Kyzylorda-news.kz. «Бақытты елдің ұрпағы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Алматыда өткен халықаралық «Біз бақытты баламыз» өнер байқауында Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Самға» би тобы бас жүлдені жеңіп алды.

Сырбойылық жастар байқауда «Жастық шаттығы» қазақ биін көрсетіп, жастар бойындағы қасиеттерді ырғақпен жеткізді.

«Бұл қойылымда балалар жас ерекшеліктеріне сай көңілді ойындар көрсетті. Композицияда қазақ жастарына тән әдептілік, сыйластық, құрмет секілді қасиеттер бейнеленген образдарды оқушылар жоғары деңгейде ойнап шықты», – дейді топ жетекшісі Жұлдызай Мауленова.

Байқауға қазақстанның түкпір-түкпірінен өнерлі жастар мен музыкалық ұжымдар жиналды. Қатысушылар аспапта ойнау, көркем сөз, хореография, дәстүрлі ән, вокал, бейнелеу және қолөнер, робототехника мен театрландырылған қойылым номинацияларында жүлделі орындарға таласты. Қызылордалық зияткерлер білімнен ғана емес, шығармашылықта да озат екендіктерін дәлелдеп, сайыстың жеңімпазы атанды. Алдағы уақытта «Самға» тобы Ташкентте өтетін халықаралық сайысқа қатысып, мектеп намысын қорғайтын болады.

Айта кетейік, болашақ ұрпаққа рухани байлық пен ұлттық қасиеттерді сіңірудегі елеулі еңбектері үшін «Самға» би тобының жетекшілері Ақмарал Әлібекова мен Жұлдызай Мәуленова Алғыс хатпен марапатталды

Тағы да оқыңыз: