Kyzylorda-news.kz Айдынды Аралдың ауыл шаруашылығы саласы биыл инвестиция тарту бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Ресми ақпаратқа сүйенсек, биыл 8 айда сала бойынша 440,9 миллион теңге инвестициялық қаржы тартылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,9 есеге артық орындалған. Ал тамақ өнеркәсібіне тартылған қаражат көзі – 1 миллиард 327 миллион теңгегі құраған.
Жалпы аралдықтар ауыл шаруашылық саласының егін егу, мал, балық, су шаруашылығы бағытында еңбек етеді. Жоспарға сәйкес егін шаруашылығында 1000 гектар жерге егіс егілген. Атап айтқанда, 6,5 гектар картоп, 58 гектар көкөніс, 312,5 гектар бау-бақша, 623 гектар мал азығы (386 гектар ескі жоңышқа, 237 гектар жаңа жоңышқа), сондай-ақ, 983,8 гектар аумаққа 5,5 гектар картоп, 51,6 гектар көкөніс, 186,7 гектар бақша, 354 гектар жаңа жоңышқа және 386 гектар ескі жоңышқа дақылдары орналастырылған. Биыл ауданда су үнемдеу технологиясын тиімді пайдалану әдісімен Сексеуіл кенті, Ақирек, Аманөткел, Жаңақұрылыс, Бекбауыл ауылдық округтерінде барлығы 240 гектар жерге егіс орналастырған. Су үнемдеу технологиясы бойынша 121 гектар подленка әдісімен суару, 39 гектар тамшылатып суару, 80 гектар жаңбырлатып суару тәсілін енгізген. Бұдан бөлек, Аманөткел ауылдық округіндегі «Camel Pro» шаруа қожалығындағы жоңышқа дақылдарын дайындау мақсатында 16 дана жаңбырлатып суару қондырғысы сатып алынып, оның 10 дана жаңбырлатып суару қондырғысын орнату жұмыстары жүргізілген. Қалған 6 қондырғыларды орнату жұмыстарын толығымен жыл соңына дейін аяқталып, 200 гектар жерге күздік жоңышқа дақылдарын егуді жоспарлануда.
Егін шаруашылығында суды үнемдеу мақсатында енгізілген заманауи технологияларды пайдаланудың нәтижесінде 983,8 гектар жерге егілген түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарынан ойдағыдай өнім жиналған. Мәселен, 5,5 гектар картоптан 52,2 тонна өнім (орташа өнімділігі 95 ц/га), 51,6 гектар көкөністен 670,8 тонна өнім (орташа өнімділігі 130 ц/га), 186,7 гектар бақшадан 2389 тонна өнім (орташа өнімділігі 128 ц/га), 503 гектар жоңышқадан 1258 тонна өнім (орташа өнімділігі 17 ц/га) өнім алынған.
Егілген егістің 126,8 гектары шаруа қожалығына тиесілі болса, 346 гектары заңды тұлғаларда және 511 гектары жеке тұрғындар үлесінде. Ал күзгі егін жинау науқанына және дала жұмыстарына 59 трактор, 1 комбайн, 5 жатка , 16 жүк көлігі және 31 трактор тіркемесі жүктелген.
Бүгінде аудан Кіші Арал теңізін сақтап қалу жолында тиісті шаралар қолға алынған. Бұл ретте теңіз суын молайту үшін мемлекет тарпынан айрықша қолдау көрсетілуде. Еліміз Халықаралық Аралды құтқару қорына алдағы үш жыл бойы төрағалық етеді. Осы мерзім ішінде Арал өңірінің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған бірнеше жобалар жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Халықтың несібе көзі болған теңіздің жайы аралдықтардың бұрыннан бергі базынасы. Қазіргі таңда Арал ауданы бойынша ірі көлдер жүйесі болып саналатын Қамыстыбас және Ақшатау көлдер жүйесін тұрақты суландыру үшін Аманөткел ауылының тұсында (Мырзас өңірінен) су торабын салу жобасы қолға алынуда. Су тоспасы іске қосылғанда мыңдаған гектар жайылымдық, шабындық жерлерге өз деңгейінде су жіберілетін болады деп күтілуде. Кіші Арал теңізіндегі су қорын молайту мақсатында биыл Ташкент қаласында Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қазақстан мемлекеттері арасында төртжақты келісім жасалған. Соған сәйкес вегетациялық кезеңде су алу лимиті белгіленген. Соның нәтижесінде жыл басынан осы күнге дейін Арал теңізіне 2 миллиард текше метрден астам су жіберілген. Ал «Қазсушар» РМК-і арқылы Кіші Арал теңізіне суды жіберу, судың тұздылығын төмендету және Көкарал бөгетін нығайту мақсатында жұмыстарды жалғастыру үшін 2025 жылы «Тәуір», «Қарашалаң-1», «Қарашалаң-2», «Тұщы» және «Сарытерең» каналдарына су тоспасын салу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, биыл мамыр айында теңізді тіршілігімен тікелей байланыстырған Арал ауданы жұртшылығы үшін жағымды жаңалық жария етілген. Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалуға бағытталған «ғасырдың экологиялық жобасы» атанған САРАТС жобасына қайта жан бітпек. Аудан халқы асыға күтіп жүрген жобаның екінші кезеңі көп күттірмейді. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Самех Вахба Көкарал бөгетінің басында кездесіп, Солтүстік Арал теңізін сақтауға арналған жобаның екінші кезеңін іске асыру мәселесін талқылаған еді. Ауқымды жобада теңізді өлке тұрғындарының талабын жан-жақты қарастырған тиімді жолы ұсынылып, жобада тек теңізді сақтау ғана емес, Сырды жағалай қоныстанған ауылдарға да пайдасын тиізетін идеялар айтылған. Ол – Көкарал бөгетін қайта жаңғырту және Балтық жүйесі бойынша теңіз деңгейін 44 метрге дейін көтеру, сондай-ақ Арал ауданындағы Ақшатау және Қамыстыбас көлдер жүйелеріндегі су ресурстарын тұрақтандыру үшін Аманөткел ауылы маңында гидроторап салу.
Осының нәтижесінде Солтүстік Аралдың су айдынының ауданы 3913 шаршы шақырымға дейін ұлғайып, су көлемі 34 текше шақырымға жетеді. Теңіздің бұл деңгейге дейін толуы үшін 4-5 жыл қажет. Ал, бүгінгі жағдайда су көлемі 27 текше шақырымды қамтиды. Яғни жобаның екінші кезеңі аяқталғанда су көлеміне 7 текше шақырым қосылатын болады.

Арал десе, теңіздің балығы еске түседі. Заманында ел экономикасын бір өзі көтерген теңіздің бүгінгі жай-күйі белгілі. Десе де, жергілікті халық атадан қалған төл шаруашылықты тастаған жоқ. Қазіргі күні балық шаруашылығы ауданның әлеуетін арттырып отырған негізгі шаруашылық көзі болып табылады. Бүгінде ауданда жылдық қуаттылығы 23900 мың тоннадан асатын 9 балық өңдеу зауыттары жұмыс істейді. Талапқа сай балық аулау кезеңі биылғы шілде айы мен келер жылдың сол уақытына дейінгі аралықты қамтиды екен. Аталған кезең аралығында Кіші Арал теңізінен балық аулау лимиті 5949 тонна болып бекітілген. Былтыр бұл көрсеткіш 6362 тоннаны құраған екен. Ал ауланған балықтар бекітілген лимитке сәйкес, толық игерілген. Биыл шілде айына дейінгі аралықта ауданда өңделген балық көлемі былтыр – 2847 тонна болса, биыл – 4731 тоннаға жеткен. Яғни, өңделген балық 1884 тоннаға артық өңделіп, 166,2 процентке орындалған. Аралдың балық шаруашылығы тек ел аумағында емес, экспортқа шығаруымен де белгілі. Былтыр шет елге шыққан балық өнімдері – 1691 тоннаны құраса, биыл – 1948 тоннаға жетіп, 257 тоннаға артық экспортталып 115,2 процентке артып отыр.
Аудандағы балық шаруашылығн дамытудың тағы бір бағыты балық шабақтарын өсіру және балық дәрнәсілдерін (личинка) шығару. Қазіргі таңда бұл бағытта «Қамыстыбас балық питомнигі РМҚК» кәсіпорны және қарасты «Тастақ» бөлімшесі тарапынан Кіші Арал теңізі мен теңізге жақын орналасқан балық шаруашылығына маңызы бар су айдындары мен учаскелерін балықтандыру мақсатында балық шабақтарын өсірумен айналысады. Ал Ақшатау елді мекенінде балық дернәсілдер (личинкалар) шығаруда «Жамбыл» өндірістік кооперативі, инкубациялық цехы жұмыс істеуде. Цехтан шыққан дернәсілдер қазіргі таңда жергілікті су қоймаларын балықтандыру жұмысын іске асырып келеді. Осыған орай, «Арал Рыбторг» ЖШС-гі Аманөткел елді-мекенінен қуаттылығы жылына 15-20 миллион шабаққа арналған инкубациялық цехты құру бағытында жұмыстар жүргізуде.

Сонымен қатар ауданда тауарлы балық өсіру бағыты да дамып келеді. «Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы» бекітіліп, соның аясында 7 тауарлы көл тізімге енгізілген. Қазіргі таңда тауарлы балық өсіру ісімен 16 шаруашылық айналысуда. Оның ішінде 7-көл тауарлы балық өсіру шаруашылығы болса, 8-тоған шаруашылығы және 1-тұйық жүйелі сумен қамтамасыз ету құрылғылары арқылы балық өсіру жұмыстары жүргізілуде. Ауданда балық аулау саласында Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сырдария өзені және 17 көл тіркелген. Теңізде балықтың 19 түрі мекендесе, кәсіпшілікте оның 16 түрі ауланады. Ауданда жылдық қуаты 24 мың тоннаға жуықтайтын 9 зауыт бар. Күзде бір жылда 6 мың тонна балық өңдейтін «Қарашалаң балық» зауыты іске қосылған. Қазір Аралда алты зауыт («Agrofish 2020», «Арал СДО», «Камбала – Балық» балықшылар өндірістік орталығы», «СДО Қарашалаң», «Aral Sea food», «Қарашалаң балық» ЖШС балық өңдеу зауыттары) балықты терең өңдеумен айналысып келеді. Қалған төртеуі («Ар-М-Кон», «Бөген СДО», «Қуаныш», «Zhalgasbay» шағын балық өңдеу зауыттары) балықты қатыру, мұздату және ыстау сияқты жеңіл өңдейді. Сондай-ақ, Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін еурокод белгісі тек екі кәсіпорында бар. Олар – «Арал балық өңдеу зауыты» және «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС балық өңдеу зауыты. Бұдан бөлек, 15-ке жуық балықты сұрыптап қатыру және сақтау цехы жұмыс істейді. Биыл 4190 тонна балық ауланды. Былтыр 2847, ал осы жылы 4731 тонна балық өңделді. Өткен жылы 1823, биыл жыл басынан бері 2080 тонна балық өнімдері шет мемлекеттерге экспортталған. Ауданға қарасты Қосжар ауылында «Қамыстыбас балық питомнигі» кәсіпорны орналасқан. Аталған мекеме мен оған қарасты «Тастақ» бөлімшесі Кіші Арал теңізі мен теңізге жақын су айдындарына балық шабақтарын өсіріп, жібереді. Мемлекеттік тапсырыс есебінен онда жыл сайын 15 миллион 220 мың балық шабағы өсірілсе, оның ішінде 14 миллион 800 мың бір жылғы және 420 мың екі жылғы шабақ күтімге алынған. Аудандағы ауқымды жобаның бірі – тоған шаруашылығы. Ақбай ауылы маңындағы Ақирек тауының етегінде орналасқан 380 гектар жер осы мақсатпен игерілген. Құны 685 миллон теңге болатын жобаны жүзеге асыруға «Байқоңыр» ӘКК» АҚ арқылы 513 миллион теңге несие алынған. Қазір тоған аумағын қазу жұмыстары біткен. Жобаның гидроқұрылысы да аяқталған. Биыл 200 мың майда балық шабағын жіберу керек болса, қазір 50 мың ақ амур, дөңмаңдай, сазан шабақтары тоғандарға жіберіліп жатыр. Бұл балық шабақтары «Қамыстыбас» балық питомнигінде өсірілген. Жылдық қуаттылығы 300 тоннадай болатын тоған шаруашылығында алдағы уақытта сазан тұқымдас балықтар өсіріледі. Қазір балық шаруашылығы 3 бағытқа бөлінген. Олар – кәсіпшілік балық аулау, өсіру, яғни аквакультура және балықты өңдеу. Бұған дейін Үкіметте «Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы» бекітілген болатын. Бағдарламада ауданға қатысты тауарлық балық өндірісін ұлғайту үшін 7 тауарлы көл тізімге енді. Атап айтатын болсақ, «Ақшатау-Сорғақ», «Домалақ», «Тұщы», «Қаракөл», «Алаша», «Ақбілек» және «Шөмішкөл» көлі. Ауданда тауарлы балық өсіру дамып келеді.
Ауыл шаруашылығы саласын дамытуда мемлекет тарапынан қолдау бар. Соның бірі – «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Осы мемлекеттік бағдарлама бойынша биыл қаңтар-мамыр айларында облыстық бюджеттің 1,5 миллиард теңге үнемделген қаржысынан 212,1 миллион теңге қаражат ауыл шаруашылығы кәсіпкерлерін қолдауға бағытталған. Соның нәтижесінде ауданда 36 ауыл шаруашылығы жобасы мақұлданған. Атап айтқанда, өңдеу саласы бойынша – 16 жобаға 93,9 миллион теңге, мал шаруашылығы бойынша – 8 жобаға 45,8 миллион теңге, қызмет көрсету саласы бойынша – 10 жоба ға 59,9 миллион теңге, егін шаруашылығы бойынша – 1 жобаға 8,5 миллион теңге, құс шаруашылығы бойынша – 1 жобаға 4,0 миллион теңге қаржы берілген. Аталған жоба аясында кәсіпкерлер қазір өз жұмыстарын бастаған.
Бұдан бөлек қыркүйек айынан бастап «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның «Аmanatnesie.kz» платформасы іске қосылып, қазіргі таңда 235,4 миллион теңгені құрайтын алғашқы 28 жоба платформаға салынған. Оның ішінде Арал қаласынан – 16 жобаға 139,3 миллион теңге, Сексеуіл кентінен – 7 жобаға 53,24 миллион теңге, Сазды ауылдық округінен – 1 жобаға 9,0 миллион теңге, Бекбауыл ауылдық округінен – 1 жобаға 5,9 миллион теңге, Қамыстыбас ауылдық округінен – 1 жобаға 4,5 миллион теңге, Аралқұм ауылдық округінен – 1 жобаға 3,5 миллион теңге, Сапақ ауылдық округінен – 1 жобаға 20,0 миллион теңге қаржы қарастырылған. Бұл жобалардың ішінде өңдеу саласы бойынша – 17 жобаға 140,04 миллион теңге, мал шаруашылығы бойынша – 1 жобаға 4,5 миллион теңге, қызмет көрсету саласы бойынша – 8 жобаға 63,2 миллион теңге, өсімдік шаруашылығы бойынша – 1 жобаға 7,7 миллион теңге, техника сатып алу бойынша – 1 жобаға 20,0 миллион теңге қаржы бөлінген.
Бүгінде аймақ жұртының әр ауданда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтынуына мүмкіндігі бар. Бұл ретте ауыл шаруашылығы өнімсдерінің жәрмеңкесі тиімділігін көрсетуде. Биыл аудандағы барлық ауыл шаруашылығы құрылымдары ет, сүт, балық және көкөніс өнімдерін халыққа тікелей ұсынылып, нарық бағасынан 15-20 процентке арзан әрі қолжетімді бағада сатылған.
