Kyzylorda-news.kz.  Бұл өмірде ешкім мұқтаждықты, зәру болуды қаламайтыны белгілі. Әйтсе де қоғамда түрлі тағдыр бар. Өзгеге қол ұшын созып көмектесу қанымызда бар қасиет. Қиналғанды демеп, жақыны болмаса да жанашырлыққа асыққан жастардың күн сайын қатары артып келе жатқанына, әрине қуаныштымыз. 2020 жылды Мемлекет басшысы Еріктілер жылы деп жариялады. Сол тұста ауданның ерікті жастарының басын қосатын «Демеу» тобы құрылды. Жетекшісі – аудандық емхананың медбикесі Әсем Мерекова. Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүретін қайсар қыз жұрт үйден шығуға қорқып, екінің бірі ауруға шалдығып, кеселмен күрескен уақытта үй-үйді аралап, тегін дәрі екті. Қаншама адамның бата мен са¬уабын алды. Сондай жаны жайсаң жанмен жақында тілдескен едік.

– Еріктілер жылында «Демеу» еріктілер тобын құрдыңыз. Бұған не түрткі болды? Идея қайдан келді?

– 2020 жылы еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Еріктілер» жылы деп жариялады. Сол жылмен жаһанды жайлаған пандемия да тұспа-тұс келді. Әлі күнге дейін есімде. Бір өзім күніне 28-30 үйге дейін барып тегін екпе салып жүрдім. Мұғалімдер арасында сондай көмек қолын созды. Жалпы қай саланың жастары болмасын әр жерде өз қолынан келгенінше жақсылықтарын жасап жүрді. Содан аудандық Жастар ресурстық орталығы жанынан аудандағы белсенді жандар кездесіп, топтың атын құрып «Демеу» деп қойдық. Сол уақыттан бері жығылған жанға демеу болып, түрлі іс-шараларды ұйымдастырып, аудан тұрғындарын жақсылық жасауға шақырып жүрген жайымыз бар.

– Пандемия көп нәрсенің көзін ашты. Құндылықтар ауысты. Көпшіліктің де волонтерлыққа деген көзқарасы өзгерген шығар. Қалай ойлайсыз?

– Қазақ өзі ертеден жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халық қой. Біз бір үзім нанның өзін жанындағысына бөліп берген, жақсы мен жаманды бірге көріп келген халықпыз. Бұл асыл қасиетімізді бүгінгі күнде жоғалтқан емеспіз. Жанашырлық шуағын жан-жаққа таратуға мүмкіндігінше ат салысып келеміз. Расымен, қазір әлеуметтік желінің қайсысын ашып қарасаңыз да жанашыр жандардың игі ісіне толы жазбаға тұнып тұр. Ол біздің асылдығымыз бен жанашырлығымыздың дәлелі. Барлығымыздың бір-ақ мақсатымыз бар. Ол – адам болып өмірге келген соң, сауапты іспен айналысу. Міне, осы мақсатта ауданның белсенді жастары талай жан игі істің қасынан табылуда. Жастар игі іс жасауға қашанда дайын. Міне, бұл көзқарастың өзгергенінің айқын көрінісі емес пе?!

– Еріктінің бір күні екіншісіне ұқсамайды. Түрлі адамдарға жолығып жатасыздар. Солардың қатарында жадыңызда ерекше сақталғандары бар ма?

– Әрине, түрлі жағдай болды. Барлығын көзбен көрдік. Әсіресе пандемия кезінде жағдайы жақсы тұратын үйден тұрмысы төмен үйлерге «Витамин С» ұрлап салғаным бар. Сол жағдай есіме түссе әлі күнге дейін күлемін. Қазір еске алып, күліп жатырмыз ғой. Ол кезде тек адамдарға қайтсем көмектесемін деген ой ғана болды ғой. Сонымен қатар, жалғызбасты ата-әжелерге барып ыстық тамақ беріп, үйін жинауға барамыз. Олар балаша қуанып қалады. Сондай сәтті көргенде өзімді бақытты сезінетінмін. Себебі адамға қуаныш сыйлаудан артық бақыт жоқ секілді.

– «Еріктілер өзгелерге көмектесуден гөрі көзбояушылықпен айналысады» деп сөгіп жататындар да кездеседі. Ондай пікір айтатындарға қалай жауап берер едіңіз?

– Иә, түрлі әңгіме айтатындар кездеседі. Бастапқы жылдары жылап қалатынмын. Жұмысымда да түрлі кедергілер болды. Содан кейін «өзіңе сен, ісіңді Алла көріп тұр» деп өзімді жұбатып қоятын болдым. Көпшілігі жасаған жақсылығын бірден әлеуметтік желіге салады деп сөгіп жатады. Ол мақтаныш үшін емес, басқалардың мейірімін ояту және демеушілерге есеп ретінде саламын. Өйткені ол жерде мен қалтамнан шығармаймын, жәй ғана ұйымдастыру қызметін атқарамын.

– Еріктілік – өз уақытыңды, күшіңді сарп етіп, өзгеге көмек қолын созу. Мұндай әрекетке кез келген адам бара бермейді. Дегенмен, соңғы жылдары елімізде бұл қозғалыстың дамып, еріктілердің саны артып келе жатқандығы байқалады. Волонтерлікпен айналысуды ниет етіп жүрген жастарға не айтар едіңіз?

– Рас, әдепкіде ерікккендер, жұмыстары жоқ деп түрлі әңгімелер ерді. Бірақ соның бәріне мойымай, «адамдарға қайтсем көмек қолын соза аламын» деп шын ниетпен көмектесу қажет.  

– Мұнан өзге «Demeu Travel» туристік компания құрғанызды білеміз. Қазіргі жұмыстар қалай жүріп жатыр?

– Қазір қасиетті Рамазан айы болған соң бұл жұмысымыз сәл тоқтап тұр. Дегенмен алдағы уақытқа жоспарымызды бастап кеттік. Түрлі саяхаттарды да ұйымдастыратын боламыз. Тур агенттік негізінде облыс және аудан тұрғындары Қазақстанның көрікті жерлеріне саяхатқа шығып жүр. Сол арқылы адамдар қайырымдылыққа өз үлестерін қоса алады. Халықтан не кәсіпкерлерден сұрай бермей, осы саяхаттан түскен қаражаттың 10 процентін көпбалалы немесе жағдайы төмен отбасыға және ерекше балаларға жұмсауды басты мақсат етіп қойдық. Осылайша бәр жағынан адамдарға қызықты саяхат жасаумен қатар екінші жақтан мұқтаж жандарға да қуаныш сыйлауды жөн көрдік.

– Әңгімеңізге көп рақмет! Жұмысыңызға тек сәттілік тілейміз.

Тағы да оқыңыз: