Kyzylorda-news.kz Дүкеннен бір қорап тұзды сатып алғанымызбен, оның ас үйімізде пайда болғанға дейін қандай жолды артқа тастағанына көбіміз ойланып, басымызды ауырта бермейміз. Ал шынтуайтында, бір қарағанда қарапайым көрінетін осы өнім түрі кәсіби команда мен заманауи техниканың атқарған үлкен жұмысының нәтижесі болып табылады. Адамдар өмірін елестете алмайтын осы ақ түйіршіктердің артында Қазақстанда жүз жылдан бері дамып келе жатқан тұтас бір индустрия тұр.
Тұз - ас үйдегі дәмдеуіш қана емес, адамзат тарихында шешуші рөл атқарған ежелгі минералдардың бірі. Оны кезінде стратегиялық ресурс ретінде бағалап, тіпті валюта түрінде де пайдаланған. Бүкіл қалалар мен сауда жолдары тұз кен орындарының арқасында пайда болды. Ғасырлар бойы ол байлықтың символы, консерві өнімдерінің басты құрамы және тамақтанудың маңызды элементі болып келеді. Тіпті, бүгінгі күндері де тұз адамзатқа ауадай қажет.
Кішкентай артельден тұз алыбына дейін
"Аралтұз" АҚ - Орталық Азиядағы ірі тұз өндірушілердің бірі және Қазақстанда йодталған ас тұзын шығаратын бірегейі. Кәсіпорын өз қызметін 1925 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданы, Жақсықылыш ауылының көлдерінде алғашқы тұз артелі құрылған кезден бастады. Сол кезде балық шаруашылығына қажет тұз бүгінгі мыңнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз ететін компанияға негіз болады деп кім ойлады дейсіз?
Ол кездері бәрі қол еңбегінен және шағын тасымалдан басталды. Бүгінде кәсіпорын «Аралтұз» және «Славяночка» брендтерімен ас және техникалық тұз өнімдерін шығарып, Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Грузия және ТМД-ның басқа елдерінің нарығына жөнелтіп отыр. Бірақ, ең бастысы, жүз жылдық тарихында өндіріс технологиялық, тұрақты әрі жауапты бизнес үлгісінің озық мысалына айнала алды.
Кәсіпорын дамуының негізгі бағыттарының бірі - тұз өндіру процестерін модернизациялау. Бұл өндіріс саласына жаңа сапалы тәсіл енгізуге мүмкіндік берді. Ғасыр толған жылында «Аралтұз» кейіннен самосвалдарға тиеу немесе арнайы жалдарға орналастыру үшін тұз қатпарының жоғарғы қабатын заманауи комбайндар көмегімен ұқыппен бөліп алу секілді жаңа технологияны қолдана бастады.
Өндірісті модернизациялау
Жаңа жүйе тұз өндіру учаскесін қайта өңдеуге мүмкіндік беріп, өнімнің тазалығын арттырып қана қоймай, шығындарды және өндірісте қолданылатын техника санын да қысқартады. Маңыздысы сол табиғи тұз қабаты сол қалпында сақталады. Бұған қоса, қоршаған ортаға әсерді барынша азайтуға да айрықша назар аударылады. Осы міндетті орындауда жаңа технологиялардың көмегі зор.
Сонымен қатар логистика тиімділігі де артып, өнеркәсіптік қауіпсіздік жоғарылайды, себебі техниканың жұмыс барысындағы әрбір қадамы жіті қадағаланып, ауытқулар мен кідірістер тіркеліп отырады.
Соңғы 10 жыл ішінде компания үлкен серпіліс жасады. Атап айтқанда, өндірістік желілер жаңартылып, Испания мен Украинадан әкелінген жаңа жабдықтармен жабдықталған цехтар ашылды. Олардағы ауа тазартқыш аспирациялық жүйелер де іске қосылды. Кәсіпорын алдағы жоспарында Қазақстанда алғаш рет вакуумды тұз өндіретін зауыт ашуды көздейді. Бұл қадам компанияның өнім түрлерін көбейтіп қана қоймай, халықаралық стандартқа сай өніммен жаңа нарықтарға шығуына мүмкіндік береді. Қазір зауыт жобасы әзірлену үстінде.
Мықты ұжым - табыстың кілті
Әрине, кез келген өндірістің басты әрі бағалы ресурсы - адамдар. Компания қызметкерлеріне ерекше көңіл бөледі. Қазіргі таңда кәсіпорында мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Олардың 94 пайызы Жақсықылыштағы өндірістік алаңда еңбек етеді. «Аралтұз» ұжымына кірген әр қызметкер тұрақты табыс, кәсіби өсу және мансаптық даму мүмкіндігіне ие болады.
Кәсіпорын қызметкерлерге барынша жайлы жағдай жасауға ұмтылады: оларға әлеуметтік көмек, өтемақылар және қосымша демалыс қарастырылған. Біліктілігін арттырғысы келетіндер үшін арнайы білім беру бағдарламалары да бар.
Стандарттар жай ғана формалдылық емес
«Аралтұздағылар» тұрақты әрі адал бизнестің тәжірибе мен дәстүрге ғана емес, нақты қағидаларға да негізделеді деп сенеді. Сондықтан компания халықаралық стандарттарды жай ғана енгізіп қоймай, оны іс жүзінде ұстанып отыр. Кәсіпорын өнім сапасына (ISO 9001), қоршаған ортаға (ISO 14001), қызметкерлердің қауіпсіздігіне (ISO 45001), азық-түлік қауіпсіздігіне (FSSC 22000) ерекше мән береді. Сондай-ақ, энергия тұтынысы (ISO 50001) және әлеуметтік жауапкершілікке (SA 8000) де баса назар аударылады.
Осы стандарттардың әрқайсысы кәсіпорын қызметін ашық әрі тұрақты етуге көмектеседі. Компания бизнестің табысты ғана емес, адамдар мен қоршаған орта үшін де пайдалы болуы керектігіне сенімді.
Компанияның миссиясы – озық технологияларды пайдалана отырып, табиғи байлықты, мәдени және өндірістік мұраны сақтау, миллиондаған адамның күнделікті өміріне енетін сапалы өнім жасау.
«Аралтұз» акционерлік қоғамы дәстүрлі өндірістің заманауи, экологиялық таза әрі әлеуметтік жауапты салаға айналатынын, пайда табумен ғана шектелмей, елдің дамуына үлес қоса алатынын дәлелдеп отыр.
Фото: Жарнама берушіден