Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облысында жауынгерлік қызметін орындау кезінде адалдық танытып, жеке құрамды ұйымшылдықпен басқарып, қылмыскерлерді ұстау барысында қырағылық көрсеткен № 5547 әскери бөлімінің жасақ командирі, майор Мұхит Аманбаевқа ҚР Президенті Жарлығына сәйкес ІІ дәрежелі «Айбын» ордені табысталды.
Салтанатты шара Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық музыкалық-драма театрында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен өтті.
Шарада аймақ басшысы жас сарбазға құрмет көрсетіп, жанқиярлық көрсеткені үшін аймақ жұртының атынан ілтипатын білдірді. Сондай-ақ батырдың ерлігін көпке үлгі етіп, марапаттың мән-мағынасына тоқталды.
«Бұл – жауынгерлік әзірлікте, әскерлерді жоғары жауынгерлік даярлықта ұстауда, әскери және қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы, сондай-ақ, мемлекет мүддесін қорғау кезінде жасаған ерлігі үшін берілетін марапат», – деді аймақ басшысы.
Шара барысында аймақ басшысы батыр Мұхит Аманбаевтың әкесі Қайрат Төлебекұлы мен анасы Бақытгүл Әкімбайқызына сый көрсетіп, ел үшін жанын пида етуге әзір отаншыл, патриот азаматты тәрбиелеп өсіргендері үшін алғыс айтты.