Kyzylorda-news.kz. Біз білім ордасының есігінен енгеніміз сол еді, оқушыларды марапаттау рәсімі де басталып жатыр екен. Айнала қоршалып тұрған оқушылардың ортасында облыстық олимпиададан жүлделі орын алып келген үздіктерді ұстаздар марапаттап жатыр. Соңында салада Жалағаш ауданының абыройын асқақтатып, аймақ намысын қорғап жүрген үздік оқушылармен сұхбаттасудың сәті түсті.  Солардың бірі – Алина Цой. Ол – өзі кәріс ұлтынан болса да қазақ тілі мен әдебиетінен жарыстарға қатысып, топ жарып жүрген қазақ тілінің кішкентай жанашыры. 

– Біз басқа қалаларға жарысқа барғанда сөйлеу мәнерімізге қарап өзге ұлт өкілі деп айтпайды. Себебі расымен басқа қалалардағы өзге ұлт өкілдеріне қарағанда біз қазақша таза сөйлей аламыз. Бұл әрине тек қазақ тілі пәнінде емес, отбасымызда қазақша сөйлеп, достарымызбен қазақша араласатынымыздың  арқасында. Жетекшім әр сабаққа тапсырма берерде міндетті түрде мақал-мәтел жазуды қоса береді. Сондай-ақ түрлі тақырыптағы эссе, шығарма жазу кезінде де мақал-мәтелдерді орнымен қолдандырады. Соның арқасында әр ізденісімде қазақ тілінің расында ерекше стильді өте көркем тіл екенін ұғына түсемін, – дейді кейіпкеріміз.

Расымен Алинаның сөйлеуінен «таза қазақ қой» деп қаларсың. Өзге ұлт болса да жүрегіндегі Қазақстанға деген патриоттық сезімі тулаған. Оны «Тіл – тәуелсіздік тұғыры»,  «Шуақты мекен – Қазақстан», «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстаным» атты республикалық байқаулардағы І дәрежелі дипломдарынан байқауға болады. 

Сондай-ақ кейіпкеріміз уақытын тиімді пайдаланатын әмбебап оқушылардың бірі екен. Олай дейтініміз бос уақыты бола қалса, сурет салумен, ән айтып, қолөнермен де айналысады. Бисермен, жіппен кесте тоқып, қазақы дәстүрлі қолөнерден де ада емес екенін көрсетті. Болашақта атақты дизайнер болғысы келетіні де осындай қызығушылықтан болар. Қазір мектеп кезден тәжірибе жинақтап, түрлі заттардан ойыншық жасап, мүсін жасаумен де айналысып жүр. Оның айтуынша,  болашақта дизайн жасау маманы болғанда бұл жинаған тәжірибелерінің рөлі күшті болмақ.

Жетекшісі Гүлсайран Кенжеқазықызы Алинаның қазақ тілге деген қызығушылығы мен қабілетінің арқасында 9 сыныптан бері түрлі жарыстарға қатысып жүргенін айтады.  Қазіргі кезде әрбір оқушының қабілеті көз ілеспес жылдамдықпен дамуда. Мектептегі жаңа бағдарламалар күн сайын емес, ай сайын жаңаруда. Білімді бәрінен де биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді. Білім алуда Гүлсайран апай айтпақшы, әр адамның бойындағы қабілеті маңызды. Себебі оқушының білім сапасы мен деңгейін анықтап, салыстырмалы  мониторингтер жасауға көмектеседі.

– Шәкірттерімнің әрқайсысы – мен үшін шоқтығы биік жұлдыз. Олардың талабы мен талантын ұштап, шыңға шығаруды басты мақсатым деп білемін. Мысалы, Алина мектептегі іс-шараларға белсене қатысады. Мектепішілік әдеби-мәдени шаралардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысып жүр. Болашақта шәкіртімнің биік белесті бағындырып, жақсы жетістіктерге жететініне сенемін, – дейді жетекшісі Гүлсайран Кенжеқазықызы.

Айта кетейік, Алина өлең оқуға да, ән айтуға да қабілетті. Мәселен, «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстаным» атты оқушылар арасында мәнерлеп оқу байқауына қатысып, І дәрежелі дипломмен марапатталған. Кішкентайынан үлкен сахналарда ән айтып, жүлделі орындар да иеленген. Алинаның мектеп қабырғасында жүріп жеткен жетістігі көп. Болашақта армандаған мамандығын меңгеріп, елдің ертеңіне еңбек ететініне сенеміз.

Тағы да оқыңыз: