Kyzylorda-news.kz  Тіл – ұлттар арасындағы алтын көпір. Көп тіл арқылы адамдардың таным көкжиегі кеңейеді. Оған қоса, аспан астындағы халықтардың салт-санасы, дәстүрі, әдет-ғұрпы туралы біліп, тұлғалық деңгей жоғарылайды. Осындай озық жетістікке жеткен қандас бауыр Жамбыл Бақытәлі  қызылордалық жастарға қытай тілін үйретіп, руханиятқа өз үлесін қосуда.

– Қытай жазба әдебиетінің қазақ поэзиясынан нендей ерекшелігі бар?

– Қытай халқы жазба әдебиетінің негізі өте ертеде қаланған. Шығыстың жазушылары шалқып, жазбаның құрылымын көңілдің ырғағына билетіп жазуға әбден дағдыланған. Ал, оның қазақ поэзиясына ұшығы жеткені жақында ғана.  Бізде бұл үрдісті «ақ өлең» дейді. Қазақ қоғамы оны әлі күнге толықтай түсініп, қабылдай қойған жоқ. Тарихи ұқсастығына келсек, Қытай поэзиясының гүлденген кезеңі – Таң дәуірі.  Патша ордасына ақындарды алдырып, «сарай ақыны» деген атақ беріп, өлең-жырын тыңдаған. Бұл қазақ хандарының жырауға көрсеткен құрметіне ұқсайды. Осындай жағдайлар әдебиеттің, поэзияның дамуына түрткі бола алды. Менің ойымша, жаңа заманда қытай мен қазақ халқының әдебиетінде ұқсастық бар. Себебі қытай тілінен көптеген материалдар аударылған. Оған қоса, екі ұлт та саяси еркіндікті қалағандығы сөзіме тұздық.

– Қытай қазақтарының сөз орамы, сөйлеу мәнері өзгеше. Көбі әдеби тілмен сөйлейді деген пікірде. Бұл көзқарас қаншалықты рас?

– Қытай қазақтары ұлтымыздың ана тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін жақсы сақтап қалған.  Оған шүбә келтіруідің өзі оғаш. Себебі, Қытайдағы қазақтар күні бүгінге дейін ертедегі қауым секілді көшпелі дала тұрмысын жалғастырып келеді. Көшіп-қона отырып, мал шаруашылығын барынша дамытты.  Қазақтың негізгі тілдік қоры ірі қараға байланысты ғой. Күнделікті тұрмыста қолданылып отырған соң, тіл әуелгі негізін сақтап қалған.  Бір қызығы, қанша мақалдап, өлеңдетіп, орағытып сөйлеп тұрса да, оны «әдеби тіл» деп қарамайды. Олар үшін ол қалыпты ауызекі тіл. Салт-дәстүрінің, тіл-мәдениетінің өзгермеуіне тағы бір себеп, ол жақтағы қазақтар құлдық, аштық дәуірді ұзақ бастан кешпеген. Өз еркімен даланың тағысы секілді өмір сүрген. Қытайдағы қазақ тілі азды-көпті грамматикалық өзгерістерге ұшыраған. Ғалымдар бұл құбылыстарды зерттеуде. Алайда Қытайдағы қазақ сөздері мән-мағынасын, құндылығын жоғалтпаған. 

– Қытай қазақтары арасында тек қытай тілінде сөйлеу дағдысы бары айталады. Бұл сіздің буында байқала ма?

– Қытайда жүргенімде бұрын-соңды «тек қытай тілінде сөйлейтін» қазақты кездестірмеппін. Бірақ жастардың бәрі қытайшаны жетік біледі. Себебі бұл – қоғам талабы. Қытай тілін білмесе жұмысқа тұру қиынға соғады. Ашығын айтқанда, тіл білмеушілік – тұрмыс-тіршілігінің ауырлауына себеп болады.  Менің құрдастарым қазақ тілін жетік біледі. Қытайда тұрған кезде  әр ауылда арнайы қазақ мектептері болды, көбіміз қазақша оқыдық. Жақында Қытайда болдым. Соңымнан ерген іні-қарындастарымның ана тілге шорқақ екенін көрдім. Оған себеп мектепте сабақ тек қытай тілінде және достарым аптаның соңғы екі күні ғана жанұясымен қауышады. Қалған уақыты тағы өмір тек мектепте өтеді. Қазақ бауырларымның тілдік өзгеріске ұшырағаны қынжылтады. Алайда бұған бір дауа табылатынына сенемін.

– Қазақ ақын-жазушыларынан қай қаламгерді үлгі тұтасыз?

– Өлең шығаруды жаным сүйеді. Анда-санда домбырамды шертіп, суырыпсалма ақындық қабілетімді шыңдап отырамын. Менің қазақ ақын жазушыларынан үлгі тұтар алпауыт тұлғам көп. Әрбір қаламгердің есімі елдің есінде бекер сақталмайды. Қазақ тілінің шоқтығы биік болуының себебі де осы қалам мен қағазды ұштастыра білген әдебиет майталмандарының арқасы деп білемін. Тың тарихи еңбектерімен Мұхтар Шаханов пен Мұқағали Мақатаев жүрегімнен ерекше орын алады. Олай деуіме себеп, Қытайдағы қазақтардың осы заман поэзиясымен шөлін қандырып, атажұртқа деген сағынышын оятқан тұлғалар. М.Шахановтың философиялық ой-толғаулары, рухты өлең жолдары мені жігерлендіреді. Ал Мұқағалидың шеберлігі қай-қайсысымызды болсын таңқалдыратыны өтірік емес. Ол әрбір сөзді нақышына сай қолдана білетін, сөз мағынасын құбылтып, айтпақ ойын нақ жеткізетін дарынға ие.  Жазу ерекшелігі жағынан қазақ поэзиясына өзіндік ойын қалыптастырған Есенғали Раушановты, Ерлан Жүністі айтар едім. Е.Раушановтың поэтикалық лексиконы мол, ой мен сөзі үндестік тапқан қаламгер. Мінезі жағынан жас ақын Файзулла Төлтайды атап өтер едім.

– Тіл білу – өнер. Алайда Қазақстанда екінің бірі қытай тілін білмейді. Отанға оралған соң қиын тілдің сөздері ойдан өшіп қалмады ма?

– Иә, қазақ тілінде сөйлесем де, қытай тілін құрметтеймін. Қазір заман дамыған. Бұл тілдің нендей артықшылығы бар екенін атамасам да түсінікті деп ойлаймын. Бәсекеге қабілеттімін дейтін әрбір жас тіл білудің маңызын біледі.

– Тілді ұмытып қалу мүмкін бе?

– Әрине, егер тілді мүлдем қолданыста тұтынбасаңыз жиған білімнің бәрі ауаға кететіні рас. Алайда кино, сериал, подкаст тыңдау арқылы тілді шыңдап, сөздік қорды байытып отыруға мүмкіндік бар. Осы орайда тілді ұмытпас үшін әрі әрқашан қолданыста ұстап қалу мақсатында қытай тілін үйрететін шағын курс аштым. Біліміді арттырып қана қоймай, өзге ұлттың мәдениеті мен тарихына көз жүгіртіп, рухани дамуға да мүмкіндік болатынына сенемін. Қытай тілі – Халықаралық деңгейге көтерілген, әлем экономикасына тікелей әсер етеді. Оны білу артық болмас, қазақ қоғамы да бұдан қалыс қалмау керек деп білемін.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Тағы да оқыңыз: