Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласы мен аудандардың маңайында 11 қоқыс қалдықтарын тастайтын заңсыз орналасқан аймақ анықталып, белгіленбеген жердегі қоқыс алаңдарын жою, тазарту мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Оспанов мәлімдеді.
“Бүгінде қалдықтарды тазарту жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде «Геопортал жүйесіне» заңсыз қалдықтардың орындары тазарғандығы жөнінде мәліметтер енгізілді. Бұдан бөлек, жергілікті тұрғындарға қоршаған ортаны қорғау және ластамау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, елді мекендердің айналасындағы қоқыс үйінділерін анықтау, оларды жою мақсатында басқарма қызметкерлерінің қатысуымен жұмысшы топ құрылып, арнайы мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Жалағаш, Сырдария және Шиелі аудандарына арнайы мониторинг жүргізілді. Жұмыс барысында жоғарыда аталған аудандардың аумақтарында 17 заңсыз қоқыс үйінділері анықталып, бұл бойынша аудан әкімдіктеріне тиісті тапсырмалар беріліп, нәтижесінде анықталған заңсыз қоқыс алаңдарын тазалау жұмыстары жүргізілді”, – деді Бауыржан Әліпбайұлы.
Сонымен қатар, облыс бойынша кіші көлдермен су айдындарын тұрмыстық және басқада қалдықтардан тазарту жұмыстары ұйымдастырылып, оған 46 техника жұмылдырылып, оның ішінде 39-і құрлық техникалары және 7 шағын су кемелері тартылды. Нәтижесінде 80 тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдық және жарамсыз қоқыс жинақталып, арнайы полигонға жеткізілді.