Kyzylorda-news.kz. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы Эльмира Тойлыбекова Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өткен «ХІІ Global Teashing Dubai» атты халықаралық шараға қатысты.
«Ашық аспан астындағы 72 дәріс» тақырыбында өткен семинар бес күнге созылып, білім беру саласындағы өзекті тақырыптар талқыланды.
Халықаралық шарада білім беру саласының өкілдері «Педагог мәртебесін көтеру», «Сабақтағы проблемалық оқыту әдістері», «Педагогтардың БАҚ-пен жұмысы», «SMM және педагог» бағыттары бойынша тәжірибе жинақтады.
Семинарға қатысқан педагогтер өзара тәжірибе алмасумен қатар, өз саласы бойынша жоба қорғады. Мен халықаралық жиында «Абайдың саяси-құқықтық ойлары және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» тақырыбындағы зерттеуімді ұсындым. Презентация барысында Абайдың этникааралық және құқықтық ойлары, заңгер ретіндегі шешімдеріне көпшілік назарын аударттым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «...шетелдіктердің бәрі бірдей Қазақстан дегенде бірден Абайдың есімін атайтындай дәрежеге жетуіміз керек» деген болатын. Қазір Scopus деректер базасында Абай Құнанбаев туралы 19 жарияланым бар. Меніңше бұл өте аз көрсеткіш, сондықтан әлемдік деңгейде Абай мұраларын насихаттау жұмыстарын күшейту керек. Қазіргі уақытта мектепте «Абайтану» курсы 9-сыныпта басталады. Бірақ, «Абайтану» курсын 1-сыныптан бастау керек деген ойдамын, – деді Эльмира Орынтайқызы.
Айта кету керек, біздің елімізден семинарға 30-ға жуық оқытушы қатысып, арнайы сертификат иеленді.