Kyzylorda-news.kz. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өткізілді. Жиынға құқық қорғау және арнайы орган басшылары, салалық басқарма басшылары және онлайн селекторлық режимде қала, аудан әкімдері қатысты.
Отырыста 2 мәселе қаралды. Алғашқы мәселе Қызылорда облысы аумағында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына арналды. Жиында Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Амитов өңірдегі жол көлік ережелерін бұзу деректеріне тоқталып, жол қауіпсіздігін сақтау бағытында атқарылған кешенді жұмыстарды баяндады.
Өткен 2020 жылы аймақта жол ережелерін бұзудың 122 мыңнан астам деректері тіркелген, оның 65 мыңнан астамы жол апатына тікелей әсер ететін өрескел құқық бұзушылықтар. Жол қауіпсіздігін сақтау бағытында құқық бұзушылықты автоматты түрде тіркейтін қала орталығында 13 «Арқан» стационарлы жылдамдық өлшегіш құралы іске қосылған. Нәтижесінде, 6 ай ішінде 31920 жылдамдықты асыру дерегі тіркеліп, 296 млн. теңге айыппұл салынып, оның 251 миллионы өндірілген.
Шамшидин Амитов облыс әкімдігінің бастамасымен 7 стационарлы жылдамдық өлшегіш құралдарын орнату жұмыстары басталғанын атап өтіп, бұл бастаманың жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тиімділігі жоғары екенін назарға салды. Сондай-ақ, профилактикалық жұмыстар нәтижесінде өткен жылы облыста жол-көлік оқиғалары 13 пайызға, қайтыс болу деректері 35 пайызға, дене жарақатын алу 14 пайызға төмендеген.
Отырыста Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тілеумбетов жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарында жол көлік оқиғаларының алдын алу және жол жүрісі қауіпсіздігін сақтауға арналған өңірлік іс-шара жоспары әзірленгенін баяндады. Бұл ретте басқарма тарапы жол көлік оқиғаларының жиілеу себебіне анализ жасаған. Яғни талдау көрсеткендей, жол көлік оқиғаларының басым бөлігі қарсы бағытқа шығу, маневр ережесін бұзу, жылдамдық асыру, арнайы белгіленген жаяу жүргіншілер жолынан өту ережесін бұзу және арақашықтықты сақтамау салдарынан орын алады.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жол көлік оқиғаларына қатысты жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, Полиция департаментіне жол көлік оқиғалары өсім алған өңірлерге талдау жасап, кешенді іс-шаралар жоспары бекітуді, авариялық қауіпті учаскелерді анықтап, оларды жетілдіру бойынша тиімді ұсыныстар енгізуді тапсырды. Ал, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысына қала, аудан әкімдіктерімен бірлесіп, автомобиль жолдарына жақын орналасқан ауылдық елді мекен тұрғындарына жеке малдарды ретсіз шығуын болдырмау бағытында шаралар қабылдауды және жолаушыларды тасымалдау қызметімен айналысатын тұлғаларға түсіндірме жұмыстары ұйымдастыруды, елді мекендердің көшелеріндегі жол жүрісін реттейтін белгілерді қалпына келтіру жұмыстарын жандандыруды назарға салды.
Отырыста қаралған екінші мәселе – «Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау, отбасы тұрмыстық қарым-қатынастағы құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларына бағытталды. Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Амитов пен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова баяндама жасап, атқарылған жұмыстар шеңберінде есеп берді.
Комиссия отырысында Шамшидин Амитов 2020 жылы отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында әйелдер құқығына қарсы әрекет жасаған 663 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті. Сондай-ақ, аймақта полицияның сенім телефонына, әйелдерге қатысты проблемалық мәселелер жөнінде 110 рет қоңырау түсіп, зардап шеккен әйелдерге құқықтық, психологиялық көмек көрсетіліп, қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 51 азаматша дағдарыс орталықтарына орналасты. Кешенді жұмыстар нәтижесінде әйелдерге қарсы жасалған қылмыстар 40 пайызға, оның ішінде отбасы тұрмыстық жағдайда жасалған қылмыстар 15 пайызға төмендеген.
Жиында басқарма басшысы Гаухар Қалмақова тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік қызметтер көрсету бағытында атқарылған жұмыстарды тізбеледі. Мәселен, өткен жылы дағдарыс орталығы арқылы 98 отбасына және ағымдағы жылдың екі айында 26 отбасыға 8 бағыт бойынша арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілген. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайындағы әйелдерді оңалту жұмыстарының нәтижесімен 2020 жылы 82 отбасы, биыл 8 отбасы әлеуметке оңалып, өз отбасыларына қайта оралды.
Отырысты қорытындылаған облыс әкімі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақоваға тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының қызметін жетілдіру үшін ұсыныстар беруді, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасымен бірлесіп, дағдарыс орталығының қуаттылығын ұлғайту үшін қосымша қаржы бөлу мәселелерін пысықтауды тапсырды.
Сондай-ақ, зардап шегіп, дағдарыс орталығынан бейімделіп шыққан әйелдер мен олардың отбасы жағдайына тұрақты түрде мониторинг жүргізуді, қолдауды қажет ететін отбасылардан шыққан, оның ішінде елді мекендерде тұратын балаларды қосымша білімге, спорт секцияларға және үйірмелерге барынша тартуды міндеттеді. Ал, полиция департаментіне отбасылық зорлық-зомбылықтағы агрессорлармен нүктелі профилактикалық жұмыстар жүргізуді, облыс бойынша жиілеп келетін зорлық фактілерінің себептеріне талдау жасап, оларды болдырмайтын оңтайлы әдістерді тұжырымдап, ұсыныстар беруді тапсырды.

