Kyzylorda-news.kz. Өткен жылу беру маусымында тұрмысы төмен және аз қамтылған 1843 отбасыға көмірқышқыл газын анықтайтын арнайы датчик орнатылған. Ал биылғы жылу беру маусымы қарсаңында 1657 отбасыға датчик орнату жоспарланып отыр.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Асхат Оразбеков мәлімдеді.
«Жылу беру маусымы кезінде қатты отынмен жылытылатын тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздік талаптарының сақталмауы салдарынан өрт оқиғалары және көмірқышқыл газынан улану фактілері жиі орын алады. Осыған байланысты жылу маусымына дайындық жұмыстары барысында облыстағы 7 589 тұрғын үй секторы араланып, 25 192 тұрғынға өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндірілді», — деді Асхат Оразбеков.
Жылу беру маусымы кезінде пештердің қауіпсіз болуы үшін мұржаларын ай сайын тұрақты түрде тазалап, жанына жанғыш заттарды қоюға болмайды.
Айта кетейік, қазіргі таңда облыстағы коммуналдық кәсіпорындардың жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Сондай-ақ, «Қызылордажылу электрорталығы» МКК бойынша барлық жоспарланған жөндеу жұмыстары орындалған. Станцияның негізгі қондырғылары және Оңтүстік, Қазалы Теміржол жылу қазандықтары қысқа дайын.
![](https://kyzylorda-news.kz/wp-content/uploads/2022/09/307356091_1619168605145312_3399989618910392737_n.jpg)