Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мен қала әкімі Ғанибек Қазантаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерейтойы қарсаңында Қызылорда қаласының сол жағалауындағы 680 пәтерлік 14 тұрғын үйдің кілтін табыстады.
Жаңа пәтер иелері кезекте тұрған әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылар.
Аймақ басшысы тұрғындарды қоныс тойымен құттықтап, Тәуелсіздіктің 30 жыл ішінде Сыр өңіріндегі тұрғын үй салу қарқыны жоғары екенін тілге тиек етті.
“Баршаңызды алдымен еліміздің ең басты ұлық мерекесі – қасиетті Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Бүгінгі қол жеткізген жетістіктеріміздің барлығы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көрегенділігі мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сындарлы саясатының салтанатты жемісі.Құрылысы қарқынды Қызылордамызда бүгін тағы бір жаңа тұрғын үйді пайдалануға беріп, пәтер иелерінің қуанышын бөлісіп отырмыз. Үйлеріңіз сәбидің күміс күлкісіне бөленіп, шаңырақтарыңыздың түтіні түзу шықсын”, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Сонымен қатар, облыс әкімі мердігер мекемелердің тұрғын үйлерді уақытылы және сапалы салып, тұрғындарға табыстағанын атап өтіп, ризашылығын білдірді.
Салтанатты шарады көпбалалы ана Нұргүл Ермаханова қоныстанушылар атынан көрсетілген мүмкіндікке алғысын жеткізді.
Еске салайық, Қызылорда облысында 30 жыл ішінде 8 млн. шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл 2 408 пәтерлік 110 тұрғын үй құрылысы жүруде, оның ішінде Байқоңыр қаласында 250 пәтерлік 5 тұрғын үй бар. Жыл аяғына дейін 1 608 пәтерлік 94 тұрғын үй пайдалануға беріледі депжоспарлануда.



