «Sketh ap платформасын», «GeoGebra қосымшасын» химия пәндерін оқытуда «Оlabs симуляторын» қолдану барысында оқушылар пәнге деген, жаңа сабақты игеруге деген қызығушылығын арттырып, тиімді қосымшалар көмегімен білімін жетілдіре түсуде.
Амперка робот жиынының көмегімен оқушылар микроконтроллер көмегімен бағдарламалауға үйренеді, өздерінің электрондық құрылғыларын жасайды, электр заңдарын және информатикада алған білімдерін практикада қалай қолданатынын түсінеді. Сонымен қатар мектеп мұғалімдері сабақтарында дайын білім беру платформаларын қолданып қана қоймай, электрондық құралдарды жасап, өз шығармашылықтарын ақпараттық технологиямен сабақтастыра алады.
Жас ұрпаққа саналы, мағыналы, өнегелі тәрбие мен сапалы білім беруде мектептің педагогикалық ұжымы мен оқушылары көптеген жетістіктерге жетуде. Ұстаздардың қажырлы еңбегінің, шығармашылық ізденімпаздығы мен жауапкершілігінің арқасында оқушыларымыз тек қала, облыс көлемінде ғана емес, республикалық байқаулар мен пәндік олимпиадаларға қатысып жеңімпаз атанып келеді. Мәселен, 2019 жылы физика пәнінен11сынып оқушысы Жеңісбек Әділбек, 10 сынып оқушысы Анасбаева Дильназ республикалық олимпиаданың ІV кезеңінде ІІІорын алған. Ал 2020-2021жылы қазақ тілі пәнінен 10 сынып оқушысы Тайжан Ақбөпе республикалық олимпиаданың ІV кезеңінде ІІІ орын алған. Қазіргі таңда мектепте 12 магистр дәріс береді. Қорқыт Ата университетімен тығыз байланыс нәтижесінде білім мен ғылымды қатар ұштастыру білім ордасында жақсы жолға қойылған, оқушылар халықаралық, республикалық ғылыми жоба жарыстарының жеңімпазы қатарынан көрінуде. Оның ішінде, 10 сынып оқушысы Бекетов Мағжан халықаралық «Жас ғалым-2018» байқауының «Қола медаль» иегері, 11 сынып оқушысы Бақбергенов Жандос – халықаралық «Жас ғалым-2019» байқауының «Алтын медаль» иегері, 2022 жылы жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жоба конкурсының республикалық ІV кезеңінде 11 сынып оқушысы Зинелов Ернұр ІІІ орын, 2023 жылы жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жоба конкурсының республикалық ІV кезеңінде 11 сынып окушысы Әнуарбек Дінмұхамед ІІІ орын, биылғы оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жоба конкурсының республикалық ІV кезеңінде 11 сынып оқушысы Шайхы Гафур І орын, Конысбай Жаннұр ІІІ орын иеленген. Баланың интеллектуалды –шығармашылық даралығын, танымдық қабілетін жетілдіру, қызығушылығын арттыру,зерттеу жұмыстарын бала кезінен қалыптас тыру мақсатында ұйымдастырылатын «Зерде» байқауының облыстық және республикалық кезеңдерінде оқушылар жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Биылғы жылында 64 оқушы әртүрлі байқаулар мен сайыстардың қалалық, облыстық, республикалық кезеңінде жүлделі орындарды иеленген. Республикалық «Қазақстан – менің жаркын болашағым» атты жалпы ұлттық байкауынана Балым Бекқызы І дәрежелі дипломмен марапатталған. Халықаралық білім беру жөніндегі Америкалық кеңестің шешімімен 10 А сынып оқушысы Балғабайқызы Аянат және 9 сынып оқушысы Найзабай Айзере «FLEX» халықаралық оқу бағдарламасының грантын жеңіп алған және бір жыл бойына АҚШ мемлекеттік департаментінің қолдауымен тегін оқу мүмкіндігіне ие болған. «Іnnofest» облыстық байкауынан 11сынып окушылары Есенбек Багдаулет мен Жұмабек Темірлан «Digital Security» такырыбындағы жобасын қорғап Астана IT UNIVERSITY грантын жеңіп алған.
Білімді, озық ойлы әрбір шәкірттің артында білікті ұстаздың орасан зор еңбегі жатыр. Бұл ретте мектеп ұжымында оқушы жүрегіне жол тауып, көкейіне білім нәрін толтырып, биіктен көрінуіне себепкер болған қабілет ұстаздар жетерлік. Атап айтқанда, «Ы Алтынсарин» төсбелгісінің иегерлері Сүйеуова, Ахметова, «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкерлері» Айдарова, Тәжітаева, Сабырқызы, Тілеуова, Тапалова, Есімов сынды ұстаздар жинақтаған мол тәжірибесінің арқасында талай белестерді бағындырып, шәкірт тәрбилеп, оларды білім нәрімен сусындатып келеді.
2012 жылы ағылшын тілі пәні мұғалімі Есмамбетова, 2013жылы қазақ тілі пәні мұғалімі Абдикаликова, 2016 жылы казақ тілі пәні мұғалімі Тәжітаева, 2023 жылы қазақ тілі пәні мұғалімі Пірмағанбатова республикалық «Үздік педагог» байкауының жүлдегерлері атанған. Ал қазақ тілі пәні мұғалімі Сабыркызы Акмарал, физика пәні мұғалімі Сүйеуова, бастауыш сынып пәні мұғалімдері Агитаева және Шағырбаева облыстық «Үздік педагог» байкауының жүлдегері, Түлкібаева, Алтаева, Өксікбаева , химия пәнінің мұғалімі Майгелдиева, физика пәнінін мұғалімі Ерімбетова, информатика пәні мұғалімі Алдамжарова қала әкімінің 150000 теңге сыйкысының иегерлері, республикалық «Педагогикалық идеялар» фестивалі конкурсында география пәні мұғалімі Акышева Майра ІІІ орын иегері атанды.
Қазіргі таңда С.Толыбеков атындағы №3 IT-мектеп-лицейде 183 ұстаз қызмет етуде. 69 сынып кешені бар. Мектеп қабырғасында 1997 оқушы білім алуда. Білім жолы – қашан да қиын жол. Бұл жолда тынымсыз еңбек, толассыз ізденістен жалықпайтын жандар ғана нәтижелі табыстарға жете алады. Бұл мектептің ұстаздары мен шәкірттері қашан да ізденіп, білімі мен біліктерін үздіксіз арттырып отыруға үлкен мән береді. Осындай талаптың нәтижесінде Сыр өңіріндегі белді мектептерінің бірі болып, түрлі байқаулар, білім сайыстары, ғылыми жобалар, олимпиадаларға үнемі қатысып, жүлделі орындардан көрініп отырады. Мектеп басшылығы ұстаздардың кәсібилігін шыңдап, шәкірттердің шығармашылығын әрдайым қолдап келеді. Әсіресе, Амангелді Жолмырзаұлы, Гүлжан Ережепқызы бастаған көшбасшылықты Меруерт Наушақызы жалғастырып, одан әрі Әбенова Ләззат Өтегенқызы мектепті биік белестерге, жоғары тұғырға жеткізуге барынша еңбек етуде.
А.Әлім