Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының өнімдер әлемнің 21 мемлекетіне экспортталды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан шаралар туралы брифингте Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқарма басшысының орынбасары Айнұр Тілеулеева аймақтағы қандай өнімдердің экспортқа шығатынын айтты.
Соңғы жылдары облыстың экспорттық әлеуеті артып келеді. Биылғы жылдың 1 қазанына облыстан 43 млн. долларды құрайтын 80,4 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері, атап айтқанда, күріш, балық өнімдері, бидай қалдығы, қамыс, қауын, қарбыз, көкөніс, қызанақ экспортталып, өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 170,6 пайызға артып отыр.
«Өздеріңізге белгілі, облыста өндірілетін негізгі дақыл – күріш үлкен сұранысқа ие. Өз кезегінде, күріш өнімі Республика халқының қажеттілігін толық қамтамасыз етумен қатар алыс-жақын шет елдерге де экспортталуда. Барлық экспортталған өнімнің 87,7 пайызын құрайтын күріш өнімі бұл күнде Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Моңғол мемлекеті, Тәжікстан, Түркмения, Украина, Грузия, Литва, Түркия және Ирак мемлекеттеріне экспортталуда», - дейді Айнұр Тілеулеева.
Брифинг барысында басқарма басшысының орынбасары аймақтағы мал шаруашылығына да тоқталып өтті.
«Мемлекеттің қолдауы арқасында мал басы тұрақты өсіп келеді. Атап айтқанда, өткен жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара мал басы – 8,0 пайызға, қой мен ешкі - 4,6 пайызға, жылқы – 17 пайызға, түйе - 7 пайызға, құс – 2 пайызға көбейіп, ет өндірісі- 1,9 пайызға, сүт өндірісі - 1,2 пайызға, жұмыртқа өндірісі – 2,3 пайызға артып отыр. Өздеріңіз көріп отырғандай, бұл ауыл шаруашылығы саласының көрсеткіштеріне ауыл шаруашылығы құрылымдарында жұмыс жасайтын еңбеккерлердің өз істеріне адалдығы, кәсіби шеберлігі мен табандылығының арқасында қол жеткізіліп отыр», - деді Айнұр Маратқызы.
Айта кетейік, «Алтын дән-2022» мерекелік шарасы аясында ел қамбасын астыққа толтырып, мол өнім алуда қажырлы еңбек еткен үздік жетістіктерге жеткен облыстың 67 озаттары марапатталды.