Kyzylorda-news.kz. Биыл Қызылорда облысы бойынша 1-10 сынып аралығындағы 169 263 баланың 100 мыңнан астамы жазғы тынығу лагерьлерінде демалатын болады. 1 маусымнан бастап аймақтағы 9 тынығу лагері өз жұмысын бастайды. Бұл туралы Қамбашта өткен көшпелі брифингте облыстық білім басқармасы тәрбие бөлімінің бас маманы Жадыра Шариева хабарлады.

Мектеп туризмін жандандыру бойынша өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштерге 32 мыңнан астам оқушы саяхаттайды. Сонымен қатар жаз маусымында 5 мың баланы облысымыздағы меценаттар мен демеушілер есебінен демалдыру, Нұр-Сұлтан қаласына экскурсиялау жұмыстары да жүзеге асырылады. Жазғы уақытта балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында аулалық клубтар, бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтын қалыптастыру, зияткерлік, дебаттық, техникалық, өнер, тілді шеберлігін дамыту бағыттарында оқушылар кең көлемде қамтылады. Айта кетейін, экскурсиялар кезеңінде балалардың қауіпсіздігін сақтау және түрлі төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша тиісті шаралар қабылданып, арнайы медициналық көмекпен қамтамасыз етілетін болады.

Айта кетейік, аймақта 270 мектеп жанында тамақпен және тамақсыз күндізгі тынығу лагерлерінің жұмысы жүргізіледі. Мұнымен қоса, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 31 мың баланы сауықтыру демалысымен, саяхаттармен қамту бағытында қолдау шаралары бірінші орында ұйымдастырылатын болады.

Тағы да оқыңыз: