Kyzylorda-news.kz. Бүгінгі күні жұмысшы кадрлар даярлауға басымдық берілуде. Студенттің сапалы білім алуы, технологияны терең меңгеріп, осы арқылы кәсіби маман болып қалыптасуы – басты талап. Мұның анық дәлелі, мемлекеттік тапсырыс санының ұлғаюы. Гранттардың артуы талапкерлер үшін үлкен мүмкіндік.
Қармақшы аграрлы-техникалық колледжі ауыл шаруашылық, құрылыс, техникалық қызмет көрсету және жеңіл өнеркәсіп салалары бойынша 7 мамандық, 8 біліктілік негізінде жұмысшы мамандар даярлайды.
Жалпы, сапалы әрі кәсіби біліктілігі жоғары кадрлар даярлау – білім ордасының басты приоритеті. Колледжде 2021-2022 оқу жылында
189 студент білім алса, биыл оның 61-і бітіріп, өмірге жолдама алды.
Жыл өткен сайын оқу орынның әріптестік аясы кеңейіп келеді. Бұл ретте, колледж өткен оқу жылында 16 мекемемен келісім-шартқа отырып, білім алушылардың өндірістік тәжірибеден өтуіне мүмкіндік жасады.
Студенттер «Жас маман» жобасының игілігін көруде. Колледж былтыр «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығы бойынша соңғы үлгідегі тігін машиналарын алды. «Құрал-жабдықтар кәсіби деңгейіміздің артуына, тігінді үйренуімізге зор септігін тигізді»,-дейді студенттер.
Айта кетейік, оқу орнында 150 орындық жатақхана, 150 орынға арналған акт зал және спортзал бар. Байқасаңыз, мұнда студенттің білім алуына барлық жағдай жасалған.