Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Германия Федеративтік Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Тило Клиннерді қабылдады. Кездесуде Қызылорда облысы мен Германия елінің арасындағы бірлескен ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

«Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасында жүретін тауар айналымындағы Қызылорда облысының үлесі ағымдағы жылдың 4 айында 4 млн. АҚШ долларын құрайды. Оның ішінде экспорт бойынша 1,7 млн. АҚШ доллары. Негізгі бағыт – балық өнімдері. Импорт 2,3 млн. АҚШ долларын құрап, онда 48% негізгі бөлігін машина жасау және автоматика өнімдері алады», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Қызылорда облысы мен Германия түрлі инвестициялық бағыт бойынша тығыз байланыс орнатқан. 

Былтыр күзде Қызылорда қаласында Германияның Алматы қаласындағы Бас Консулы Кристиан Маркерттің қатысуымен жыл сайынғы инвестициялық форум өтті. Онда өңірдің туристік саласын дамыту мәселелері талқыланды. 

Ал, биыл жыл басында Қызылорда облысы делегациясының Дортмунд қаласына сапары аясында неміс (ICMD International Corporationof Metaland Alloy Development Holding Gmbh) және поляк (EMP Energyand Metallurgical ProductsSp.Z o.O.) компанияларымен кездесу өтіп, «Қызылорда қаласында ферроқорытпа зауытын салу» жобасын іске асыру туралы үш жақты меморандумға қол қойылды.

Сондай-ақ, Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі герман қоғамы (GIZ) «Солтүстік Арал өңірінің балық қорларын сақтау және дамыту, қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы шеңберінде Көкарал бөгетінде балық қорғау құрылғысы құрылысының жобасын қаржыландырып, қолдау көрсетіп келеді.

Кездесу соңында Тило Клиннер облыс әкіміне қабылдағаны үшін алғыс білдіріп, алдағы уақытта да ауыл шаруашылық, цифрландыру және өзге де салалардағы жобалармен ортақ жұмыс жасауға ұсыныс білдірді.

Елшінің Сыр өңіріндегі жұмыс сапары Арал ауданында жалғасады.

Тағы да оқыңыз: