Фото: halyq-uni.kz
Сұхбаттасқан Азамат АБИМОЛДА
«Сапалы білімді ту етіп, саналы ұрпақ қалыптастыру – асыл мұратым!» дейтін Аятжан Ахметжанның білім саласында орнықты орны бар. Ол – химия пәнінің мұғалімі ғана емес, «Ұлттық мектептің» негізін қалаушы.
Жақында білім саласын алға сүйреп жүрген Аятжан Ахметжан Сырға келіп, Kyzylorda-news.kz. сан түрлі сауалдың түйінін тарқатты.
- Аятжан аға, сауалды төтесінен қойсақ. Жақында «Министрлік марапат пен аттестацияны ажырата алмайды» дедіңіз. Оған не себеп?
- Жалпы, аттестация мен марапат мүлдем екі бөлек нәрсе. Марапат – ынталандыру. Бұл министрліктің құзырындағы шаруа емес. Өйткені министрлікке дейінгі мекемелердің басшысы, білім басқармалары мұғалімді марапаттап, мадақтай алады.
Ал, аттестация – мұғалімнің деңгейін өсіріп, көтермелейтін жол, біліктілік деңгейінің көрсеткіші. 5 жылда бір рет мұғалім аттестациядан өту керек. Ал сол аралықта мұғалімнің марапаттың соңынан қууы дұрыс емес.
Байқап қарасаңыз, мұғалім бес жылда білімін жаңартып, мақсаттарды белгілі бір деңгейде орындау керек. Содан кейін оған сарапшы, модератор, зерттеуші, шебер деп бөлінетін дәреже беріледі. Осыған қарай жалақыға үстемеақы да қосылады. Ең қызығы, модераторды алсаңыз, автоматты түрде алғыс хат аласыз дегені күлкілі. Сондай-ақ, бірінші рет шеберді алсаңыз, қола «Ыбырай Алтынсарин медалі» беріледі. Екіншісінде күміс, үшінші рет алтын тағады.
Қазірдің өзінде «Ғасыр ұстазы», «Алаш ұстазы», «Ұлт ұстазы» деген «жапсырма» қаптап кетті. Егер мемлекетте 5 мың «Алаш ұстазы» болса, онда неге білім саласы Финляндиядағыдай емес? Ал 5 мың «Ыбырай Алтынсарин» медалін кеудеге таққандар болса, неге әлі шешілмеген мәселе бар бізде? Онсызда қоғам атаққұмар. Бұл – қажет емес дүние.
Мысалы, мен педагог шебермін. Мемлекеттің талабы бойынша «Ыбырай Алтынсарин» атағын алу керек мұғаліммін.
Бірақ алуға ұяламын! Қаншама кітаптың авторы, халықаралық деңгейдегі олимпиада чемпиондарын шығарсам да маған оны алу ерте. Ыбырай Алтынсарин кім? Ол – жоқтан бар жасаған адам. Қазақ даласында мектеп жоқ кезде оқу-құралын шығарды, жоқтан бар құрады. Ал біз бар нәрсені үйлестіре алмай келеміз.
- «Өрлеу» орталығы барлық өңірде бар. Жұмысына көңіліңіз тола ма?
- Біліктілік арттыру бойынша Назарбаев зияткерлік мектебінің жанындағы екі курсқа да көңілім толмайды. Ең өкініштісі, «Өрлеуде» сан қуалау бар, яғни «Өрлеу» орталығына келген мұғалімдердің бәрі сертификат арқалап шығады.
Он бес күннің он күніне қатысып, қалған бес күн үйінде жүріп, сертификат алғысы келетіндер бар. Бұл – сапаны қашыру. Ұстаз мықты, білікті болмаса, онда қоғам ешқашан өрге баспайды.
- Сіздіңше, білім саласындағы үлкен қателік қандай?
- Жүйе жоқ. Өзгеріп кете береді. Кеше ғана Аймағамбетовтың бастаған тірлігін бүгін Бейсембаев жалғастырмайды. Әркім өзінің қолтаңбасын қалдырғысы келетіндіктен болар.
Екінші қателік – немқұрайлық. Қордаланған мәселені уақытында шешпеу десем болады. Бір ғана дүние. Үш ауысымды мектептің мәселесін шешіміз деп әлі жүрміз. Бұл кез келген облыста бар. Ұлытау облысынан басқа, әрине. Онда бар-жоғы 200 мың халық тұрады. Тіпті ауылдарда да үш ауысымды мектеп бар.
Ал әлемнің барлығы бір ауысымды мектеп жүйесін қалыптастырған. Білім саласы дамыған мемлекеттерді айтып жатырмын. Африкамен салыстыру артық. Немесе бізді тек қана ТМД-ның кеңістігінде салыстыруға да қарсымын. Біз есі дұрыс ел боламыз дейміз бе? Онда білім саласы бойынша ондықта тұрған Оңтүстік Корея, Жапония, Сингапур, Қытай, Финляндия, Норвегия, Эстония елдеріне қарап, бой түзейік. Бірақ біз әлі коммунистік идеологияны сүйреп жүрміз. Орындалды ма? Орындалды, қол қойылды, есеп берілді. Мәселе сонымен жабық.
Фото Аятжан Ахметжанұлының парақшасынан
- «Ұлттық мектептің» қарқыны қалай?
- Орташа. Біздікі идея айналасындағы күрес. «Тәуелсіз Қазақстанның баласы қандай болу керек?» деген сұраққа жауап беру үшін осы ұлттық мектепті қолға алдым. Бірақ идеяны толық іске асыру үшін қаржы қолбайлау.
Жеке мектеп болғандықтан мемлекеттен көмек жоқ. Тек оқыған балаға субсидия ала аламыз. Сондықтан бәрін өзіміз жасауға міндеттіміз. Мен миллиардер емеспін. Тіпті миллионер емеспін. Сол себепті барды қанағат етіп, ұмтылыстамыз.
Концепциялық, әдістемелік, идеялық негізі секілді 6-7 тармақтан тұратын ғылыми-зерттеу тұрғысынан мектептерді қалыптастыруға күш салып жүрміз.
- Тәрбиені мектепке ысырған ата-аналар бар. Бұған не дейсіз?
- Қазір тәрбиені кім-кімге ысырмады? Қазақта «Екі түйе соғысса, ортасында шыбын өледі» деген бар. Ұрпақ тәрбиесі бәріне керек емес. Ата-ана мектепке, мектеп қоғамға лақтырады. Неге? Өйткені тәрбие бөлінді. Ол бөлінуге тиіс емес еді.
Содан кейін үйдегі ата-ананың, мектепте ұстаздың қарапайым жүріс-тұрысының өзі балаға тәрбие. Мәселе осы тәрбиені бөліп алған соң туындап тұр. Негізі қазақ баласын үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген ғой. «Ұят болады, жаман болады, обал болады».
«Адам адамнан тәлім алады, ағаш ағаштан мәуе алады» деп те бекер айтпаған. Адамды тәрбиелейтін – орта.
- Күйіп тұрған мәселеге келсек. Қазақстанда орыс тілісіз өмір сүруге бола ма?
- Болғанда қандай! Болады. Бұған өзім дәлелмін. Орыс тілін білмеймін. Мүлдем. Орыс тіліндегі құжатқа қол қоймаймын. Бұл – ұстанымым. Мен үшін елімізде негізгі тіл – қазақ тілі.
Қазақстанның 8 қаласында «QazBilim» орталығы да тек қазақ тілінде жұмыс істейді. Бұл қалаларда 400-ге жуық адам бар. Яғни 400 адам жұмыс істейтін компания қазақ тілін алға қояды.
Өткен жылы химиядан PhD докторлық диссертацияны да қазақ тілінде қорғадым. Орыс тілінсіз ғылымда да, басқасында да жетістікке жетуге болады деп есептеймін.
Иә, тіл білу – мүмкіндік. Бірақ жетістікке жетудің кілті емес. Негізі бес тілді меңгергенмін. Мен сияқты бес тілді білетін, бірақ жетістікке жетпеген адамдарды білемін.
- Сұхбаттасқаныңызға рақмет!