Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келген Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов Арал ауданы, Аманөткел ауылдық округі тұсындағы «Қамыстыбас» және «Ақшатау» көлдер жүйесін суландырудың жай-күйін таныстырды.
Аталған көлдер жүйесінің аумағы – 40459 гектар, оның ішінде «Қамыстыбас» көлдер жүйесінің аумағы – 28029 гектар, «Ақшатау» көлдер жүйесінің аумағы – 12430 гектар.
Еске салсақ, Арал ауданындағы 2021 жылғы қуаңшылыққа байланысты Сырдария өзенінің «Бұрмақұлақ» арнасы бөгеліп, «Аспай» ескі ағытқысы қалпына келтірілді. Осылайша көлдер жүйесі суландырылды.
«Арал ауданындағы «Қамыстыбас» және «Ақшатау» көлдер жүйелерін суландыру үшін «Аманөткел» ауылының тұсына су торабын салу» жобасының техника-экономикалық негіздемесі әзірленіп, биыл «Мемсараптама» РМК-ға қарауға ұсынылған болатын. Жоба құны – 35 млрд.теңге. Республикалық бюджеттен жоба-сметалық құжат әзірлеу ұсынылды.
Нұржан Нұржігітов «Қамыстыбас» пансионатында Арал ауданының тұрғындарымен кездесті. Кездесуде су шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер талқыланды.
Биыл вегетация кезеңінде «Шардара» су қоймасына 3,7 млрд текше метр су түсуі болжанған еді. Осы жылдың 10 шілдесіндегі мәліметтерге қарағанда, нақты 3,8 млрд текше метр су түсіп, болжам 144 пайызға орындалды.
Бүгінде «Шардараға» жоғарыдан секундына 204,7 текше метр су келіп, қоймадағы су көлемі 3 млрд текше метр болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 752 млн текше метрге артық.
Облыс шекарасына өткен жылмен салыстырғанда 289 млн текше метр артық су түсті. Алқаптар вегетация кезеңінде сумен жеткілікті көлемде қамтылды. Өзен арқылы түскен артық су Арал теңізіне жіберілуде. Өткен жылы осы уақытта теңізге секундына 6 текше метр су жіберілсе, бүгінде 65-75 текше метр су баруда. Жыл басынан бері 1,3 млрд текше метр су құйылған.
Әрі қарай министр «Әйтек» су торабы арқылы Солтүстік Аралға баратын су көлемін бақылап, Сырдария, Жалағаш аудандарының су пайдаланушыларымен кездеседі.
Фото: Облыс әкімдігі