Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев партияның кезектен тыс ХХІІ съезінде сөйлеген сөзінде шалғай елді мекен тұрғындарымен кездесіп көшпелі қабылдауды жиі өткізу, ірі бастауыш партия ұйымдарының базасында қоғамдық қабылдаулар ашу қажет екендігін айтқан болатын.
Жаңғыруға бет алған «AMANAT» партиясы бұл міндеттерді дереу қолға алды. Осы мақсатта партия жанынан арнайы мобильді топтар құрылып, шалғай елді мекендерде қоғамдық қабылдаулар жолға қойылды.
«Бастауыш ұйымдар – партияның негізі болғандықтан 500-ден жоғары партия мүшелері бар ірі бастауыш ұйымдарда қоғамдық қабылдау бөлмелерін ашу жұмыстары қолға алынды. Алғашқы қабылдау бөлмесі жақында републикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Азамат Біржановтың қатысуымен қалалық партия филиалына қарасты «Жарық» бастауыш партия ұйымында ашылса, бүгін Арал ауданында «Сексеуіл», Қазалыда «ВЧД-6», Шиеліде «Атамекен» және осы Теміржол филиалына қарасты «Қызылорда локомотив пайдалану депосы» бастауыш партия ұйымдарында іске қосылып отыр»,- дейді облыстық партия филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова.
Локомотив – темір жол саласының қозғаушы күші. Мұнда 700-дің үстінде жұмысшы бар. Локомотивтердің үздіксіз, кедергісіз жолға шығуын қамтамасыз етіп отырған осы сала мамандарының еңбегі зор. Енді мұндағы жұмысшылар жеке мәселесі бойынша партия филиалдарына барып уақыт жоғалтпайды. Осында қолы қалт еткенде келіп, кестеге сәйкес жоспарланған мәслихат депутттары немесе түрлі сала басшыларына көкейдегі сауалын жолдап, жауап алуға зор мүмкіндік.
«Біз теміржолшылар ел Президенті тапсырмаларының жүзеге асып жатқанына қуаныштымыз. Біздің бастауыш ұйымда ашылып отырған қабылдау бөлмесі осы салада жұмыс жасайтын азаматтарды алаңдатқан мәселелерін анықтап қана қоймай, оның шешілуіне, олармен тұрақты кері байланысты нығайтуға ықпал ететіндігіне сеніміміз мол»,- дейді «Қызылорда локомотив пайдалану депосы» бастауыш ұйымның төрағасы Жұлдызбай Мұсаев.
Бүгін міне «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылғанын естіп алғашқы азаматтар да келіп өз өтініштерін жеткізіп үлгерді. Олар әйел азаматтардың зейнет жасы мен медициналық сақтандыру мәселелерін алға тартты. Барлық мәселе партиялық бақылауға алынып, нақты жұмыс жасалатын болды.
Қызылорда облысында «AMANAT» партиясының 241 бастауыш партия ұйымы бар.Президент тапсырмасына сәйкес 5 ірі бастауыш ұйымда қоғамдық қабылдау бөлмелері ашылды.
