Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қарағанды облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында қорықшы Ерлан Нұрғалиевті өлтіргендерге қатысты сот үкімі шықты.
Ерлан Нұрғалиевті өлтіру әрекетіне қатысты сот тыңдауы Қарағандыда 2019 жылдың тамыз айында басталды. Қылмыстық іс 40 томнан тұрады, тыңдауға 80-нен астам куәгер қатысты. Сотталушылар орындығында Берік Ахметов, Нұрлан Шүкілдіков және Қайрат Ақшанов отырды.
Осыған дейінгі сот тыңдауында прокурор барлық үш айыпталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы берілсін, оны айыпкерлер қауіпсіздігі ерекше колонияда өтесін деп сұраған болатын.
Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қайрат Қасымов прокурордың талап-арызын қанағаттандырып, сот үкімімен Берік Ахметов, Қайрат Ақшанов және Нұрлан Шүкілдікұлының өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесілгендігін айтты.
Осы іске қатысы бар тағы төрт азамат: Берден Базаров, Батырбек Қайырбеков, Жарасхан Мырзабаев және Айдос Әкімовке қатысты қылмыстық істі сотқа дейінгі тергеу органдары тоқтатқан болатын. Алайда Ерлан Нұрғалиевтің баласының адвокаты екіжақты пікірталас барысында бұл шешіммен келіспейтінін, осыған байланысты жеке қаулы шығарып, қылмысты жасыру мен ол туралы құзырлы органдарға дер кезінде хабар бермеу бабы бойынша қылмыстық тергеуді қайта бастауды сұраған болатын.
Осылайша, жоғарыда аталған 4 азамат 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейтін болады.
Осыған дейінгі отырыста жәбірленуші тарапының қорғаушысы 20 млн. теңге моральдық шығын және 9 миллион 137 мың 600 теңге көлемінде материалдық шығын келтірілгенін атап өтті. Сонымен қатар, сотталушы 17 ақбөкен үшін өтемақы төлеуге тура келеді – бұл 89 миллион теңге.
Сот үкімі оқылып болған соң 7 азаматтың барлығын сот залынан алып кетті.
Естеріңізге сала кетейік, 13 қаңтарда Теңіз көлінен оңтүстік-батыс бағытта орналасқан «Ақ қошқар» бөгетінің маңында «Охотзоопром» мемлекеттік кәсіпорнының инспекторлары Ницык пен Нұрғалиев бес ақбөкенді өлтірген браконьерлердің ізіне түскен болатын. Көп ұзамай олар мемлекеттік нөмірі жоқ екі жол талғамайтын көлікті қуып жеткен.
Іздеріне түскенін байқаған көліктегілер жасырынуға тырысқан, бірақ олардың біреуі тоқтауға мәжбүр болған. Браконьерлер инспекторларға шабуыл жасап, оның соңы төбелеске ұласқан. Оқиға салдарынан Ерлан Нұрғалиев оқтан жараланып, ауыр бас сүйек-ми жарақатын алған – қорықшы қайтыс болды. Шабуылдаушылар оның әріптесі Петр Ницыктің жағын сындырып, бірнеше пышақ жарақатын салған. Қылмыскерлер қашып үлгерген.
Айта кетейік, осы іске қатысы бар, қылмысты жасыру мен ол туралы құзырлы органдарға дер кезінде хабар бермеу бабы бойынша 6 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейтіндердің бірі Жарасхан Мырзабаевтың бұрын Қызылорда облыстық жол полициясының аға инспекторы болып жұмыс істегенін бұған дейін хабарлаған болатынбыз.