Kyzylorda-news.kz. Халықаралық қауымдастық қанша күш салғанымен, әр айда байырғы халық өкілдері сөйлейтін екі тіл жойылып жатыр. Олармен бірге білім, салт пен дәстүр қоса кетеді. Бұл туралы БҰҰ Бас ассамблеясы 74-сессиясының Төрағасы Тиджани Мұхаммед-Банде мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
2019 жыл БҰҰ ұйғарымымен Халықаралық байырғы тілдер жылы болып жарияланған. Бас ассамблея кеше осы жылдың қорытындысын жасады. Әлемде байырғы халықтардың 4 мыңға жуық тілі бар. Кейбірінде бірнеше адам ғана сөйлейді. Тиджане Мұхаммед-Банде алдағы онжылдықта көптеген тілдердің жойылып кетуі мүмкін екенін айтты.
«Әр екі аптада кем дегенде бір байырғы ұлттың тілі жоғалады. Айына – екі өлі тіл», – деді Тиджани Мұхаммед-Банде.
Төрағаның айтуынша, қазіргі күні байырғы халықтардың төрт мыңдай тілі ғана сақталған, оларда әлем халқының 6%-ы ғана сөйлейді.
Мұхаммед-Банде барлық халықаралық ұйымдарды тілді сақтау шараларын күшейтуге шақырды.