Kyzylorda-news.kz. Әке – отбасының тірегі, әрбір жанның үлгі тұтар тұлғасы, жанұяның қорғаны, құрмет пен берекенің бастауы.
Қазақта әкені ерекше құрмет тұтып, жанұядағы рөлін айрықша қастерлеген. Осы бұзылмаған заңдылықтың арқасында бүгінде үлгілі отбасылардың саны едәуір артып келеді.
Өткен жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген «Мерекелік күндердің тізбесіне» маусым айының үшінші жексенбісі - «Әкелер күні» болып енгізілді. Бұл мерекені атап өтудегі басты мақсат – еліміздегі отбасылық құндылықтарды ілгерлету, отбасы институтын нығайту, әкелердің қоғамдағы рөлін айшықтау.
Осыған сәйкес, Әкелер күні елімізде екінші рет атап өтілуде.
Атаулы күнге орай, Сыр өңірінде «Әке – отбасы тірегі» атты облыстық әкелер форумы өтті. Форумға республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айтмағанбет Мақсұтбек және аталған ұйымның Астана қаласындағы филиалының директоры, сондай-ақ ақын, жазушы, сценарист, Қазақ Ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы, «Абай жолы», «Ахмет», «Ұлт ұстазы», «Міржақып», «Оян қазақ» сериалдарының сценарисі, «Дайағашшы» және өзге де кітаптардың авторы, «Ерең еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Ұларбек Нұрғалымұлы арнайы қонақ ретінде шақыртылды.
Сонымен қатар, аталған шараға облыстың барлық аумағындағы үлгілі отбасылардың әкелері, көп балалы әкелер, аймақтық деңгейдегі «Мерейлі отбасы» конкурсының жеңімпаздары, қоғамға пайдалы қызметпен айналысқан еріктілер, қайырымдылық жасаушы меценеттар, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, ҮЕҰ және БАҚ өкілдері, білім, денсаулық, ішкі істер, әскери, төтенше жағдай саласында еңбек ететін және ардагер әкелер, яғни 140 ер азамат қатысты.
Форумда облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов игі шараның ашылуында алғы сөз сөйлеп, қатысушыларды мерекесімен құттықтады. Облыс әкімдігімен отбасы құндылықтарын насихаттау, әкелер институтын қалыптастыру, анаға құрмет көрсету, балаларды рухани-мәдени тәрбиелеу, білімге ынталандыру бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар туралы баяндады.
Өз кезегінде форумға қатысушылар арнайы тақырыптар бойынша өз пікірлерін ортаға салып, баяндама жасады. Сондай-ақ, отбасы құндылықтарын насихаттау бағытындағы осындай іс-шараларды жиі ұйымдастырылуын керектігі туралы өз ұсыныстарын білдірді.
Форум аясында осы жылы көктемде орын алған су тасқыны салдарын жоюға және елдімекендерді су басу қаупінен сақтап қалуға атсалысқан елжанды азаматтар, еңбек адамдары, отбасында ғылыми, спорттық, мәдени, шығармашылық жетістіктерге жеткен балаларды тәрбиелеп отырған әкелер, қайырымдылық және қоғамға пайдалы шаралармен айнылысып жүрген ерікті ер азаматтар облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды және оларға бағалы сыйлықтар табысталды.
Шара соңында форумға қатысушылар естелік фотоға түсіп, мерекелік көңіл-күйде тарқасты.