*Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұртай Қайрат Ырзақұлұлы Қазақстан экологиялық ұйымдар ассоциациясының және «GIZ» жобасының өкілдерімен кездесу өткізіп, Германия Федеративтік Республикасының қолдауымен жүзеге асып жатқан «Экологиялық бағдарланған Арал өңірінің аймақтық дамуы» жобасын іске асырудың мүмкіндіктері мен басымды бағыттарын талқылады.*
Кездесу барысында «GIZ» жобасының ұлттық сарапшысы Қайрат Егежанов аталған жобаның мүмкіндіктері мен жоспарлары туралы және елімізде стратегиялық экологиялық бағалау жүргізудің тәртібі мен негіздері бойынша кеңінен таныстырып өтсе, «GIZ» жобасының Халықаралық сарапшысы Шуман Йоханнес елімізде стратегиялық экологиялық бағалау жүргізу бойынша жоспарланған пилоттық жобаның алдағы жоспарларымен бөлісті.
Сондай-ақ, кездесу барысында Қазақстан экологиялық ұйымдар ассоциациясының Басқарма Төрайымы Айгүл Соловьева стретегиялық экологиялық бағалау жұмысына Қазақстан экологиялық ұйымдары ассоциациясының қатысуы туралы кеңінен баяндады.
Кездесу қорытындысымен облыс әкімінің орынбасары Нұртай Қайрат Ырзақұлұлы пилоттық жоба аясында жүргізілетін экологиялық сауықтыру шараларының және стратегиялық бағалау жүргізудің маңыздылығына кеңінен тоқталып, тараптармен пилоттық негізде облыстың стратегиялық даму жоспарлары мен бағдарламаларына стратегиялық экологиялық бағалау жүргізу туралы келісілді.