Kyzylorda-news.kz. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде білім ала жүріп, шетелдегі оқу орындарында тәжірибе жинақтап, біліктілік арттыруға болады. Бүгінде университет пен шетелдік жетекші жоғары оқу орындары, білім беру және мәдени орталықтары арасында 170-ке жуық шарт пен меморандумға қол қойылды.
Биыл білім ордасындағы студенттер арасында шетелде оқуға ниет білдірушілер саны артқан. Олардың қатарында 2 курс магистранты Әсел Баймаханова бар. Қазір Әсел АҚШ-тың Монтана штаты, Бозмен қаласындағы Montana мемлекеттік университетінде білімін шыңдауда. Жуырда Әселмен хабарласып, ол жақтағы оқу барысы, ерекшелігі туралы сөз қозғадық.
– Әсел, АҚШ-қа 6 апталық тәжірибе алмасуға аттандыңыз. Шетелде оқимын деген мақсат қалай туындады?
– Бала кезден-ақ, шетелде оқысам білімім екі еселенеді деген сенім болды. Он жыл бұрын менде мүмкіндік болғанымен, отбасылық жағдайыма байланысты бара алмадым. Сол арманым биыл орындалды. Шетелде оқудағы мақсатым – елдегі біліммен салыстыра отырып, кәсіби деңгейде даму, шәкірттеріме әлемдік деңгейдегі білім дағдыларын үйрету.
Бұл елде ағылшын тілін білу деңгейім артты. Мұнда ерекше балаларға білім беру тәсілдерін меңгеріп жатырмыз. Елімізде денсаулық жағдайы, өзіндік ерекшелігіне байланысты үйден оқитын оқушыларды мектепке апару, қоғамға үйрету жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстардың өзіндік күрделі тұстары жетерлік. Сондықтан білімімді жетілдіре отырып, мұндай мәселелерді шешу жолдары, білім беру жүйесінің артықшылықтары туралы зерттеу жүргізудемін.
– Қазір жастардың көбі шет елге шығуды армандайды. Жастардың шет елде оқуға деген ерекше ұмтылысы туралы не айтасыз?
– Жастардың шетелде оқуға құштарлығы қуантады. Шетелде оқу арқылы ең алдымен ұлттық құндылықтарды бағалап үйренеді. Білім беру жүйесін салыстырып, тұлғалық тұрғыда дамуға оң әсер етеді. Бір Американың өзінде 30 елдің адамымен кездесуге болады. Әр елдің сабақ беру методикасын көру арқылы көп жаңашылдықты үйренесің. Бір аптадан бері «public speaking», яғни, халық алдында сөйлеуді үйреніп жатырмыз. Негізі мұндағы жүйенің біздің оқу бағдарламасымен ұқсас тұстары бар, бірақ қосымша үйренетін дүниелер де аз емес.
– Білім жетілдіру барысында қандай жаңа мақсаттар туындады?
– Алдағы уақытта балаларымның ой-өрісі, дүниетанымдарының кең болуы үшін ата-ана ретінде қолымнан келгенін жасағым келеді. Шет елде жүріп, қаншама дарынды жастарды көрдім. Олардың көздерінен оқу-білімге деген ерекше құлшынысты көруге болады. Біз АҚШ, Жапония сияқты дамыған елдердің қатарына қосылу үшін кейінгі ұрпақ білімді болу керек.
АҚШ-та алған білімімді елдің дамуы үшін жұмсасам деймін.
– Әсел енді туған жеріңіз, өскен ортаңыз, отбасыңыз туралы айтсаңыз…
– Жалағаш ауданы, Бұқарбай батыр ауылында мұғалімдер отбасында тәрбиелендім. Әкем физика пәнінің мұғалімі, мектеп директоры болған кісі. Менде әкемнен үлгі алып, ұстаздық жолды таңдадым. Он жылдан бері мұғалім болып қызмет етіп келемін. Сондай-ақ, төрт баланың анасымын.
– Жастарға қандай кеңес бересіз?
– Қазіргі заман білімділер заманы. Виза алғаннан кейін мен не көрдім? Ірі компанияларды жұмыс жасайтын, шет елге саяхатқа шыққан жастардың көптігін байқадым. Жай ғана жанкүйер ретінде футбол командасының кезекті ойынын көру үшін шет елге атанған жас отбасыларды көрдім. Ата-анасымен ел көруге аттанғандар қаншама?! Мен оларды көріп қанаттандым. Қанша жерден бай болсаң да, білімің болмаса биікке шыға алмайсың. Болашақ тек білімді жастардың қолында.
Сұқбаттасқан Назерке Шарападдин