Kyzylorda-news.kz. Үндістанда 44-ші шахмат Олимпиадасының ашылу салтанатында Қазақстан спортшылары тусыз шықты. Бұл туралы желідегі өз парақшасында қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаеваның анасы жазды.
“Таңғажайып шараның ашылу салтанатының соңында 186 ұлттық құрама команда 185 тумен жүріп өтті. Неге 186 команда, ал ту саны тек 185 деп сұрайтын шығарсыз? Себебі Қазақстан құрамасының Олимпиадаға қатысуын ұйымдастыруға жауапты Қазақстанның шахмат федерациясы ұмытып кетті, 20 мың теңгені аяды. Салдарынан Қазақстан құрамасы шеруде тусыз өтті. Ұят!”- деп жазды спортшының анасы Лиана Таңжарықова.
Қазақстан шахмат федерациясы бұған дейін олимпиадаларда спортшылардың шеруі тәжірибеде болмағанын түсіндірді.
“Әдетте, ту Олимпиаданың жабылу салтанатында қатысушыларды марапаттау кезде ғана қажет. Биыл ұйымдастырушылар осындай ерекше мүмкіндік берген. Бірақ делегацияны тиісті деңгейде хабардар етпеді”, – деп хабарлады федерацияның баспасөз қызметі.
Айта кетері, қазақстандық делегациядан басқа, қатысушы құрама елдердің жартысынан көбі шеруге тусыз шықты. Ал кейбір командалар ашылу салтанатында мүлдем болмаған.