Kyzylorda-news.kz Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары Ташкент қаласында өткен «Көкөніс бақша дақылдары мен картопты іріктеу, тұқым шаруашылығында және өнім өндіруде ресурстарды үнемдейтін және қарқынды технологияларды қолданудың ғылыми негіздері мен перспективалары» атты Халықаралық ғылыми-конференциясына қатысып, университет пен «Өзбек көкөніс, бақша және картоп шаруашылығы» ғылыми зерттеу институтымен екіжақты меморандум аясында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Конференция барысында университеттің Ботаникалық бағы мен жылыжай меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Самалбек Қосанов баяндама жасап, ғалымдар Қазақстанның қауын шаруашылығын дамыту мақсатында Әмудария мен Сырдария өзендерінің аралығындағы өсірілетін қауын сорттарының құрамына талдау жасағанын атап өтті. Сондай-ақ осы саладағы проблемалар мен климаттық өзгерістер, қауынды қайта өңдеу барысында сорттық ерекшеліктеріне мән беру, ғалымдар мен диқандар арасындағы байланысты күшейту жөніндегі ойларын ортаға салып, ұсыныстарды жеткізді.
Қызылордалық ғалымдар өздері дайындаған бес түрлі қауын сортын сынақтан өткізуге өзбек ғалымдарына беріп, олардың ерте, орташа, кеш пісетін қауын сорттарын Қызылорда облысында тәжірибеден өткізбек. Мұнан бөлек, Сыр ғалымы үлкен ғылыми ізденістен соң бәсекеге қабілетті, тасымалдауға төзімді, сақтауға жарамды және тәтті қауынның жаңа сорттарын шығаратынын айтты.
Қазақстандық ғалымдардың ғылыми жұмыстарын «Өзбек көкөніс, бақша және картоп шаруашылығы» ғылыми зерттеу институтының бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Рустам Низомов жоғары бағалап, ұсыныстарын қабылдады.
Тамыз айында Өзбекстандық ғалымдар Қызылорда облысына келіп, қауын шаруашылығымен танысады деп күтілуде.
фото: tolqyn.kz