Kyzylorda-news.kz Егін саласын әртараптандыру бағытында былтыр жаңақорғандық диқандар жақсы нәтиже көрсете білді. Биыл да осы бағытта жүйелі жұмыс жасауды жоспарлап, нақты межені айқындауда. Әсіресе, суды аз қажет ететін дақыл түріне басымдық беріп, өнім көлемін көбейтуді көздеп отыр. Ерте көктемнен дала жұмысына білек сыбана кірісетін шаруалардың дайындығын пысықтап алуды жөн көрдік.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес» деп жұмыстың барысы емес, нәтижесі болуға тиіс екенін ескертіп, ертеңгі болашаққа еркін жол ашуды мақсат тұтты. Расында өңірдің өркендеуі үшін, ортақ мүдде орайы алға озу үшін іс пен сөздің үйлесімі артып, тиімділігі табысты болуы керек. Бүгінгі байыпты бастамалардың, бағыт-бағдардың басты бетбұрысы – халықтың игілігіне сай ілкімді істер пайдалы әрекетке айналғаны жөн. Сондықтан аудан әкімдігінің мәжілісі өткір, әрі өзектілігімен маңызды, мәнді, әлеуетті.
Аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлының төрағалығымен өткен бұған дейінгі де, бүгінгі де мәжілістер ауданның дамуы мен жаңаруы жолына бар күш- жігерімізді сарқа жұмсауға үндеумен қатар жауапкершілікті жіті сезінуге жетелеп отырады. Халық қызметшілерін ширата түсіп, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген даналық сөзін дәріптеп берді.
Күткендегідей, күн тәртібі көтерген келелі талаптың бірі бойынша алдымен ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев мінбеге шықты. Ол аграрлы аймақтың күзгі жиыны мен биылғы болжамның орындалу барысын негіздеп:
«Биыл су тапшылығына байланысты 1346 гектарға күріш кем егіліп, жалпы 6998 гектарды құрады. Егін жаман болмады. Науқандық жұмыстар бірқалыпты жағдайда жүргізіліп келеді. Негізі 27 тамыз бен 29 қыркүйек аралығына дәнді дақылды ору және бастыру графигі бекітіліп, сол бағыттағы серпінді іс нәтижесіз емес. Бүгінде 5700 гектар күріш орылып, 5100 гектары бастырылды. Әр гектарынан 55 центнерден өнім алынуда. Көктемде Шардара су қоймасынан Сырдария өзеніне су кеш түсіп, соның салдарынан 22 сәуірден 31 мамырға дейін диқандар күріштікті суға бастырды. Бұл біршама кедергі келтірді. Әсіресе, ауыспалы егіс танабындағы жоңышқалықтар өз дәрежесінде суарылмай қалды», – деді.
Жаңақорған жұрты егін шаруашылығына бейімделген. Оның ішінде Сыр беткей тұрғындары ризық-несібесін жерден айыруға дағдылы. Әуелден көктемнен кетпен-күрегін сайлап, күзгі егін жинау кезеңіне дейін дала кезеді. Ал, сол шаруаларға бағыт беріп, бүгіннің бағдарын ерте бастан ескертіп отыру керек еді. Аудан басшысы ауылшаруашылығы бөлімінің басшысын сұрақтың астына алуының бір сыры осыдан көрінді.
– Орын алған аяқ су тапшылығы бүгін-ертең шешіле қоймайды. Бұл – мемлекетаралық мәселе. Әлі де қиындықтар еселеп туындауы мүмкін. Сол себепті суды аз қажет ететін дақыл түрлеріне басымдық беріп, оның көлемін ұлғайту керек. Бұл бағытта қандай жоспар түзілді? Ғылымға негізделген нақты ұсынысыңыз бар ма? – деп сұрақты төтесінен қойды аудан әкімі.
«Тапсырмаға сәйкес жыл сайын суды аз қажет ететін дақыл түрлеріне басымдық берудеміз. Биыл 45 гектар күнбағыс, 553 гектар картоп, 610 гектар көкөніс, 2009 гектар мақсары, 1914 гектар бақша дақылы егілсе, алдағы жылы да оның көлемін кемітпей, арттыру жолында жұмыс істеудеміз», – деді сала басшысы.
Қазір Шардара су қоймасынан Сырдария өзеніне секундына 30 текше метр су жіберілуде. Мұндай деңгейдегі су көлемі бұрын-соңды болған емес. Мәселенің ұшы – Орта Азияның таулы аймағына қардың аз түсуі мен су көздеріндегі су деңгейі алаңтарлық жағдайда. Бұлай жалғаса берсе Сыр диқандары шұғыл түрде егінді әрта-раптандыруға бірыңғай бетбұрыс жасауы тиіс болады. Басқа амал жоқ. Күрішсіз де күн жоқ. Ол егілмесе топырақ тұзданып, сорлану қаупі бар. Қалай болғанда да тығырықтан шығатын жолды табу керек-ақ.
Сондай-ақ, ауылдық округ әкімдері шаруа қожалық төрағаларымен бірлесіп, Қызылқұмның етегіне, одан әрі тереңдей көшуге қамданып, ондағы ескі құдықтарды анықтап, жай-күйін білуге міндеттеймін. Бұл бастаманы жүзеге асыруға көнекөз қариялардың ақыл-кеңесін пайдалана отырып, құм ішіндегі ескі қыстау құдықтарының санын анықтап, түгендеуді қолға алуымыз тиіс» деген болатын.
Әкім осы бағыттағы жұмыстардың жай-жапсарын сұрады.
– Аудан бойынша 8482 жеке қожалық пен 682 шаруа қожалығындағы 335 мыңнан асатын уақ мал мен 100 мыңға жуық ірі қара малдың Сыр беткейдегі егістік алқабына орналасқан малшыларды түгендеу, мал суаттарының орнын айқындау бойынша құрылған жұмысшы топтардың анықтамасымен 22 құдық қазылу керек деген тоқтамға келдіңіздер. Қазіргі қолданыстағы құдықтар саны 30 екен.
Ауылшаруашылығы саласы экономиканың негізгі драйвері екені сөзсіз. Егін шаруашылығы мен төрт түліктен түсетін табыс шағын және орта бизнестің бірегей бастамасы бола алады. Бұл біздің ауданның кәсіпкерлік саласында әлдеқашан дәлелденген. Өйткені, Жаңақорған ауданының негізгі кіріс көзі аграрлы саланың дамуында жатыр. Әсіресе, Сыр беткейдегі ауылдар ерте көктем мен ала жаздай егін шаруасын ширатса, күз бен қыста төрт түлігін түгендейді. Сондықтан жыл сайын егіс көлемін ұлғайтып, мал шаруашылығына дем беру ісі қолға алынуда. Ендігі мақсат инвестиция тарту мәселесі.
Сыр елі күріш көлемін кемітпей, қайта көсегесін кеңейтіп, мол өнім алуға жақсы жұмыс жасауда. Одан бөлек, әртараптандыру бағытына да басымдық берілуде. Қазір бақша өнімдеріне сұраныс артып, базар нарығында баға да қомақты болып тұр. Осыны ескерген дала диқандары дән себуді биыл ерте бастап, жақын күндері өнімдерін экспорттауға кіріседі. Бүгінге дейін Сырдың 15 мың тоннадан астам өнімі әлемнің 18 еліне экспортталып үлгеріпті. Оның басым бөлігі күріш өнімі екеніне дауа жоқ. Дегенмен қой шаруасына да сұраныс аз емес. Қой демекші, қойдың жүнінен, өзге малдың терісінен шикізат ғана, дайын өнім өңдеу идеясы қайта көтерілуде. Аудан кәсіпкерлері осы мәселені қолға алуда.
Жалпы биылғы жылы облыс бойынша барлығы 195,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру болжануда. Оның ішінде: дәндi дақылдар – 96,4 мың гектар, майлы дақылдар – 5,7 мың гектар, мал азықтық дақылдар – 73,7 мың гектар, картоп, көкөнiс, бақша – 19,8 мың гектар. Негізгі дақыл күрiштің көлемі 83,9 мың гектарды құрайды. Біздің ауданда мал азық дақылдары, әсіресе, шөп өнімі көбірек егіледі. Нарықтағы саудасы көңіл қуантады, өзге өңірлерге экспорт та қомақты. Сондықтан егіс көлемін кеңейту күн тәртібінен түспейді.
– Азық-түлік қауіпсіздігін сақтау мақсатында қосымша жерлер ашылып ұжымдық түрде 295 гектарға картоп, көкөніс, бақша дақылдарын орналастыру бағытында жұмыстар атқарылуда. Нақтырақ айтқанда, 845 адам отбасылық егістік¬пен айналысып, нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктермен өзін-өзі қамтитын болады. Бүгінгі таңға шаруашылық жетекшілерінің демеуімен 295 гектарға жуық егістік алқаптары шеңгел, жусандардан тазартылып, қоршалануда. Бұл жұмыстар мамыр айының аяғына дейін жалғасатын болады, – деді ауданның бас агрономы Талғат Зейдалиев.
Бір сөзбен айтқанда, аграрлы салаға инвестиция көбірек керек. Әсіресе, егін шаруасына инвесторларды тартып, аудандағы бақша, көкөніс өнімдерін импорттауды азайтып, қайта экспорт көлемін кеңейту керек. Бұл оңай шаруа емес, дегенмен, шағын кәсіптің көсегесін кеңейтудің бұл да бір тетігі.
Қазақта «Мал ашуы – жан ашуы» деген, отарға, табынға, үйірге ие кісі қиындықтан именбей еңбектенеді. Қол жайып отыратын жаймашуақ мизамды уақыт кешірмейді. Осыны түсіністікпен қабылдаған бірнеше кәсіпкер тік скважина қазуды қолға алды. Оның бағасы да қол жетімді, қазір мал суы оңды шешіліп жатыр.
Фото: ortcom.kz