Kyzylorda-news.kz Бүгін ғалым, ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы Әлкей Марғұланның туғанына 120 жыл толуына орай «Марғұлан мұрасы – ұлттық руханиятымыздың қазынасы» атты тарихи кеш ұйымдастырылды.
Мақсаты – оқырмандарды ғұмырын ғылым жолына арнаған тұлғаның өмір жолы мен шығармашылығымен таныстыру, жастардың ғылымға қызығушылығын арттыру, мәдени құндылықтарды қалыптастыру.
Кешке халықаралық Жазушылар, ҚР Журналистер одақтарының мүшесі, өлкетанушы Ж.Әубәкір, Қызылорда облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының археологы М.Ештаев, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетнің «Тарих және археология білім беру бағдарламасының аға оқытушысы А.Әзірбекова және Қызылорда жоғары көпсалалы колледжінің оқытушылары мен студенттері қатысты.
Белгілі әдебиеттанушы, өнертанушы, шығыстанушы, Ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы Әлкей Марғұлан бар ғұмырын ғылым жолына арнаған тұлға. Әлкей Марғұлан Алаш даласында аумалы-төкпелі заман орнап, қазақ ғылымына тұсау салынған кезеңде, 1904 жылы 11 мамырда Павлодар облысындағы Баянауыл өлкесінде дүниеге келген. Болашақ археологтың ата-анасы да осал адамдар болмаған. Олар білімді, Шығыс мәдениетімен таныс адамдар болған. Соның арқасында ата-анасы бала Әлкейдің өсуіне, оқып-білім алуына, рухани дамуына жәрдем берді.
Алғашқы тарихи жазбаларды зерттеп, зерделеген Әлкей мұрағаттар мен кітапханалардың бай қорынан молынан сусындатады. Алыстағы Ленинградта жүргенде-ақ ұлы даланың құпияға толы қойнауы оны өзіне тарта берді. Ленинград мұражайларының әсері өз алдына бөлек әңгіме. Ал Эрмитажға барған сайын Әлкей демін ішке тартып, ежелгі қыпшақтардың материалдық мәдениетінен хабар беретін жәдігерлерге ұзақ қарайтын. Мұндай да халық дастандары мен әндері есіне түсетін.
Ал Ленинградта оқыған жылдары Әлкей әдебиетке ерекше ден қояды. Атап айтқанда, орыстың және шетелдің ең озық әдеби шығармаларын аударып, қазақ оқырмандарына ұсынды.
Ұлтының тарихына терең үңілгісі келген Әлкей Марғұлан 3 жыл қамауда болды. Оның біраз уақытын жүйке аурулары ауруханасында өткізді. Мұндайда оған жынданып кетпеудің жалғыз жолы – әдемі естеріктер болатын. Әлкей Баянауылды, әке-шешесін еске алды.
Ол 40 жасында аса күрделі тақырып Едіге, Қозы Көрпеш, Қобыланды батыр жырлары негізінде қазақтардың аңыз-әфсанары мен фольклорынан докторлық диссертация қорғады. Осылайша, ол ауыз әдебиеті арқылы тараған осынау аса көрнекті шығармалардың жүздеген жылдар бұрынғы Алтын Орда, Қараханидтер дәуірімен тарихи байланысын аша білді.
Оңтүстік Қазақстан өңірінен, Сырдария, Талас және Шу өзендерінің сағасынан ежелгі қалалық мәдениеттің іздерін тапқан да Әлкей Марғұлан болатын. Ол Отырар, Тараз, Сайрам, Сығанақ, Сарайшық қалаларында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Қазба жұмыстарымен ғана айналысып қоймай, қазақтың жыр-дастандары мен аңыз-әфсаналарын жинады. Бұл зерттеулерінің нәтижесі 1950 жылы жарыққа шыққан «Ежелгі Қазақстандағы қалалар тарихы мен сәулет өнері» деп аталатын монографияда көрініс тапты. Ғылыми еңбекте алғаш рет ірі қалалық өркениет ошақтары жан-жақты суреттеліп, оларға қатысты терең талдау жасалды. Сонымен бірге, ғалым мұндай өркениет ошақтары Қазақстанның Солтүсігі мен Шығысында да болуы мүмкін деген болжам жасады. Осылай, Әлкей Марғұлан өзіне дейінгі зерттеушілердің қазақ даласында ешқандай өркениет болмаған деген жаңсақ пікірін жоққа шығарды.
Ол аса мейірімді жұмсақ адам болған. Тек ғылым мәселесіне келгенде тым қатал еді. Ол негізінен үш бағытта жұмыс істеді. Экспедиция, экспедициядан жинаған материалдармен жұмыс және тарихи деректер. Мұрағат материалдарымен жұмыс істейтін. Сондай-ақ, эпостық жырлармен айналысты. Беғазы мәдениетіне де көп уақытын арнады. Шоқан Уәлихановты да, сәулет өнерін зерттеді. Бір тақырыптан бір тақырыпқа ауысып, содан рахат алатын.
Қазақстанның археология және этнография мектебінің негізін қалаушы Әлкей Марғұлан үлкен энциклопедист ғалым болатын. Ол ғылыми саладағы идеологиялық сарпыншақтарды жойып, тарихи шындықтың бетін ашты. Әлкей Марғұлан қазақстандық ғылымның көптеген саласындағы алғашқы қарлығашы еді. Ол археология, мәдениет және қолданбалы өнер тарихы, сәулет өнер, этнография, қазақ тіл ғылымы саласында бірқатар іргелі еңбектер жазды. Әрқайсысы атан түйе жүк боларлық ауқымды мәселелерді қатар алып зерттеген ғалымның мұрасы әлі талай ұрпаққа қызмет етері сөзсіз.
Әлкей Марғұлан қасақана бұрмаланып келген тарихи шындықтың бетпердесін ашты. Ғалымның еңбектерінде бұрынғы қазақтардың арғы бабаларының яғни, көшпелі қазақтардың жері адамзат өркениетінің ежелгі орталығы ретінде сипатталды. Қазақ даласының сұлулығы мен ежелгі қалалардың кереметіне Марғұлан әрдайым бас иіп, үлкен ілтипатпен қарады. Әлкей Марғұлан тарихи шындықтың бетін ашып, сара жол салған ғалым.
Кеш қонақтары Әлкей Марғұланның өмірі мен шығармашылығы, зерттеулері, ғылыми еңбектері, ұлттық археологияға қосқан үлесі туралы баяндады. Оқырмандар назарына «Ұлттық археологияның сардары» атты кітап көрмесі ұсынылды.
Қорлан САРЫ
Фото: aqmeshit-zhastary.kz