Kyzylorda-news.kz. Қаңтар айынан бастап іске қосылған «Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі» арқылы 30 қызылордалық өтініш білдірді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыс бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ерқасым Сүлейменов мәлімдеді.
Бұрын тұтынушылар өтініш немесе шағымын мекемеге барып жазатын. Енді ұялы телефонмен ақпараттық жүйеге кіріп өтініш жазу мүмкіндігі бар. Жауабында смартфон арқылы ала алады.
«Шыны керек, бұл жүйе біздің тұтынушымен байланысымызды арттыра түсті. Біз департаментке түскен әрбір өтінішті жіті қарап, заңға сәйкес жауап берудеміз. Тұтынушы шағым түсірген мекеме тексеруді қажет етпеген жағдайда 15 күн ішінде, ал мекемені барып тексеретін болсақ, 30 күн ішінде жауап береміз», – деді облыс бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ерқасым Сүлейменов.
Өткен жылы жазбаша және телеграм бот арқылы департаментке тұтынушылар құқықтарының бұзылуы туралы 209 өтініш түскен. Оның 117-сі бөлшек саудаға, 40-ы жолаушылар тасымалдау, 19-ы тұрғын үй коммуналдық шаруашылық қызметтері саласына байланысты болса, басқа салалар бойынша – 33 өтініш түскен.
