Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жақын арада «Қорқыт Ата» әуежайы терминалы қасбеттерінің эскиздік жобасы әзірленетінін айтты. Бұл туралы аймақ басшысы өзінің «Facebook» парақшасында жариялады.
Қадірлі жерлестер! Өткен жылдың желтоқсан айында жеке инвестор «Болат Өтемұратов қорымен» «Қызылорда қаласындағы «Қорқыт Ата» әуежайы терминалы құрылысының» жобасы бойынша жаңадан терминал салуға келісімшартқа қол қойылған болатын.
Қазіргі таңда жобаны іске асырудың базалық құрылымы мен тетіктері нақтыланып, жобалық сметалық құжаттамасы әзірленуде. Жобаны қаржыландыру Қор есебінен жүзеге асырылады.
Екі апта сайын халықаралық әуе рейстеріне қызмет көрсетуші мемлекеттік мекемелер мен ведомство өкілдерімен, Қор және жобалаушы мекемелермен осы жобаға байланысты кездесіп, пысықтап отырмыз.
Жақын арада жаңа терминалдың қасбеттерінің эскиздік жобасы әзірленіп, жауапты мемлекеттік органдардың және қоғамдық ұйым өкілдерінің қатысуымен арнайы талқыланатын болады.
