Kyzylorda-news.kz  Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ақын Әбдікәрім Ахметовтың туғанына 100 жыл толуына орай «Толқындағы өмір» атты жыр кеші ұйымдастырылды. 

1924 жылы 15 маусымда Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының Көктөбе деген ауылында туған.  Орта мектептен кейін Жосалы темір жол зауытында темір ұстасының балғашысы, аудандық қаржы бөлімінде  есепшікассир болып қызмет істейді. Лепсі педагогикалық училищесін бітірген. Алматыдағы Жоғары партия  мектебінде оқыған. Ұзақ жылдар (1943–1950) әскер қатарында қызмет еткен ол, әуелі қатардағы жауынгер, кіші  командир болды. 1946 жылы Харьковтың әскери медициналық училищесін бітірген соң, Германиядағы кеңестік  қарулы күштер сапында, шекара округінде офицерлік қызмет атқарады. 

1951-1956 жж. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде әдеби қызметкер, «Социалистік Қазақстан»  (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде жауапты хатшының орынбасары, Қазақ мемлекет көркем әдебиет  баспасында редактор, 1959-1963 ж. Қазақстан Жазушылар одағының Семей облысаралық бөлімшесінде хатшы,  1963-1966 жж. Қазақстан телевизиясында, Қазақстан Жазушылар одағында, 1966-1971 жж. ҚР Баспасөз  жөніндегі мемлекеттік комитетінде, 1971-1982 жж. «Жазушы» баспасында қызметтер атқарған.  

Ардагер есімі ардақталды 1.jpg

Алғашқы жинағы «Өлеңдер» деген атпен 1953 ж. жарық көрген. Ә.Ахметовтың философиялық терең ойға, нәзік сезімдерге толы «Халықбек» (1954), «Екінші дәптер» (1955), «Нан туралы сөз» (1955), «Өшпеген жалын» (1959), «Толқындағы өмір» (1962), «Ашық аспан» (1971), «Жапырақ жауған шақ» (1979), «Кеш жарық» (1981), «Көзайым» (1982), «Зейнет» (1984), т.б. өлеңдері мен поэмалары баспадан шыққан. Бірқатар шығармалары орыс тіліне аударылған. 

А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, А.Т.Твардовский, С.Я.Маршак, Э.Межелайтис, Г.Зелинский, В.Федоров, Л.Украинка, т.б. ақындардың шығармаларын қазақ тіліне   аударған.  1973 жылы   қарақалпақ әдебиетінің    классигі   Бердақ   ақынның   таңдамалы   толғаулары   мен   дастанын  қысқаша  жырлап,   жеке кітап етіп шығарды.

Бірнеше жауынгерлік әскери медальдармен марапатталған, «Баспа озаты» деген құрметті атақ берілген. 1983 жылы 14 желтоқсанда Алматы қаласында қайтыс болды.

Ақынның жыр жолдарынан кітапхана оқырмандары үзінділер оқып, кешке жиналған қонақтар өз естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ оқырман назарына «Өшпеген жалын» атты кітап көрмесі ұсынылды.

 

Қорлан САРЫ
Фото: aqmeshit-zhastary.kz

Тағы да оқыңыз: