Kyzylorda-news.kz. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Әлемді ғылым құтқарады-2024» атты ғылым айлығына орай ғалым-ұстаз, техника ғылымдарының кандидаты Бақытбек Құлтанов атындағы дәрісхана ашылды. Ашылу салтанатына университет басшылығы, достары, шәкірттері мен ұрпақтары қатысты.

Ғалым Бақытбек Құлтанов биыл 75 жылдық белесті бағындырды. Саналы ғұмырын сәулет және құрылыс өнеріне, шәкірт тәрбиесіне арнаған азамат. Ардақты ұстаз еңбек жолын қарапайым құрылысшы ретінде бастаған. Мәртебелі маман кейін учаске бастығы болып, одан соң оқу-ағарту саласына келеді. 1986 жылы «Құрылыс механикасы» мамандығы бойынша техника ғылымдарының кандидаты атағын қорғап шықты. Содан бері Сыр өңірінде құрылысшы кадрларды даярлап келеді. Ұлағатты ұстаздың еселі еңбегі еленіп, ғылым күнінде оқу ордасында арнайы дәрісхана ашылды.

Бүгінде зейнет жасында болса да әлі күнге дейін жастарға жол көрсетуден жалыққан емес. «Негізі біз өндіріске адам дайындап жатырмыз. Бірақ, ғылымға қоса дайындаймыз. Себебі ғылым дамымаса, өндіріс те дамымайды. Сондықтан мен сол саламен де айналысамын. Балаларды есеп шығаруға, ғылыммен айналысуға баулимын. Оны өндіріске қалай пайдалануға болады оны үнемі балаларға айтып отырмаймын, оны көрсетемін» дейді мерейтой иесі.

Мерейтой аясында университетте Ғылыми кеңестің кезектен тыс мәжіліс өтті. Онда Бақытбек Құлтановтың азаматтық келбеті жайында пайымды пікірлер айтылды. Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Дана Мейрамқызы облыс әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлының Құрмет Грамотасын және университеттің Басқарма Төрағасы-Ректор Бейбіткүл Сәрсемханқызының құттықтауын жеткізіп, Бақытбек Құлтанұлы мен жұбайы Балымкүл Адамбаеваға шапан жауып, Құрмет Грамотасын табыс етті.

Профессор Серікбай Өмірзақов, Қ.Сәтбаев атындағы политехникалық институт ректорының құттықтауын жеткізді. Бірге оқыған достары Шахизада Ибраимов, Мәлік Алпысбаев ақ тілектерін арнады. «Болашақ» университетінің кафедра меңгерушісі Камал Байтасов, “Экономика және құқық” институтының директоры Гүлшат Дүзелбаева, “Инженерлі-технологиялық” институтының директоры БахытбекАбжалелов және шәкірттері атынан Дина Жапахова жылы лебіздерін білдірді.

Досы, жазушы Айыпберген Балтабайұлы: «Бұл университеттің болашағы өте үлкен. Өте құрметке ие оқу орны деп есептейміз. Сондықтан осы жерден шыққан азаматтар берік те, мықты, әділетті Қазақстан орнататынына сенімдіміз» деп пікір білдірді.

Жиын соңында университет басшылығы демеушілер есебінен 18-ші дәрісхана ашуға қолдау білдірген ғалымның ұлы Нұрбек Бақытбекұлына «Қорқыт Ата атындағы Алтын медаль» төсбелгісі табыстады.

Тағы да оқыңыз: