Kyzylorda-news.kz. «Бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі ел болашағы» - демекші, бүгінде елімізде бала болашағы үшін түрлі жұмыстар атқарылып, біршама мүмкіндіктер қарастырылған. Соның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын балаларға көптеп көңіл бөлінетіні анық.

Нақтырақ айтар болсақ, биыл елімізде халықтың әлеуметтік  осал топтарына жататын 400 мыңнан астам бала мектеп формасы мен оқу құралдармен қамтамасыз етіледі екен. Министрліктің хабарлауынша,  бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде жүзеге асырылуда.

Жалпы әрбір оқушыға киім-кешек пен кеңсе тауарын сатып алу үшін 40 567 теңгені құрайтын қаражат бөлінген. Бұл қаражат ата-аналардың карточкалық шоттарына аударылады.

–Бұл қаражат ата-аналарға балаларымен бірге мектеп формасын, аяқ киім, кеңсе тауарларын өз бетінше таңдап алуы үшін беріледі. Қабылданған шешім ата-аналар мен балалардың жеткізушілерді өз бетінше таңдауына мүмкіндік береді және сапасыз тауарларды ұсынуды болдырмайды,– деді Бала құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан.

Сонымен бірге аз қамтылған отбасыларға материалдық көмек көрсету және балаларды 100% оқумен қамтамасыз ету үшін Жалпыға бірдей міндетті орта білім беру қоры жұмыс істеп келеді. "Всеобуч" қорының қолдауы аясында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы балаларына және де жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі отбасы балаларына материалдық көмек көрсетіледі екен.

Жаңа оқу жылы қарсаңында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ апатты жағдайға душар болған мектеп оқушыларына материалдық көмек көрсетілмек. Оның ішінде Абай ауданындағы орман өртімен күресте қаза тапқан азаматтардың балалары да бар.

–Биылғы оқу жылы қарсаңында міндетті оқу қоры есебінен  мектепке қажетті оқу формасы, сөмке оқу құралдарын алуға көмекке мұқтаж отбасынан 4829 бала есепке алынды. Аталған қор есебінен бір реттік көмекпен қамтамасыз ету үшін бір балаға бөлінген қаржы мөлшері 40 567 теңге. Қазіргі таңда білім беру мекемелерінде ата-аналардан (заңды өкілдерінен) өтініштер қабылданып, міндетті оқу қорынан қаржылай көмек көрсету туралы комиссия отырысы өткізіліп, қорытынды шешім шығарылып, көмек алатын оқушылардың ата-аналарының есеп-шоттарына қаржының аударылуы жүзеге асырылуда. Сонымен бірге "Мектепке жол" акциясы аясында демеушілер тарапынан аз қамтылған отбасы балаларына көмек көрсету жұмыстары жүргізілуде,– дейді Арал ауданы бойынша білім бөлімінің Бас маманы  Ғалия Сейітова.

 

 

Тағы да оқыңыз: