Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Отырыста 2021 жылғы өрт қауіпті кезеңге дайындық шаралары және жазғы кезеңде облыстың су айдындарында қауіпсіздік туралы екі мәселе қаралды. Алғашқы мәселе бойынша сөз алған облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Руслан Қайрақбаев аймақтағы өрт сөндіру мекемелерінің жай-күйі туралы баяндады.
“Облыстық табиғатты пайдалану және табиғат ресурстарын реттеу басқармасына қарасты 8 мемлекеттік мекеме бар. Қалалық және аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелер 54 өрт сөндіруші, 9 өрт сөндіру автокөлігі, 26 дана өрт сөндіру тіркемесі, 14 дана мотопомпасы және 77 дана радиостанциямен қамтылған. Сонымен қатар 370 дана ұрғыш, 72 дана балта, 222 дана күрек, 16 дана бензопила, 45 дана арқаға салып жүретін өрт сөндіргіші алынған. Мекеменің өрт-техникалық жабдықталуы 30%-ды құрайды. Аймақтағы орман шаруашылығы мекемелеріне өрттерді дер кезінде жою және анықтау үшін өрт мұнарасы және басқа да құралдар жеткіліксіз. Бірқатар ауданда өрт сөндіру техникаларын жаңарту қажет”, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Руслан Қайрақбаев.

