Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Токаев Жолдауда ветеринария саласын реформалау жөнінде маңызды міндеттерді тайға таңба басқандай атап көрсетті. Расында сала жұмысын жүйелеуде процестерді цифрландыру, ветеринарлық мамандарды даярлау, жалақыны арттыру ерекше маңызға ие. Саяси құжатта көзделген міндеттердің ауданда жүзеге асырылу барысы қалай, жалпы төрт түлікті аурулардан аман алып қалуда сала мамандары нендей шаралар қабылдауда? БАҚ өкілдерімен өткен брифингте Жалағаш аудандық ветстанцияның бас маманы Бағдат Әлібаев осы және өзге де бірқатар сауалдың түйінін тарқатты.
Спикер биыл 9 айда бекітілген жоспарға сәйкес ветеринариялық іс-шаралар толық атқарылғанын айтады. Аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы аурудың алдын алуға ел тайқазанынан қаралған қаржыға биопрепараттар жеткізіліп, ауылдық округтердегі ветеринариялық пункттерге таратылған. Нәтижесінде ауданда эпизоотиялық ахуал тұрақты. Бағдат Әлібаев мұны ветеринариялық егу жұмыстарының жүйелі жүруімен байланыстырды.
Айта кетейік, бүгінге дейін ауданда құтыруға қарсы 3 мың ірі қара, 5 мың уақ мал, 300 итке екпе жасалған. Сондай-ақ аусылдың алдын алу мақсатында нұсқаулыққа сәйкес екі мәрте егілді. 56 мың ірі қара, 43 мың уақ мал, пастереллез індетіне қарсы 20 мың сиыр, сібір жарасына қарсы 17 мың ірі қара, 11 мың жылқы мен 20 мың уақ малға екпе салынған. Ал Лептоспироз ауруына қарсы 29 мың сиыр, Листериозға қарсы 10 мың ірі қара, мың уақ малға екпе салынған. Нодулярды дерматитке қарсы 10 мың сиыр, эхинококкозге қарсы 1800 ит-мысыққа емдік шаралар жүрген. Күл ауруына 20 мың уақ мал, қарасанға қарсы көктемде және күзде 30 мың ірі қара, оба ауруына 10 мың уақ мал, 800 түйе егілген. Мұнан бөлек туберкуллезге қарсы мың ірі қара, вирустық диареяға қарсы 4 мың сиыр және құс тұмауына қарсы 3 250 тауыққа екі мәрте екпе салынған.
– 9 айда энзоотиялық ауруларға байланысты іс-шаралар жүргізілді. Атап айтар болсақ, бауыр құртына қарсы 10 мың уақ мал, сақауға қарсы 7 300 жылқы, қатпа ауруын жұқтыруы мүмкін 450 түйе, гастофилез індетіне қарсы 5 400 жылқыға және пироплазмозға қарсы 11 500 ірі қара егілді, – дейді Бағдат Әлібаев.
Спикер аса қауіпті жұқпалы ауруларды анықтауда да нақты шаралар қа-былданғанын айтады. Мәселен, адам мен жануарларға аса қауіпті жұқпалы бруцеллез ауруын анықтау мақсатында 44 267 МІҚ, 40 370 уақ малдан, 600 түйеден, 60 ит, 2 шошқадан бірінші және екінші жарты жылдыкта қан сары суы алынған. Қорытындысында ешқандай ауру анықталмаған.
– ҚР-ның заңнамасында белгілеген тәртіппен мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілері иелерінің есебінен уәкілетті орган бекiтетiн тiзбеге енгiзiлген жануарлардың аса қауiптi ауруларын және жануарлардың энзоотиялық ауруларын қоспағанда, инвазиялық ауруларды қоса алғанда, жануарлар ауруларын емдеу, олардың профилактикасы, диагностикасы және оларды жою орын-далады. Атап айтканда, ауыл шаруашылық малды чиптау, ауру малдарды емдеу, сауықтыру, қора аулаларды залалсыздандыру ақылы түрде жүргізіледі. Ас қорыту, тыныс алу жүйелерімен зат алмасу, құлақ, көз, тері, улану, буын аурулары жұқпалы емес. Мал кестіру, ен салу, мүйіз, тұяқ кесу, буын, шығу, сынықтар, грыжа, түрлі жа-рақаттар мен ашық жаралар хирургиялық ауруларға жатады. Қотыр, оқыра, телязиоз, ценуроз, эстроз, монезиоз, ішек таспа құрттары паразитті ауруларға жатады. Жоғарыда көрсетілген жұмыстарды атқару кезіндегі қызметіне және қолданылған дәріге, таңу, байлау заттарының ақысы мал иесі есебінен жүргізіледі. Емдеу дәрілеріне мемлекеттен қаржы бөлінбеген. Бұл ауруларға қарсы жануарларды емдету үшін кент және ауылдық округ ветеринариялық пункт менгерушісіне хабарласып, өз қалаған ветеринариялық дәрігерінізді шақыртыға болады.
Айта кетейік, ауданда 9 айда iszh.kz дерекқор базасы туралы мәліметіне сәйкес, веб-порталдық базада 34 731 МІҚ, 31 884 уақ мал, 31 300 жылқы, 833 түйе, 80 шошқа тіркелген. Жоспарға сәйкес 6 338 МІҚ, 8 839 уақ мал, 6 105 жылқы, 46 шошқа, 29 түйе сырғаланып, бірдейлендірілген. Аса қауіпті ауруларды дер кезінде анықтауда, алдын алуда бірдейлендірудің маңызы зо екен.
– Бірдейлендірудің тиімділігі жануарлардың аса қауіпті ауруларын бақылау, санитариялық іс-шаралар жүргізу үшін маңызды іс-шара болып табылады, аз уақыт ішінде жануарлардың шығу тегін, орналасқан жерін және қозғалыс бағытын және жануарлардан алынатын өнімдерді анықтай аламыз, – дейді ол.
Биыл «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» деректер базасында «Жасыл дәліз» функциясын ашу мақсатында ауданда түрлі себептермен бұрын тіркелмеген, есепке алынбаған ересек ауыл шаруашылық жануарлардың есебі жинақталуда. Ауданда бұрын тіркелмеген мал ұстаушылар тарапынан берілген өтініштерге сәйкес 596 МІҚ, 97 уақ мал, 2196 жылқы бірдейлендіріліп, есепке алынған. Бұл жұмыстар негізінде бұрын тіркелмеген, есепке алынбаған ересек ауыл шаруашылық жануарлардың иелеріне өз атына тіркеп алу мүмкіндігі беріледі.
Айта кетейік, 2021 жылы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданған. Заң аясында үй жануарларын есепке алу чиптерді, сырғаларды, білезік немесе жағалар сияқты есепке алу бұйымдарын пайдалана отырып, ақылы негізде жүргізіледі. Тек халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылардың үй жануарларын есепке алу тегін жүргізіледі. Тіркеу рәсімдерін мемлекеттік және жеке ветеринариялық қызметті атқаратын ұйымдар жүзеге асырады. Үй жануарларын тіркеу міндетті. Спикер қазіргі таңда, ауданда 600 ит «Таңба.KZ» платформасына тіркелгенін айтады.
– Ауданда 15 мал көміндісі бар. Оның ішінде типтік жобадағы 5-еуі Ақсу, Бұқарбай батыр, Аламесек, Мәдениет ауылдық округтерінде және Жалағаш кентінде орналасқан. Қалғаны басқа да ауылдық округтерде.
Сала маманы мемлекеттік қызмет көрсетуде де нәтижелі жұмыс барын айтады. Мәселен, 9 айда 3 147 ветеринариялық анықтама берілген. Бұл жөнінде арыз-шағым түспеген, себебі барлығы заңдылыққа сәйкес жүргізілген.
– Ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне арналған «TortTulik» мобильді қосымшасы іске қосылды. Мобильді қосымша ауыл шаруашылығы жануарларының базасын кеңейтуге ықпалын тигізеді. Әрбір жануар иесі өз жануарларына түгендеу жүргізе алады және соның арқасында ветеринар дәрігерлер ветеринарлық-профилактикалық іс-шараларды уақытылы және толық көлемде жүргізу мүмкіндік береді. Бұл жайында түсіндірме жұмыстарын да ұдайы жүргізіп келеміз. Нәтиже де жоқ емес, жоспарланған 4119 жануарлар иесінің, 3235-і «TortTulik» мобильді қосымшасына тіркелді, – дейді бас маман.
Қазіргі таңда мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарды материалдық-техникалық жабдықтау барысында жануарлар өлексесін және биологиялық материалдарды өртейтін құрылғы бар. Бес ауылдық округте стационарлық инисинератор пеші орнатылса, мекеме ғимараты жанында автокөлікте орналасқан жылжымалы инисинератор пеші жұмыс жасайды. Барлығына тұтынушылар құқығын қорғау және экология органдарының рұқсаты алынған. Бүгінгі таңда осы құрылғылар аудан бойынша толық жұмыс жасап тұр.
Бағдат Әлібаев соңғы жылдары мемлекет тарапынан әлеуметтiк қолдау, оның iшiнде «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы шеңберiнде ауылдық жерлердегi ветеринарлық ұйымдар жоғары және орта кәсiптiк бiлiктi мамандармен толыққанын айтады. Қазіргі уақытта бұл салада кадр тапшылығы байқалмайды. Биылдың өзінде 5 жас маман қызметке қабылданған. Бірыңғай вертикаль қызметін құру мақсатында ауылдар мен Жалағаш кентінде 14 ветеринарлық пункт қайта құрылған. Онда 74 адам жұмыс істейді. Аудандық ветеринарлық қызметінің автопаркінде 18 қызметтік автомобиль бар. Биыл облыстық ветеринария басқармасы арқылы өтеусіз негізде 3 жаңа автокөлік алынған. Бірақ автопарк айтарлықтай жаңартуды талап етеді, оны басшылық кезең-кезеңмен жүзеге асыруды жоспарлап отыр екен.
– Ауданда 2 мал сою алаңы бар, ветеринарлар мамандарымен бірлесіп, аумақтық ветеринариялық инспекция мамандары сатуға шығатын малдың ілеспе құжаттарына мониторинг жүргізеді. Бұл жұмыстар да нәтижесін беруде, себебі дәл осындай тексерулер бірқатар мәселенің алдын алуғасеп болып отыр. Халқымыз «Мал-жан аман ба?» деп аман-саулық сұрасады. Өйткені төрт түлік елдің негізгі күнкөріс көзі болып табылады. Келешекте мемлекет қамқорлығын пайдаланып, ветеринария жұмысын жақсарту жолында аянбай еңбек ете береміз, – дейді ол.
К.БАЛҒАБАЙҰЛЫ