Kyzylorda-news.kz. Әр елдің әдебиеті арқылы олардың тарихын, бастан өткерген кезеңдері мен салтын білуге болады. Сол секілді кейіпкерлер образы арқылы олардың танымындағы сұлулық ұғымымен жақын танысамыз.
Ұлыбритания: Элизабет Беннет
Ұлыбритания жазушысы, атақты Джейн Остиннің екінші кітабы “Тәкаппарлық пен жаңылыстың” (Гордость и предубеждение) бас кейіпкері Элизабет Беннетті айтпасқа болмайды. Өйткені роман жарыққа шыққаннан бері елдегі біраз бойжеткен Элизабетке еліктеп, оның болмысынан, үйлесімді іс-қимылынан сабақ ала бастады. Бұл кейіпкердің соншалықты танымал болуына оның тәрбиелі, беделді отбасының қызына тән болмысқа қарама-қайшы болуымен байланысты еді. Сол уақыттағы Англия бикештері тек отбасының (әке, ағасының) дегенімен жүріп, өзін әрқшан жұрт алдында биік ұстап, артық қауесет пен іске жол бермейтін еді. Элизабет болса еті тірі әрі шынайы болатын. Ол орынсыз болса да әзілдей алатын, өзінің қатесін мойындайтын және қатал тәртіппен өскен бойжеткенге тән болмаса да, дұрыс емес нәрсені ашық айта алатын еді.
Элизабеттің образы XIX ғасыр әдебиетіне біраз өзгеріс алып келді. Сол уақытта дүниеге келген шығармалардағы кейіпкерлер образының көбі Элизабетке ұқсай түсті.
Жапония: Отикубо ханшайым
Жапония біраз жыл бойы “Жабық есік” саясатын жүргізгені бәрімізге мәлім. Сол себепті қоғамдық таптаурындар мен мінез-құлық нормасы Еуропаға қарағанда өзгере қоймады. Ұлттық жазушыларға әсер еткен алғашқы мінсіз әйел образы жапон әдебиетінде ертерек пайда болды. X ғасырда белгісіз автордың “Таңғажайып Отикубо туралы аңыз” атты туындысы жапон әйелдерінің образын жасады. Туынды Күлбике туралы ертегіні еске салады: өгей шешесінен әбден қорлық көрген бойжеткеннің оқиғасы. Ол үй жинайды, тамақ дайындайды, бар тұрмыс тірлігіне жауапты.
Бір күні бойжеткен беделді жапон әулетінің жас мұрагерімен танысып, оған ғашық болады. Бұл жердегі басты нәрсе — Отикубо жас жігітің жүрегін тек сұлулығымен ғана емес, еңбекқорлығы, ерекше талғамы және өлең жаза алатын таланты арқылы жаулап алуы. Осы қасиеттерді жапон халқы әйел бойындағы ең маңызды нәрсе санайтын. Кез келген ақсүйек әйел жарын жерге қаратпау үшін өнерден хабардар болуы шарт еді. Күлбикеден айырмашылығы Отикубо өзіне күн бермеген әке-шешесін жазалаудың орнына, сүйіктісін оларға көмек қолын созуға көндіреді.
Ресей: Татьяна Ларина мен Наташа Ростова
Орыс әдебиетіндегі әйел образдары сөз етілгенде Александр Пушкин мен Лев Толстойдың шығармасындағы әйелдер аталмай өтпейтін. Татьяна Ларина, Наташа Ростованың өзін-өзі ұстау мәнері мен мінезі біраз уақытқа дейін нағыз орыс әйелінің болмысы саналды. Отбасылық құндылық пен жарға деген адалдық әйелдің өз қалауы мен қызығушылығынан жоғары болып, біразға дейін әйел адамның өмірлік қағидасы осы болды. Ал Наташа Ростова нағыз аналық махаббаттың сиволы мен жарының сенімді тіреуі әрі жұбанышы бола білді.
Бір қызығы Татьяна Ларинаның да, Наташа Ростованың да образдары орыс әйелдерінің жиынтық образынан туған жоқ. Пушкин “Евгений Онегин” шығармасын жазғанда француз әдебиетіне көп мән берсе, Лев Толстой ағылшын әдебиетінен шабыт алған. Соған қарамастан қос әдеби кейіпкер орыс ұлтының символына айналған әйел образын қалыптастыра білді.
АҚШ: Скарлетт О’хара
Америка әдебиетінің басты кейіпкері Скарлетт О’Хара екені сөзсіз. Кейіпкер өмірі оңай болмаса да, ол әрқашан өзін қолға алып, өзінің атақты сөзі “Бұл туралы ертең ойланып көремін” деп тығырықтан шығар жол таба білетін. Оның болмысын барлық америкалық шынайы жақсы көрді: кітабы бестселлер атанса, экранизациясы сегіз рет “Оскар” иегері атанды. Роман 70 түрлі тілге аударылды, Скарлетт әйелдердің сүйікті кейіпкері атанды. Аталған кейіпкер тек сұлулықтың емес, қылықтылықтың, еркеліктің, даналықтың және әйелге тән кербездіктің сиволы болды.
Франция: Бовари ханым
Жазушы Флобер өзінің сүйкімсіз кейіпкері Бовариді француз әйелдерінің сүйіктісіне айналады деп ойламаса керек-ті. Моралист жазушының ойында Эмма Бовари пасық, сәл дөрекі, іш пыстырарлық кейіпкер еді. Ол талқыға түсіп, оқырмандардың жерден алып, жерге салуы тиіс кейіпкер, жазасы “өлім” болатын. Сол себепті автор өз жарына қиянат жасаған Бовариді өлтіруге шешім қабылдайды.
Дегенмен оқырман қауымның басым бөлігі автордың бұл ойымен келіспейді. Жаны романтикаға толы адамдардың басым бөлігі оның болмысын жүрегін тыңдай білген және қоғамның орынсыз пікірімен өмір сүруден бас тартқан адам ретінде таниды. Бұл мінезі де француз бикештерін айрықша еліктірсе керек.
Қазақстан: Меңтай және Қыз Жібек
Қазақ қыздарының болмысын көрсететін кейіпкер десе бірден “Махаббат, қызық мол жылдар” романында тағдыр құрбаны болған Меңтай мен сұлулығымен тәнті еткен Қыз Жібек ойға келеді. Екі ару – екі түрлі дәуірде өмір сүрген кейіпкерлер. Бірі қыз бала еркіндігінің жоқтығы, адал махаббат жолында құрбан болу тақырыбын көтерсе, Меңтай — ешқашан мойымайтын бойжеткен. Ол – адамгершілік пен даналықтың символы. Меңтай өз образы арқылы қазақ қызына тән иба, инабатты көрсетсе, Қыз Жібек заманына сай қайсарлық көрсете білген.