Kyzylorda-news.kz Жалпы білім саласы – мемлекет үшін әлеуметтік һәм стратегиялық маңызы зор сала. Сондықтан бұл салаға жүктелген міндет те ауқымды. Соның айғағы, биыл аймақтың білім саласына бөлінген бюджет қаржысы 308,1 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16,9 пайызға артық. Демек сала бойынша алдағы атқарылатын жұмыстардың да біршама арта түскенін білуге болады. Осы орайда өткен оқу жылында атқарылған жұмыстардың қорытындысы, сондай-ақ алдағы жоспарлары жөнінде облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжановпен әңгімелескен едік.
– Асқарбек Темірбекұлы, облыста орта білім беру саласы бойынша біршама жаңа бастамалар қолға алынғанынан хабардармыз. Соның ішінде, Президент тапсырмасына сай «Жайлы мектептер» салына бастады. Жылдан-жылға оқушы санының көбеюіне байланысты кейбір мектептерге қосымша ғимараттар қажеттігі туындады. Осы мәселелер қаншалықты шешімін тапты?
– Облыстағы 338 мектепте184 924 оқушы білім алуда. Нақтырақ айтсақ, 299 мемлекеттік мектепте 171 315 оқушы, ал 39 жеке мектепте 13 609 оқушы бар. Өңірдегі жүйелі жұмыстардың нәтижесі болар, қазір үш ауысымда оқытатын мектептер жоқ.
Өткен жылы білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры, жергілікті бюджет және жеке инвестор есебінен жалпы құны 31,8 млрд теңгені құрайтын 17 білім беру ұйымының құрылысы жүргізілді. Атап айтқанда 7 мектеп, 5 мектепке қосымша ғимарат, 4 қосымша білім беру және 1 кәсіптік білім беру ұйымы. Оның ішінде Қызылорда қаласында «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қоры арқылы дарынды балаларға арналған 400 орындық физика-математика бағытындағы мектеп-интернат биыл наурыз айында іске қосылады деп күтілуде. Сонымен қатар, Қызылорда қаласындағы шығармашылық академиясы, Шиелі ауданында 200 орындық «Оқушылар үйі» және 50 орындық «Өнер мектебі», қаланың сол жағалауынан іргетасы қаланған музыкалық колледж ғимаратының құрылысы пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, 960 орындық 6 мектеп ғимараты, Қызылорда қаласындағы «Оқушылар сарайы», Жаңақорған ауданындағы «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебінің» құрылысы аяқталды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде, Арал ауданы Тоқабай ауылындағы №248, Шиеліде кенттегі №252 және Жансейіт ауылындағы №133 апатты мектептердің мәселесі шешілді.
Президент тапсырмасына сай «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша аймақта 6900 орындық 10 мектептің құрылысы жоспарланған. Бүгінде алғашқы білім ошақтары пайдалануға берілді. Атап айтқанда, облыс орталығында, Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 900 орындық мектеп, КБИ мөлтек ауданындағы 600 орындық, Жаңақорған ауданы, «Жаңарық» елді мекенінде 300 орындық, Арал қаласында 300 орындық «Жайлы мектеп» іске қосылды. Ал Жаңақорған кентіндегі «Саяжай» шағын ауданындағы 600 орындық мектеп жақын күндері пайдалануға беріледі. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша жоспарда қамтылған 5 мектеп биыл есік ашады.
– Мектептер жыл сайын салынып жатыр. Дегенмен білім ошақтарының бүгінгі заман талабына сай жабдықталуы қаншалықты? Мысалы, қазір бұл саланың жұмысы интернетке тікелей тәуелді. Тіпті жасанды интеллект қызметі дендеп ене бастады.
– Иә, дұрыс айтасыз. Бүгінде мектептің сапалы оқу-әдістемелік ресурстары, цифрлық контенттер және дамыған материалдық-техникалық база – білім беру процесін жетілдірудің маңызды аспектілерінің бірі.
Қазіргі таңда мектептерде жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді оқытатын 865 кабинет болса, өткен жылы 56 осындай жаңа пәндік кабинет сатып алуға 496 млн 871 мың теңге қаржы бөлінді. Бүгінде 60 мектеп СТЕМ кабинеттерімен қамтамасыз етілген.
Аймақ басшысының қолдауымен мектептер 484 интерактивті панель, 14 мектеп led-экрандармен жабдықталды. Оның қатарында бастауыш сынып және ерекше қажеттілігі бар балалар үшін 17 интерактивті логопедтік құрылғылар орнатылды. Сондай-ақ 6 IT мектеп-лицейге жасанды интеллект элементтерін тереңірек меңгерту үшін адам тәрізді роботтар алынды.
Осы орайда айта кетейік, жасанды интеллект (ЖИ) білім берудегі ең перспективалы зерттеу бағыттарының біріне айналды. Айталық, 2024-2025 оқу жылының басындағы дәстүрлі тамыз конференциясында «DigitalKazakhstan: заманауи білім беру» тақырыбында оқу үдерісін цифрландыруға және әлемдік тәжірибені ескере отырып, сабақ беру процесіне жасанды интеллектті енгізу ерекшеліктері айқындалды. Жасанды интеллектті қолдана отырып жасалған цифрлық өнімдердің білім беру көрмесі ұйымдастырылды.
«Білім беруді басқаруға арналған жасанды интеллект эко жүйесін құру» бағытында Қызылорда қалалық білім бөліміне қарасты №136 мектеп-лицейі, №187 ақпараттық технология мектеп-лицейі (IT-мектеп-лицей), №212 мектеп-гимназия, №172, №222 орта мектептер «eData.kz» ЖШС-мен пилоттық жоба негізінде қосылып, «Gemini», «Canvа», т.б цифрлы платформаларды пайдаланып жұмыс жасауда.
Мектептерде жасанды интеллектті қолдану мұғалімдер үшін сабақ жоспарын құрудан бастап, кез келген құжатты өңдеуге дейін жұмысын жеңілдетеді. Атап айтқанда, оқу материалдарын басқару, электрондық тесттер мен бағалаулар, әкімшілік тапсырмаларды басқару, кері байланысты басқару жүйелері, қабылдау процестері автоматтандырылуда. Бұл орайда биыл облыс бойынша алғаш рет «Қызылорда аймақтық бірінші чемпионаты», «РобоБатл», «Роботекгранд сайысы» тақырыбымен робототехника чемпионаты өткізілетін болады. Сондай-ақ робототехника үйірмелеріне қатысушылар арасында «Дрондар фестивалін» ұйымдастыру жоспарда бар.
Бұл жұмыстар ғылыми-техникалық шығармашылықты танымал ету және жастар арасында инженерлік мамандықтардың беделін арттыру, робо-спорт резервін қалыптастыру және дамыту мақсатында іске асырылып отыр.
Мемлекет басшысының алдағы үш жылда 1300 мектепті күрделі жөндеуден өткізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес облыс бойынша 51 мектеп бекітілді. Күрделі жөндеу барысында мектептерді пәндік кабинеттермен қамтамасыз ету, жиһаздарын жаңарту, интернет жылдамдығын арттыру, кітапхана, асхана және спортзалды жаңғырту, қауіпсіздік жүйесімен жабдықтау, ауланы абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады.
– Мектептердің негізгі бағыттары бойынша рейтинг жасалды дейсіз. Онда қандай көрсеткіштер қамтылды? Мақсатты мектеп» дегеннің мәнісі неде?
– Иә, өткен жылы мектептердің негізгі бағыттары бойынша рейтинг жасалды. Онда 275 (4 бастауыш, 16 негізгі) жалпы орта білім беретін мектептер бойынша білім сапасы, ҰБТ қорытындысы, оқушылардың олимпиада, ғылыми жоба, спорттық сайыстардағы нәтижелері, балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың тіркелуі, педагогтердің кәсіби байқаулар мен сайыстардағы жетістіктері сарапталды. Рейтинг қорытындысымен жоғары деңгей – 30, орта деңгей – 129, төмен деңгейде – 116 мектеп қалыптасты. Осының негізінде, әрбір мектеп дамуының нысаналы индикаторлары жасақталды. Бұл ретте педагог кадрлардың кәсіби біліктілігі мен мәртебесін арттыру, мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту және бухгалтерлік есепті жүргізу, жастардың азаматтық белсенділігін арттыру, білім беру менеджментінің сапасын жақсарту, біртұтас тәрбие бағдарламасын жүзеге асыру, білім сапасын бағалау, педагогтерді әдістемелік сүйемелдеу міндеттері бойынша көрсеткіштерді жақсарту шаралары қолға алынуда. Барлық көрсеткіштер бойынша әрбір білім беру ұйымының жыл көлемінде 2-5 пайыздық межеде нәтижелерін ұлғайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Әр мектептің даму бағдарламалары әзірленді. Ауылдық елді мекендерде білім сапасын, ұйымдар арасындағы байланысты арттыру мақсатында аудан орталықтары мен Байқоңыр қаласында 8 білім округі құрылды.
Өткен оқу жылында (2023-2024) Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесімен, мемлекеттік грант конкурсына қатысқан 6252 түлектің 4752-сі немесе 76,1 пайызы мемлекеттік грант иеленді. Айта кетейік, өңірдің білім саласы кейінгі төрт жылда ҰБТ-ның орта балл көрсеткішімен республикада алғашқы үштікте болса, өткен жылы жиырма өңірдің ішінен бірінші орынға шықты. Енді қараңыз, әрбір жетістік сындарлы жолдан өтіп барып келеді. Әрине, бұл аймақ ұстаздарының қажырлы, табанды еңбегінің нәтижесі екенін ерекше атап өткеніміз жөн. Сонымен қатар, республика көлемінде жүзеге асырылып жатқан «943 – елімізде мақсатты мектептер дамыту» жобасына 2024 жылы 71 мектеп, ал 2025 жылы 40 мектеп енгізілген. Осы орайда негізгі пәндер бойынша 2433 педагогтің біліктілік арттыруы жоспарланған.
Өткен жылдың 1 қыркүйегінен бастап облыста «Цифрлық ұстаз» жобасы бастау алды. Жоба әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан шыққан және үлгерімі төмен балаларды негізгі пәндер бойынша білімін толықтыруға мүмкіндік беру мақсатында жүзеге асуда. Жобаға 235 мектептен 2308 бала қатысады. Бүгінде сабақ кестелері жасалып, ерікті түрде сабақ беретін мұғалімдер оқытуда. Бұдан бөлек, «Тірек мектептер» жобасы қолға алынып отыр.
– Өткен жылы ҰБТ нәтижесімен республикада алғашқы орынға шықтық дедіңіз. Одан беріде қандай жетістіктер бар?
– Биылғы жетістіктеріміз де аз емес. Айталық, ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада жаратылыстану-математикалық бағытында көрсеткен үздік нәтижелері үшін командалық есеппен 2024-2025 оқу жылында 71 оқушы қатысып, 39 оқушы жүлделі орыннан көрінді. 10 алтын, 14 күміс, 15 қола медаль иеленді. Олимпиада қорытындысымен Қызылорда облысы жаратылыстану-математикалық бағытта «Ең үздік олимпиадалық команда – 2024» номинациясымен І орынды, қоғамдық-гуманитарлық бағытта ІІІ орынды иеленді. Ал «Ең үздік ауыл мектебі – 2024» номинациясымен Қазалы ауданы Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейі, Жалағаш ауданындағы Әл Фараби атындағы №201 мектеп-лицейі марапатталды. Сондай-ақ мектеп қабырғасында жүріп-ақ, еліміздегі таңдаулы ЖОО-лардың грантын иеленген дарынды оқушыларымыз бар.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастыратын жыл сайынғы «Үздік педагог» республикалық конкурсынан 2024 жылы 6 мұғалім «Үздік педагог» атанып, 1000 АЕК көлемінде арнайы сыйақы иеленді. Бұдан бөлек, жыл соңында облыс әкімдігінің қолдауымен 3 «Үздік педагогке» облыстық бюджет есебінен әрқайсысына 1,1 млн теңге көлемінде бір реттік сыйақы берілді. Айта кетейік, аймақтағы орта білім беру ұйымдарындағы жалпы педагогтер саны – 23315 болса, оның ішінде жоғары білімді – 22484, техникалық және кәсіптік білімі бар 686 педагог. Жаңа форматтағы біліктілік санатын алған педагогтер саны – 19 386, яғни ұстаздардың 70 пайыздан астамын құрайды. Өткен оқу жылында 30 педагог-шебер болса, биыл педагог-шеберлердің саны 44-ке жетті.
Тәрбие және қосымша білім беру мен балаларды әлеуметтік қорғау бағытындағы атқарылған жұмыстар да өз нәтижесін беріп, әрбір сайыстарда облыс командасы үздіктер қатарынан көрініп келеді. Тағы бір нәтижелі жұмысты айта кетейік, биыл білім беру ұйымдарының есебіне 7896 мүмкіндігі шектеулі бала алынған, бүгінгі күні психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған балалар үлесі 90,5 пайызды құрады. Сонымен қатар, инклюзивтік білім алуға жағдай жасаған мектепке дейінгі ұйымдардың үлесі 92 пайыз, жалпы орта білім беретін мектептердің үлесі 97 пайыз, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 94 пайыз. Облыстағы 298 мектептің 174-де инклюзивтік қолдау кабинеттері, 8 мектепте ресурстық орталықтар бар.
– Мемлекет басшысы биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Осы бағыттағы жоспарларыңызды білсек…
– Өңірімізде 28 колледж бар. Оның 17-сі мемлекеттік, 11-і жекеменшік. Оның ішінде 97 мамандық 158 біліктілік бойынша 20 341 студент білім алуда. 2024-2025 оқу жылында 4608 орынға мемлекеттік тапсырыс бойынша талапкерлер оқуға қабылданды. Жұмыс беруші кәсіпорындардың сұранысымен 356 орын мақсатты мемлекеттік тапсырыс бойынша кадрлар даярлау жүзеге асырылды. Ал 2025 жылы осы тапсырыс аясында 400 талапкерді қабылдау жоспарланып отыр.
Қазіргі заман талабына сай техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында кадрлар даярланатын мамандықтарға профилизациялау жұмыстары жүргізіліп, бірнеше колледждерде қатар даярланатын мамандықтар, атап айтқанда 9 колледждің 38 мамандығы бойынша 52 біліктілік лицензия қосымшалары кері қайтарылды. Ал 2025 жылы 8 колледж бойынша 21 мамандықтың 31 біліктілігі нақтыланды, лицензия қосымшалары кері қайтарылатын болады. Осы бағытта оқу орындарының халықаралық салалық білім беру стандарттары бойынша бітірушілерді сертификаттау, жұмысқа орналастыру көрсеткішін арттыру шаралары жүргізілуде.
Білімді, білікті кадрлардың сапасы қалай қалыптасады? Өзіңіз білесіз, бұл бітіруші түлектердің жұмысқа орналасу нәтижесіне тікелей байланысты. Міне, сондықтан колледждерге енгізілген дуальды оқыту жүйесінің негізгі мақсаты бітірушілерді кәсіпорындар мен мекемелерге тұрақты жұмысқа орналастыру. Қазіргі таңда, облыста 21 колледжде 241 кәсіпорын, мекемелермен үш жақты келісім-шарт негізінде 3560 студент дуальды оқыту жүйесінде білім алуда. Өткен жылы колледждерде 5895 студент білім алып, оның ішінде 3916-сы мемлекеттік тапсырыспен оқуын аяқтады. Олардың 4270-сі жұмысқа орналасып, көрсеткіш 72 пайызды құрады.
Халықаралық талаптарға сәйкес шетелдік оқу орындары, ірі кәсіпорындармен екі жақты әріптестік байланыс орнату, жаңа технологияларды пайдалана отырып кадрлар даярлау жүзеге асырылуда. Осы бағытта өткен жылы М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі Германия мемлекетінің Лейпциг университетімен педагогика, психология саласы бойынша, Мәскеу Психоанализ университетімен «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» мамандығы, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлы-техникалық жоғары колледжі Американың және Германияның білім беру ұйымдарымен «Электрмен қамтамасыз ету» мамандығы бойынша ынтымақтастық орнатқан. Ал И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлы-техникалық жоғары колледжі Атырау облысындағы «OPEG» тренингтік орталығының жетекшілігімен халықаралық аккредитациядан сәтті өтіп, сертификат иеленді. Бұл өз кезегінде колледжге халықаралық стандарттарға сәйкес энергетика саласы бойынша білікті кадрлар даярлауға мүмкіндік беріп отыр.
Студенттерді әлеуметтік қолдау мақсатында 2024 жылдың 1- қыркүйегінен бастап колледждерде білім алушы студенттердің шәкіртақысы 50 пайызға артты. Сонымен қатар, жатақханамен қамтамасыз ету сұранысы толық шешілген.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылы 9- сыныпты бітірушілердің жұмысшы және орта буын мамандықтары бойынша білім алуға ниетті жастарды 100 пайыз тегін кәсіптік біліммен қамту жоспарланған болатын. Осыған орай республикалық бюджеттен 2200 орынға, жергілікті бюджеттен 3108 орынға мемлекеттік тапсырыс бөлініп отыр. 2025 – «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай аймақтың еңбек нарығына қажетті, сұранысқа ие мамандықтардың ұзақ мерзімді болжамын анықтау үшін «Мамандықтар атласы» әзірленеді.
Тағы бір жаңалық, биыл мемлекеттік колледждерді ірі кәсіпкерлерге сенімгерлік басқаруға беру жұмыстары қолға алынуда. Атап айтқанда, Арал, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария колледждерін сенімгерлік басқаруға беру туралы облыстық экономика және қаржы басқармасына ұсыныс енгізілді. Сонымен қатар, М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжін «Қызылордатехникалық – IT жоғары колледжі», ал, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлы-техникалық жоғары колледжін «Қызылорда политехникалық жоғары колледжі» ретінде қайта өзгерту жоспарланып отыр.
М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлы-техникалық жоғары колледжі және «Орда» жоғары колледжі шетелдің жоғары оқу орындарымен, колледждерімен халықаралық байланыс орнатып, кадрлар даярлауды жүзеге асырады. Сонымен қатар, 15 мемлекеттік колледждер ірі жұмыс беруші кәсіпорындар мен мекемелерге шефтік қамқорлыққа беріліп, келісім-шарт негізінде жұмыс жасайды деп жоспарланып отыр.
Осы оқу жылында Абылай хан атындағы жоғары колледж базасында «Тігін ісі» мамандығы бойынша шағын кәсіпорын, Арал индустриалды-техникалық колледжі мен С.Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжі базасында «Құзыреттілік орталығы» ашылады. Сондай-ақ И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлы-техникалық жоғары колледжі мен М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжі базасында студенттер үшін «Бизнес-стартап» жобасы жүзеге асырылады. Биыл техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алушылар саны 700 орынға артады. Сондай-ақ колледждерді үздік бітіруші 200 студентке тұрақты жұмысқа орналасуы үшін жолдама беріледі.
Сұхбаттасқан Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
Фото: автордан