Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен актив отырысы өтті.

Жиында аймақ басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Рустам Ақмырзаев пен жер ресурстарын басқару комитетінің Қызылорда облысы департаментінің басшысы Қайрат Тоғызбаевты жаңа қызметке тағайындауларына байланысты құттықтап, ел игілігі жолындағы қызметіне алғысын білдірді. Сыр халқының ілтипаты ретінде облыстың Құрмет грамотасын табыстады.

«Рустам Сапарбекұлы, аймақта сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды алдын алу бағытында жұмыстарды үйлесімді ұйымдастыра отырып, 40-тан астам қылмыстық істі сотқа жолдап, 500 млн. теңгеге жуық қаражатты мемлекет мүддесіне қайтаруға қол жеткізді. Облыс әкімдігімен бірлесіп, сыбайлас жемқорлық деректерін анықтаумен ғана емес, түрлі салаларда жүзеге асырылып жатқан жобаларда 60-тан аса сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтап, оларды дер кезінде жою бойынша белсенді шаралар қабылдады. Бұл өз кезегінде құқық бұзушылықтарды азайтуға мүмкіндік берді. Ал, Қайрат Әбенұлы еңбек жолын қарапайым инженер-жерге орналастырушыдан бастап, Қармақшы, Шиелі аудандары әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. Мемлекеттік қызметте сатылап өскен білікті маман. Біздің облысымызда жыл соңына дейін 150 мың гектар қайтару қажет болса, қазір 145 мың гектар жерлер мемлекетке қайтарылып, жоспар 96% орындалды. Мұнан бөлек, Қайрат Әбенұлы 2015 жылдан бастап 500 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке кері қайтарылуына, жерді бақылау саласында 195 млн теңге әкімшілік айыппұл, заңнаманы бұза отырып пайдаланып жатқан жерлерге 146 млн теңге қосымша бюджетке түсетін қаржы көлемінің артуына зор үлесін қосты. Сыр өңірінің дамуына ерекше үлес қосып, жемісті еңбек еткендеріңіз үшін алғысымды білдіремін және ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс, отбастарыңызға амандық тілеймін», — деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Айта кетейік, Рустам Ақмырзаев Агенттіктің орталық аппаратына арнайы департаменті басшысының орынбасары жауапты лауазымына, ал, Қайрат Тоғызбаев ротация тәртібімен Қазақстан Респбуликасы Ауылшаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымына тағайындалды.

Басқосу соңында құқық қорғау органдарының басшылары мен ардагерлер қауымы қос азаматтың адал әрі жауапкершілікпен қызмет еткенін тілге тиек етіп, жаңа лауазымына табыс тіледі.

Тағы да оқыңыз: