Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменованың төрағалығымен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өткізілді.

Комиссия отырысына Қызылорда облысы прокурорының аға көмекшісі Ә. Есқараев, Көліктегі полиция департаменті, Қызылорда станциясы желілік полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Б.Жұмаділда, комиссия мүшелері мен қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердаулетов кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссия отырысы хаттамалық тапсырмаларының орындалуы жөнінде баяндама жасады. Сонымен қатар Бағдат Камбозұлы облыстық прокуратураның ұсыныстарын қарау туралы мәселелерге де тоқталды.

Одан соң комиссия отырысында талқыланған мәселе балалардың жол-көлігі жарақатынан алдын алу жөнінде қабылданған шаралар мен кәмелетке толмағандарды жол қауіпсіздігі ережелерін сақтауға қалыптастыру болды. Бұл туралы Қызылорда облысының полиция департаменті, Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Б.Молдабеков баяндама жасап, кәмелетке толмағандардың өздерімен бірге суық қаруға ұқсас заттарды алып жүруіне бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті. Мұнан соң, Арал ауданы әкімінің орынбасары Б.Жұмағұлов аудандық комиссиямен ауданда атқарылып жатқан жұмыс туралы есеп берді.

Комиссия отырысында қаралған мәселелер бойынша комиссия төрағасы Балжан Мөрәліқызы жауапты мемлекеттік мекемелер мен құзырлы орган басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, мамыр айында өтетін келесі отырысына дейін мәселелер шешілу қажеттігін айтты.

Тағы да оқыңыз: