Kyzylorda-news.kz.   Жаңақорған мал шаруашылығы бойынша Сыр өңіріндегі іргелі аудан. Яғни, аймақтағы төрт-түліктің үштен бірі біздің ауданға тиесілі. Сондықтан мал басын асылдандыру, бордақылау, ет бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар жыл сайын жандана түсуде. Әсіресе мүйізді ірі қараның шаруасы ширай бастады. Бүгін ауданда тағы бір жоба жүзеге асты. Асыл тұқымды репродуктор шаруашылығы саналатын «BarysAgro» ЖШС-де модульді мал сою пункті іске қосылды. 

Қазір «BarysAgro» ЖШС-де отандық 50 бас ет бағытындағы «қалмақ» және ет пен сүт бағытындағы 50 бас асыл тұқымды «әулиеата» қашарлары байлаулы тұр.

Ал бүгінгі іске қосылған мол сою пунктің құны – 33,4 млн теңгені құрайды.

– Қазір қожалық меншігінде 200 бас МІҚ бар. Алдағы уақытта «Байқоңыр ӘКК» АҚ бірлесіп, 100 бас асыл тұқымды ет бағытындағы МІҚ сатып алу жоспарлануда. Сондай-ақ, вакуумды және консервленген сиыр етін өндіруді қолға алатын боламыз, – деді «BarysAgro» ЖШС басшысы.
Айта кетейік, ашылу салтанатына «Байқоңыр ӘКК» Ұлттық компаниясы АҚ-ның төраға орынбасары Мұхтар Жансейітов және бөлім басшылары мен аудандағы ірі-ірі шаруашылық төрағалары қатысты.
Жалпы цехтың мүмкіншілігі қандай, басқа да тұрғындар мүйізді ірі қараларын союға бола ма? Жалпы заманауи техникамен жабдықталған мал сою пункті туралы мақаланың толық нұсқасы газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Жаңақорған ауданындағы берекесі дарыған Сүттіқұдық – бағзыдан атакәсіпті арқау еткен берекелі аймақ. Дала дидарының тұмса табиғаты бақташы қауымға қарасып тұр. Осы тұста, ауылдағы ағайынға бабадан қалған атакәсіпті дамытуда мемлекеттік бағдарламалардың алар орны айрықша. Осы тұста, мемлекет қолдауын сезініп, қарекет жасап отырған шаруашылықтың бірі Сүттіқұдық аулының тұрғыны – Махсатхан Раманқұлов. Ол – отбасылық кәсіпті өрістетіп, жылқы мал бордақылауды кәсіп еткеніне бірнеше жылдың жүзі болды.
«Бүгінгі таңда «қимылдағанның қыр асатынын» елдің бәрі біледі. Сондықтан да тірліктің көзін тауып, шаруаның тетігін тапса жұмыс жүйелі жүреді. Өзімде мемлекет қамқорлығын сезінбек ниетте осыдан үш жыл бұрын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалы арқылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» аясында 3 миллион теңге несиеге қол жеткіздім. Әуелі «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы арқылы «Бизнес-кеңесші» оқыту курсынан өттім. Осы мекеме арқылы қаржы институттарына бардым. Одан әрі ауылда атакәсіпті өрістету ісіне ден қойдық. Мал бордақылау кәсібі ауылдағы ағайынға таптырмас тірлік. Әрі үйреншікті жұмысы. Бұқараның жанынан табылған мемлекет қолдауына біз қашанда ризамыз», – дейді Махсатхан Раманқұлов.

Расында шағын және орта бизнесті дамытуға мемлекет айрықша басымдық беруде. Нәтижесінде, ауыл-аймақта кәсіпкерлік кең қанат жайып, бизнеске ынталы азаматтардың қатары күн санап артуда. Бұл өз кезегінде аудан экономикасының өркендеуіне өзіндік үлесін қосады. Әсіресе, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалы сынды қолдау қорының демеуіне ел риза. Отбасылық кәсіпті талғажау еткен сүттіқұдықтық Махсатханның жары Гүлжахан Төрехожаева биыл тағы да аталмыш қолдау қоры арқылы 4 млн. теңге несие алды. Осылайша, 10 бас жылқыны бордақылаумен айналысып отырған отбасы ауыл-аймақтан бөлек Қызылорда қаласы мен Шалқия кентін ет өнімімен қамтамасыз етіп отыр. Жылқы етіне сұраныс қашанда жоғары екенін жасырмады. Отбасылық бизнес болғандықтан отағасына қашанда жары көмектеседі. Олар кәсіпкер ретінде тіркеліп, уақытылы мемлекеттік аударымдарымды аударып отқанын тілге тиек етті. Бұл да болса, салық базасының ұлғайып, ауыл әлеуетінің артуына үлкен септігін тигізері сөзсіз.

Иә, Мемлекет басшысы сайын халыққа арнаған Жолдауында ет өнімдері экспорты әлеуетін арттыруды жүктеуде. Әзірге Махсатхан Раманқұлов ішкі нарықты игеріп, мал бордақылау кәсібіне әбден маманданып алғанша ауыл-аймақ пен аудан орталығын ет өнімдерімен қамтамасыз етуді жоспарға қойған. Соңыра, кәсібін кеңейтіп, көрші облыстарға ет экспорттау жоспары бар. Десе де, бұл отбасының мақсаты айқын. Ол – атакәсіпті арқау еткен ауылдағы ағайынның ахуалын тіктеу. Яғни, қолдау қаржы арқылы «екі қолға бір күрек тауып», ауыл әлеуетінің артуына ықпал ету. Межелі мақсатта кезең-кезеңімен орындалу үстінде. Тек, маңдай терді төгіп, адал еңбек ету керектігін сүттіқұдықтық шаруа естен шығарған емес. Керсінше, оны өмірлік ұстанымға айналдырып, қарекетін жасауда.

Осы тұста Аққорған ауылы – бағзыдан атакәсіпті арқау еткен берекелі аймақ. Жазиралы жайылымы төрт түлікті түлетіп һәм төлдетуге таптырмайтын жер. Содан болса керек, аққорғандық Сәдірқожа Атымтаев ауыл азаматтарының басын қосып, «Сәдір ата» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін қолға алды. «Біріккен істе береке бар» демекші, мал бордақылау кәсібін дөңгелетіп отырған қожалық әлі де мемлекет қолдауына үміт артады.

– Шүкір, бүгінде іріленудің нәтижесінде мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие болдық. Мемлекеттің «50 ауыл» бағдарламасы аясында мүйізді ірі қара малын бордақылау алаңдарын ашуға кооперативтің 24 мүшесіне 46 млн. теңге қаржы алдық. Несие алып, несібін арттырған кәсіпкерлер бүгінде мал бордақылау ісіне әбден бейімделген. Биылғы жылға да кооперативтің 20 мүшесі қаржылай қолдау алуға құжаттарын дайындап, өтінім беріп қойды. Сәтін салса, демеу қаржы қолға тисе, атакәсіпті одан әрі жандандырамыз – дейді «Сәдір ата» ауыл шаруашылығы өндірістік коопертивінің төрағасы Сәдірқожа Атымтаев.

Расында ұсақ шаруалардың өндірістік кооперативтерге бірігудің маңызы зор. Өйткені, ет өнімдеріне деген сұраныс қашанда жоғары. Мәселен, «Сәдір ата» кооперативі өткен жылдың қазан айынан бастап, бүгінгі таңға дейін 35 тонна ет өнімдерін пұлдаған. Ең алғашқы ет өнімдерін облыс орталығында өткен «Алтын күз» мерекесінде қызылордалық тұрғындарға саудалаған қожалықтың шаруасы ширақ. Оған қоса, Елбасы жыл сайын халыққа арнаған Жолдауында ет және сүт өнімдері экспорты әлеуетін арттыруды жүктеуде. Әзірге бұл қожалық ішкі нарықты игеріп, мал бордақылау кәсібіне әбден маманданып алғанша ауыл-аймақ пен аудан орталығын ет өнімдерімен қамтамасыз етуді жоспарға қойған. Қазірде 200-ге жуық ірі қара малын байлап отырған кооператив мүшелері өз кәсіптеріне дән риза.

– Жасыратыны жоқ, ұсақ қожалықтардың аты бар да, заты жоқ. Бірігуде береке барын бабалар ертеректе айтып кеткен. Осы тұста, мұны шешудің қандай жолы бар деген орынды сауал туындайды. Мал бордақылау кәсібі ауылдағы ағайынға таптырмас тірлік. Әрі үйреншікті жұмысы. Бұқараның жанынан табылған мемлекет қолдауына біз қашанда ризамыз – дейді кооператив мүшесі Бауыржан Үсенов.

Осы тұста, аймақ халқының 60 пайызы ауылдық жерде тұратынын ескерсек, кооперативке бірігіп, тындырымды тірлік жасау бұл үлкен қолдау. Яғни, кооперативтерге бірігу арқылы кірістердің артуына, бәсекелестік қабілетін жоғарылатуға, бірлесіп өнім өндіруге, өңдеу және оны тиімді сатуға қол жеткізеді. Әрине, ауылда қорасындағы азын-аулақ малымен күнелтіп отырған жандар жетерлік. Алайда төрт түліктің өнімін өткізу оңай шаруа емес. Бұл тұрғыда өндірістік тұрғыда іріленуден ұтарымыз көп. Мемлекеттің діттеген мақсаты – отандық экономиканың, оның ішінде агроөнеркәсіп кешенінің өзекті мәселесі – осы саланы дамытып, ауылдағы еңбек өнімділігін арттыру. Десе де, аудандағы ұсақ шаруа қожалықтардың ауызбіршілік танытып, өндірістік кооперивтерге бірігіп, аймақ бойынша көш бастауы қуантарлық жайт. Бұл бағытта аққорғандық Сәдірқожа Атымтаев басшылық ететін «Сәдір ата» ауыл шаруашылығы өндірістік коопертивінің мақсаты айқын. Ол – атакәсіпті арқау еткен ауылдағы ағайынның ахуалын тіктеу. Яғни, қолдау қаржы арқылы «екі қолға бір күрек тауып», ауыл әлеуетінің артуына ықпал ету. Межелі мақсатта кезең-кезеңімен орындалу үстінде.

Аудандағы атакәсіптің көкжиегі мал шаруасынан көрінеді. Ауылдағы ағайын ежелден айналысып келе жатқан мал шаруашылығы жыл сайын жанданып келеді. Күн сайын мал азығын даярлап, қиындығы мен қияметі көп жұмысты тындырып, кәсіп көзіне айналдырғалы көп болды. Соның қайтарымы жыл сайын төрт түлік төлдеп, бүгінде облыста мал басынан үздік аудан атансақ, аймақтағы жалпы есептің үштен бірін біздің аудан құрайды. Қыста қыстауда, жазда жайлауда жүретін шопандардың да еңбегі елеусіз емес. Жылда озат атанып келеді.

– Жалпы ауданда мүйізді ірі қараның саны 80 мыңға жуықтады, қой 350 мыңға, жылқы 26 мыңға, ал, құс саны 22 мыңнан асты. Бұл облыс көлемінде үлкен көрсеткіш. Нақты цифр жыл соңында анықталады. Одан бөлек, төрт түлік азығын дайындаудан да алда келеміз. Былтыр Түркістан облысына экспорт жасасақ, биыл Сыр өңірінің өзге аудандарына тасымалдадық. Баға да қолжетімді, әсіресе, шөптің құны былтырғымен салыстырғанда екі есе төмен түсті. Осы жағдайлардың жүгінен, шаруалардың берекелі кәсібінен үздіктер көшінен түспей келеміз, – деді ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев.

Бізде бұл кәсіптен тек мал басын көбейтіп қана қоймай, ет бағытында да жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Соның бірі Қыркеңседегі «Бекарыс – Агрофуд» ЖШС.

– Қазір егін науқаны аяқталды, ерте көктеммен ала жаздай төккен тердің жемісін жеп, нәпақаны тауып отырмыз. Енді қыс бойы малдың қоңын келтіріп, төрт түлікті түгендеп, төлдетіп, көктемде жайылымға немесе тауға жөнелтеміз. Мал басын асылдандырумен қатар ет бағытында шаруаны ширатып, өзге өңірлерге экспорттаймыз. Әсіресе, қыста сұраныс көп болады. Ең бастысы, берекелі кәсіптің адал нанын жеп отырған жайымыз бар, – деді қожалық төрағасы Серік Мырзабаев. 

Міне, мал бағытындағы ата кәсібіміз осылай жалғасып келеді. Сұраныс та өте жоғары, өйткені, тау мен Сырдың бойынан нәр алған жануардың қоңын өздеріңіз бағамдай беріңіздер. Тек субсидия деген ұғымды ырыққа көндіріп, пайдасын далаға жібергеніміз рас. Осыны тыю керек немесе жеке қалтаға емес, жалпы қоғамға пайдасы тиетіндей ету аса маңызды.
 

Фото: astanatv.kz

Тағы да оқыңыз: