Kyzylorda-news.kz «Болашақ» университеті жылыжайында көкөністік дақылдар мен экзотикалық жеміс ағаштарының өсіріліп жатқанына біршама жылдар болса, ағымдағы жылы арпа, бидай т.б. егістік дақылдар селекциясында сорт шығару мақсатында қолданылып жүрген классикалық әдіс – будандастырудан алынған будандық тұқымдарды жеделдетіп көбейтіп алып, әрі қарай танаптық-егістік жағдайда селекциялық процестің барлық этаптарынан өткізу қолға алынып отыр.
Сорт шығарудың өзі ұзақ жылдық зерттеуді қажет етеді, оған шамамен 10-12 жылдай керек. Жылыжайда будандастырудан алынған будандық Fо тұқымдардан бір жылда 2-3 ұрпақтың тұқымдарын көбейтіп алуға мүмкіндік болады. Ал, кәдімгі жағдайда келесі жылды, күннің жылынғанын күтіп, әрі қарай да солай, келесі жылды күтумен уақыт өте береді.
Айта кететін жайт, арпа дақылы өздігінен тозаңданатын дақыл. Оның аталығы да, аналығы да бір гүлде (масақшада) болғандықтан, будандастыруда аналық форманың масақшасындағы аналық мүшені қалдырып, аталық тозаңқаптарды алып тастап, кастрациялап барып, оны аталық форманың тозаңымен ұрықтандырады. Нәтижесінде, будандық түйін пайда болады. Ол будан екінші ұрпақтан бастап ыдырап, популяция құрай бастайды.
Селекционердің мақсаты – өзіне ұнайтын, ойындағы сорттың модуліне келетіндей тізбектерді сұрыптап алып, селекциялық процестің келесі этапына сынаққа жіберу. Осылайша, толық селекциялық процеске көптеген жылдар кетеді. Селекционердің механикалық жолмен будандастыруында түйін байлау өте төмен, шамамен – 15-20%. Сондықтан, аз мөлшердегі Fо тұқымын сақтап қалу өте маңызды және ұқыптылықты қажет ететін процесс.
Суретте университет жылыжайындағы астық дақылдары бойынша селекциялық жұмыстың бір кезеңі көрсетілген. Жап-жасыл болып тұрған арпаның түптену фазасындағы жағдайы.
Фото: wikipedia.org