Табиғаттың қарасқаны болар, биыл дария деңгейі қалыпты күйде.  Бұған, әрине, жауын-шашынның мол түсуі оң әсерін тигізді. «Шардараға» дейінгі су қоймаларында осы кезде 16,3 млрд текше метр су бар. Былтыр 14,6 млрд текше метрді құраған еді.

«Шардараның» шырайы жақсы
Кейінгі жылдары дария суы төмендеп кеткені белгілі. Былтыр «Шардара» су қоймасына 4,2 млрд текше метр су жиналады деген болжам жасалған еді. Дегенмен ол небәрі 2,4 млрд текше метрден асқан жоқ. Биыл жыл басында мамандар былтырғы көрсеткіш қайталануы мүмкін деген болжамын айтқан болатын. Жауын-шашынның мол түсуі өзеннің да, қойманың да деңгейін көтерді. Сәуір айында Шымкент қаласында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерінің су шаруашылығы министрлерінің бас қосуымен өткен жиында аталған мәселе кеңінен талқыланды. Нәтижесінде «Шардараға» түсетін су мөлшері 3,6 млрд текше метр көлемінде белгіленді. Сол арқылы Қызылорда облысының су шаруашылығына бөлінген  лимит 3,7 млрд текше метрге көбейді.
– Қазір облысқа секундына 654 текше метр су келуде. Былтыр ол 616 текше метрді шамалады. Жасыратыны жоқ, кейінгі жылдары Солтүстік Арал теңізіне жіберілетін су мөлшері төмендеп кеткен еді. Комиссия отырысында Кіші Аралға 997 млн текше метр су босату жөнінде ұйғарымға келді. Ендігі кезекте сол судың межелі жеріне толықтай жетуіне қадағалау жүргіземіз, – деді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Қайратбек Сәрсенбаев.
Жалпы, мемлекетаралық комиссия лимитті бекіткенде Аралға түсетін судың мөлшерін де бақылауда ұстайды. Өкініштісі, табиғи жағдайға байланысты бұл болжам 40-50 пайыз көлемінде орындалып келді. Қазір теңізге 20 текше метр су түсіп жатыр. Алдағы аптада 30 текше метрге дейін көтеріледі. Сәуір айына болжанған 70 текше метр су жаппай егістің басталуынан орындалмай қалды.
– Кейінгі уақытта Кіші Арал теңізіндегі судың тұздылығына байланысты мәселелер көтеріліп келеді. Мамандар судың тұздылығы 13,5-ке жетсе, балықтар өмір сүре алмайтынын айтады. Сондықтан облыс басшылығының қолдауымен теңізге түсетін судың деңгейін төмендетпеу қатаң бақылауға алынған. Бұл мақсатта министрлік және өзге де құзырлы мекемелермен тығыз байланыста жұмыс жасап келеміз. Сондай-ақ қазір Арал теңізіне бөлінетін су лимитін елімізде жаңадан қаралып жатқан «Су кодексіне» енгізу жөнінде ұсыныстар бар. Кодекс жыл басынан бері Парламентте талқылануда. Аталған пікір онда ескерілген. Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асатын «Қараөзек» су қоймасы аймақтың су ресурстарын басқару ісіне оң септігін тигізеді. Онда 1 млрд текше метрге дейін су сақтайды. Қазір оған байланысты техника-экономикалық негіздемесі жасалуда. Жоба-сметалық құжаты дайын болғаннан кейін құрылысы басталады деп күтілуде. Су қоймасы екі жылдың көлемінде пайдалануға беріледі деген болжам бар. Алдағы уақытта аймақ үшін «Қараөзектің» пайдасы орасан. Судың мол уақытында онда су жинақталады. Қажет кезінде егінге жіберіледі, – деді Қ.Сәрсенбаев.     
Аралға арнайы лимит керек пе?
Елімізде су қорлары гидрографиялық белгілер бойынша бассейндік жүйеде басқарылады. Ал, ел аумағы сегіз су нысаны бассейніне бөлінген. Сала мамандарының айтуынша, Арал-Сырдария бассейні олардың арасында ең ауқымдысы, сондай-ақ, экологиясы жөнінен проблемасы толық шешімін таппаған.
– Арал-Сырдария бассейні климаты жағынан ерекшеленеді. Бізде жаз айында аптап ыстық, жауын-шашын мөлшері тым аз. Мұндай жағдайда су шаруашылығы экономиканың барлық салаларының тұрақты жұмысы мен халық тіршілігінің қамтамасыз етілуіне, қоршаған ортаның тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Жалпы, Сырдария өзенінде су мол жылдары төменгі ағыста су басу қаупі тіркелсе, су аз жылдары вегетация кезінде тапшылық сезілді. Биыл жыл басынан бастап Арал теңізіне нақты түскен су 1158 млн текше метрді құрайды. Айта кетсек, 24 мамырдан бастап «Шардарадан» төменге қарай секундына 300, 28 мамырдан бастап секундына 350 текше метр су тасталуда. Оған «Көксарай» су реттегішінен қосылатын суды қоса есептегенде төменге қарай секундына 650 текше метр су жіберілуде,– деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жансұлтанұлы.
Оның айтуынша, 2023 жылдың 8 желтоқсанында Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірге «Қызылорда облысындағы суармалы жүйелері мен гидротехникалық құрылыстарды  қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар» бекітілген.
 Кешенді жоспарға республикалық меншіктегі 26 магистральді және шаруашылықаралық каналды, 21 қашыртқыны, 144 тік дренажды ұңғыманы қайта жаңғырту, каналдарды цифрландыру, автоматтандыру және басқа да су шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған 37 жоба енгізілген.
Жаңақорған ауданының Келінтөбе магистральді каналына су беретін канал және Жаманбай батыр ауылдық округіндегі науалық суғару жүйесінің құрылысы жобаларын жүзеге асыруға биыл республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Оған қоса министрлікке коммуналдық меншіктегі 8 су шаруашылығы нысанына күрделі жөндеу жүргізуге бюджеттік өтінім ұсынылды.
Тамшы судың есебі бар
«Қазсушар» РМК облыстық филиалы, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мамандары су пайдалану лимитіне сәйкес биылғы жылға бекітілген егін көлемін нақтылады. Жалпы алғанда, 187,5 мың гектар жерге егін орналастыру жоспарланса, оның 81,2 мың гектары күрішке бағытталған. Қазір филиал тарапынан нақтыланған индикативтік жоспар мен белгіленген лимитке сәйкес су пайдаланушылармен келісім-шарт жасалуда. Атап айтқанда, бүгінге дейін 760 шаруашылық құрылымының 116 мың гектар егін алқабына 2,665 млрд текше метр су жеткізіп беруге құжат дайындалды.
Мамандар лимит пен нақтыланған индикативтік жоспарға сәйкес су пайдаланудың күнтізбелік жоспарын әзірлеп, кестеге сәйкес жұмыс жасауда. Вегетациялық кезеңде егін алқаптарына 21 сәуірден бастап каналдар арқылы Сырдария өзенінен 1 млрд 194,3 млн текше метр су алынып, су пайдаланушыларға 936,9 млн текше метр  су жеткізілді. Күнтізбелік жоспарға сәйкес мамыр айының үшінші онкүндігінде Сырдария өзенінен магистральді және шаруашылықаралық каналдар арқылы секундына 460 текше метр су берілді. Егілген 80,1 мың гектар күріш алқабының басым бөлігі суға бастырылды.
– Филиал мамандары су пайдаланушылардың сұранысын қамтамасыз ету үшін облыс, аудан әкімдіктерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізуде. Аудандық өндірістік бөлімшелердің барлық маманы күндіз-түні егін алқаптарына су жеткізіп беру ісін қадағалауда ұстап отыр. Күріш себу және суға бастыру кезінде суды үнемді және тиімді пайдалану түсіндірілуде. Үкімет резерві есебінен берілген насос қондырғыларын су жетіспеушілігіне қарай белгіленген орындарға құру ескеріледі. Су тапшылығына қатысты ескертпеге қарамастан, кейбір шаруашылықтар канал сағасынан қашық немесе биік алқапқа егін еккен жағдайлар бар. Олар өз қаражаты есебінен насос қондырғысын орнатуы тиіс, – дейді «Қазсушар» РМК облыстық филиалы директорының орынбасары Айдос Асанбаев.
Жалпы алғанда, облыста суды үнемді пайдалану үшін нақты жұмыстар жүргізілуде. Шаруашылық құрылымдары тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісін қолдана бастады. Австралиялық «Рубикон» компаниясының технологиясы арқылы суды пайдаланудың нақты есебін жүргізуге мүмкіндік бар. Қазір бұл бағытта тиісті іс-шаралар қолға алынған. Сондай-ақ су шаруашылығы саласын цифрландыру ұмыт қалып жатқан жоқ. Бұл – бақылау күшейе түсуде деген сөз.
– Рас, егін егумен айналысатын кейбір азаматтар келеңсіздікке жол беріп жатады. Қазір әрбір тамшы судың есебі бар. Бұл жөнінде диқандарды ұдайы құлағдар етеміз. Жауапсыздыққа жол бергені болса, оларға тиісті айыппұл қарастырылған. Біздің міндетіміз – «Шардарадан» алынған судың межелі жеріне дейін ысырапсыз жетуін қадағалау. Сондықтан ешбір шаруашылық рұқсатсыз су алуына болмайды. Алдымен қатаң ескерту беріледі. Қазіргі таңда біздің инспекция құзыретін арттыру жөнінде тиісті орындарға ұсыныстар берілуде, – деді Қ.Сәрсенбаев.

Әділжан Үмбет

Тағы да оқыңыз: