Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән! Оның Пайғамбары Мұхаммедке салауаттар мен сәлемдер болсын!
Құрметті бауырлар! Кеше ғана қасиетті Рамазан айын аяқтап, Ораза айтты тойлаған едік. Көзді ашып-жұмғанша Құрбан айт мерекесі де келіп жетті. Ұлық мерекеге аман-есен жеткізген Аллаға сансыз шүкірлер мен мадақтар болсын!
Бұл күндері әлемнің әр бұрышынан Мекке мен Мәдинаға ағылған мұсылман үмбеті Исламның бес тірегінің бірі болған қажылық парызын орындауда. Оның ішінде біздің де 5 мыңнан астам отандасымыз бар. Қағбаны тауап етіп, тәубе деп, құлшылық жасап жатқан барша мұсылманның дұға-тілегі мен қажылығы қабыл болғай.
Алла Тағала кімге құрбан шалатын мүмкіндік берсе, яғни қолында қаражаты бар мұсылман баласы Жаратушы Жаббар Иесіне жақындау ниетімен Оның рақымынан үміт ете отырып, құрбан шалуы міндет болып есептеледі. Себебі «құрбан» сөзі «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Демек пенде Алланың разылығын көздеп, Оның мейіріміне бөленуді шынайы қалап құрбан шалу арқылы Жаратқанның жарылқауына бөленеді. Құрбан шалудың шариғаттағы анықтамасы мынадай: Құдайға құлшылық ниетімен ереже-шарттарын ескере отырып, мал шалу.
Кімнің бір қойды сатып алып, оны құрбандыққа шалуға шамасы жететінін Алла жақсы біледі. Құдай біздің ішкі ниетімізден де толық хабардар. Сондықтан құрбан шалудың негізгі мақсаты – адамды Аллаға жақындату. Тіпті құрбан шалуға шамасы келмеген адамдар бұл күндері мұқтаждарға садақасын беріп, Құдайдың мейірімінен үміт етеді. Құрбан айт күндері әр адам өзінің материалдық мүмкіндігі аясында құрбан шалып, жақсы істерге ұмтылатыны сондықтан.
Құрбан шалу – Аллаға деген ықыластың үлкен белгісі. Исламдағы барлық құлшылықтың түпкі мәні мен мақсаты – пенденің ықыласын арттыру, шынайы ниетті шыңдау. Өйткені қорасында қойы бар шаруа немесе қолында қаражаты бар адам малдың ең жақсысын, яғни семізін, ірісін Алла жолына арнап, құрбандыққа шалады.
Жаратушы Иеміз Құранда мұсылман баласына ең жақсы көрген нәрсені садақа етуді, яғни Алла жолында жұмсауды бұйырған. Бұл туралы қасиетті кітабымызда былай делінген: «Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар. Не берсеңдер де Алла оны сөзсіз толық біледі» («Әли Имран» сүресі, 92-аят). Жомарт жан Алла үшін барын аямайды. Жақсы көретін дүниесінің ең жақсысынан құрбан шалып, садақа береді. Мұндай игі істі ыждағатпен орындаған адам міндетті түрде жақсылыққа кенеледі.
Ислам тарихынан белгілі, Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) қартайған шағында қаншама жыл күткен баласын құрбандыққа шалып жатқанын түсінде көреді. Бұл Раббысының әмірі екенін түсінген ол шынайы берілу, толық мойынсыну, Алланың нағыз досы екенін дәлелдеу ниетімен ауыр сынақ бола тұра үлкен құрбандық жасауға бел буады.
Алланың сынағынан сүрінбей өткен Ибраһим пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын) көктен көк қошқар түсіріледі. Құрбан шалу рәсімі осы сәттен бастап мұсылман үмбеті үшін сүннет амал болып қалды. «Құрбан шалу – Ибраһим бабаларыңның салып кеткен жолы. Құрбандыққа шалған малдарыңның әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар» деген хадистің мәні осында жатыр.
Адам баласы қажет кезде Алла жолында ең құнды нәрсесін қия білуі керек. Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) үшін ең бағалы, ең құнды, ең сүйікті, жүрегімен жақсы көрген перзенті болса, соның өзін Алла үшін еш ойланбастан құрбандық етуге дайын болған еді. Алдында екі таңдау тұрғанда еш қиналмастан Жаратушысының разылығын таңдады. Біз бұдан Алланың разылығы ең жоғары құндылық екенін жіті түсінеміз.
Шын мәнінде, Алла біздің мал-мүлкімізге, бала-шағамызға, атақ-абыройымызға, мансабымызға мұқтаж емес. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят) делінген. Алла Тағала біздің шынайы ықыласымыздың дәрежесіне қарай мәртебемізді де жоғары көтереді. Өйткені тапқан табысының белгілі бір үлесін Алла жолына арнау үлкен жомарттықты қажет етеді. Бұл – сараң адам үшін ауыр амал. Тіпті Алла ондай адамдарға құрбандық жасау бақытын бұйырмайды.
Құрбан шалу рәсімінің жеке адамға тигізер пайдасына келер болсақ, ең әуелі пенде бұл арқылы Аллаға жақындай түседі, тақуалығын арттырады. Құрбан шалу амалы адамның Аллаға деген шүкірін көбейтеді. Жүрегіміздегі Аллаға деген махабатты оятып, ықыласымызды арттыра түседі. Сонымен қатар дүниеге деген сүйіспеншілігімізді азайтады. Жүректі дүниеқұмарлықтан тазартады. Жүректі кір шалса ол жерге иман ұяламайтыны белгілі.
Шын мәнінде, Жаратушыға жақындататын амалдардың бірі – Алла жолында дүние жұмсау. Хақ Тағала жақсылық жолында шынайы ниетпен дүние жұмсаған адамның байлығына береке нәсіп етеді. Құранда: «Сендер игілік жолында не сарп етсеңдер де, Алла оның орнын толтырады. Ол ризық берушілердің ең қайырлысы» («Сәбә» сүресі, 39-аят) делінген.
Құрбан шалудың қоғамға тигізер пайдасы да ұшан-теңіз. Сол үшін асыл дініміз жағдайы келген мұсылманға құрбан шалуды міндеттеген. Тіпті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шамасы жете тұра құрбан шалмаған жан намаз оқитын орнымызға жақындаушы болмасын!» деп қатаң ескерткен. Иә, байдың малында кедейдің ақысы бар. Қара суды қанағат тұтып жүрген жандар мейрам күндері ет жеп, мәз-мәйрам күй кешеді.
Құрбан айт – бай мен кедейдің арасына мейірімділік сезімдерін сыйлайтын сәт. Расында айт – ағайын арасын жақындастыра түсетін, адамзат баласын имандылыққа ұйытып, қанағат пен тәубеге шақыратын ұлық мейрам. Бұл күндері барша мұсылман құрбан шалумен ғана емес, Ұлы Аллаға ұнамды әрбір ізгі амалы арқылы Раббысының разылығына, рақымына жақындай түседі.
Жаратушыға иман келтірген үмбеттің әрбір ғибадаты, құлшылығы, тіршілігі Алла Тағалаға бойсұнушылыққа негізделген. Хақ Тағала Құран Кәрімнің Әнғам сүресінде былай деп бұйырды: «Шын мәнінде, менің намазым да, құлшылығым да, тіршілігім де, өлімім де әлемдердің Раббысы Алла үшін деп айт». Сондықтан да мүміннің қуанышы, мерекесі де Жаратушымен бірге, Раббысының әмір-тыйымын орындау арқылы болады.
Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылман үмбетін таныған адамға да, танымаған жанға да ас беруге, оған қайырымдылық жасауға үндеген. Құрбан айт ренжіскен кісілердің көңілін жібітеді. Құрбан айт қоғамда әлеуметтік мәселелерді шешуге оң ықпал етіп келеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жыл сайын Құрбан айт мейрамы кезінде жомарт жандардың көмегінің арқасында мыңдаған тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға, жетімдерге, қараусыз қалған қарттарға, жалғыз басты аналарға, жалпы көмекке мұқтаж жандарға құрбандық етін үлестіріп келеді. Имамдарымыз Құрбан айт күндері қоғамға қайырымдылық істерді дәріптеуге барынша үлес қосуда.
Осы ретте еліміздегі барша кәсіпкер азаматтарды Құрбан айттың құрметіне мал құнын қолдан көтермей, халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, оңтайлы баға ұсынуға, жұрт күнде тұтынатын азық-түлікке мүмкіндігінше жеңілдік жасауға шақырамын. Құрбан айттың негізгі мәні мұсылмандар арасында өзара мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық, қанағат сынды адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру екенін естен шығармаған абзал. Алланың рақым нұры төгілетін айтта жұртымызға жақсылық жасап, көпшіліктің ризашылығына бөленейік.
Алла Тағала еліміз бен жерімізге берекесін жаудырып, шалған құрбандықтарымызды, берген садақаларымызды, айт күндері амалға асырған Аллаға ұнамды әрбір игі істерімізді қабыл еткей.
Айттан айтқа аман-есен жете берейік. Әмин!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти