Kyzylorda-news.kz. Шамамен 34 миллион жыл бұрын біздің планетамызда Альпіден бастап Орталық Азиядағы Арал теңізіне дейін жалғасқан алып су қоймасы пайда болған. Зерттеулердің кезеңі мен тәсілдерінің өзгеруіне байланысты ғалымдар бұл су қоймасын біресе мұхит, артынша теңіз, тіпті көл болуы мүмкін деп әртүрлі болжам жасайды.
Зерттеушілер бұл су қоймасына Паратетис деген атау берді. Бұл атау су қоймасының Лавразия мен Гондвананы бөліп тұрған ежелгі Тетис мұхитының сыртында орналасқан деген мағынаны білдірген.
Бүгінгі Қара теңіз, Каспий теңізі, Арал теңізі, Урмия көлі, Намак көлі және басқалары – Паратетис қалдықтары. Мәселен әлі күнге дейін Маңғыстаудың кейбір аудандарында теңіз кірпілерінің, қабыршақтар мен ежелгі аккулалардың қалдықтары табылуда.
Паратетис су байлықтарына қанық еді. Су қоймасында моллюскалар мен шаян тәрізділерден бастап, сирек кездесетін киттер мен дельфиндерге дейін болды.
Жаңа зерттеу нәтижесінде, су қоймасының көлемін кішірейтіп, ондағы тіршілік иелерінің санын жойып жіберген төрт апатты цикл анықталды.
Су мөлшерінің қатты тартылуы 7,9 мен 7,65 миллион жыл бұрын болған. Бұл оқиға Ұлы Херсон құрғақшылығы деп аталады. Осы эпизод кезінде Паратетистегі су деңгейі 250 метрге төмендеп, су қоймасын шағын көлдерге бөлінді. Бұл суда тіршілік ететін организмдердің қырылуына алып келді.
Паратетистің жойылуына температурадағы ауытқулар мен Еуразиядағы жауын-шашым мөлшері әсер еткен.
Паратетис гүлденген шағында шамамен 2,8 миллион шаршы шақырым аумақты қамтыды. Оның құрамында қазіргі планетаның барлық көлдерінен 10 есе көп су болған. Зерттеушілердің есептеулеріне сәйкес, құрғақшылық эпизодтары кезінде Паратетис өз аумағының 70 пайызын жоғалтқан. Су деңгейінің төмендеуі тұз концентрациясын арттырды. Ғалымдар мұндй құбылыстар орын алған кезде көптеген теңіз организмдері қырылып қалатынын, мұндай жағдайға төтеп бере алмайтынын айтады.