Kyzylorda-news.kz. Қазір көктемде сепкен Сыр салысы бас алуға жақындады. Тіпті ерте көктемнен бақша салуға ашылған жердегі өнімдердің алды пісіп жатыр. Бұған дейін ауыл шаруашылығы саласын толайым табыспен қорытындылайтын аудан шаруалары биыл да үлкен өнімнен үмітті. Себебі соған сай тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Сала заманауи техникалармен жарақталып, шаруалар табысы еселенуде. Десе де қазір аяқ су тапшылығы диқандар үшін бірнеше жылдан бері күрделеніп келе жатқан үлкен мәселеге айналды. Жалпы, аудан диқандары биыл қанша жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырды, аяқ су мәселесін айналып өтуде нендей шаралар қолға алынуда, биыл тұрғындардың бақша салуына қанша гектар жер ашылды? Осы және өзге де сауалдарға жауап алу үшін аудандық ауыл шаруашылығы және жер бөлімінің басшысы Алтынбек Дәрібаевпен сұхбаттасқан едік... 

– Алтынбек Тұрмағанбетұлы, биыл ауданда жалпы қанша гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды? 

– Жалағаш ауданы бойынша 2023 жылы орналастырылатын ауыл шаруашылығы дақылдарының бекітілген сызбасына сәйкес, 37052 гектарға егiн орналастыру жоспарланып, 37079 гектар алқапқа егін толық орналастырылды. Оның ішінде негізгі дақыл күріш 19 800 гектарды құрайды. Мұнан бөлек бидай 750 гектарға, қант құмайы 70 гектарға, арпа 70 гектарға, соя 64 гектарға, мақсары 520 гектарға, сүрлемдік жүгері 700 гектарға, сұлы 5 гектарға, жаңа жоңышқа 4850 гектарға егіліп, 7200 гектар ескі жоңышқа күтімге алынды. Сондай-ақ, картоп 646 гектарға, көкөніс 1 108 гектарға және басқа да бақша өнімдері 1 296 гектарға егілді. 

– Жергілікті шаруашылықтарда биыл көктемгі науқанда тұқым, тыңайтқыштан мәселе болды ма? 

– Бізде ондай мәселе болмайды, себебі өзіміздің шаруашылықтар да бүгінде жоғары сұрыпты тұқым дайындауды қолға алғанына бірнеше жыл болды. Шаруашылықтар тарапынан 2023 жылы егін орналастыруға қажетті 4 950 тонна күріш, 120 тонна бидай, 0,6 тонна сұлы, 13 тонна мақсары, 12 тонна арпа, 4 тонна соя, 1 тонна қант құмайы, 15 тонна жүгері, 44 тонна жоңышқа тұқымдарын дайындау жұмыстары жүргізілді. 2023 жылдың егісіне қажетті 10810 тонна минералдық тыңайтқыштар дайындалып, 24060 литр гербицид дайындалды. Көктемгі егісті орналастыру жұмыстарына аудан бойынша 887 дана ауыл шаруашылығы техникалары қатысты. Шаруашылықтар тарапынан жыл басынан бүгінгі күнге дейін 11 дана ауыл шаруашылығы техникалары 168 011 мың теңгеге сатып алынған. 

– Жыл сайын аяқ су мәселесі күрделеніп келе жатқанын жақсы білесіз, жалпы бұл мәселенің алдын алуда нендей шаралар қолға алынуда? 

– Су тапшылығы жағдайында аудан шаруашылықтары насос қондырғыларын пайдалану арқылы егінді сумен қамтамасыз етуде. Қазіргі таңда аудан шаруашылықтары 40 дана су тартқыш насос қондырғыларын егінді суаруға  пайдалануда, оның ішінде 12 дана насос қондырғысы «Жалағашсушар» өндірістік учаскесінен шаруашылықтарға берілсе, 28 дана насос қондырғысын шаруашылықтар өз қаржысына алған. Бүгінгі күнге дейін 179 гектар күріш алқабына су шықпай қалғаны анықталды.  Яғни Мақпалкөл ауылдық округіндегі «Мақпалкөл» ЖШС-ға қарасты 96 гектар, «Ақмар» ШҚ-ға тиесілі 15 гектар, Бұқарбай батыр ауылдық округндегі «Дінмұхаммед» ФҚ-ға қарасты 68 гектар алқапқа су шықпай қалғаны белгілі болып отыр.  Аудан бойынша 2023 жылдың 12 шілдесіне дейін орналастырылған 19 800 гектар күріш егісінің 14 320 гектары немесе 72,3 пайызы жақсы жағдайда, ал 4 550 гектары немесе 23 пайызы қанағаттанарлық, 930 гектары немесе 4,7 пайызы нашар жағдайда болып отыр. Күтімге алынған 7 200 га ескі жоңышқа дақылының 6 750 гектарының бірінші орымы аяқталды. Орта есеппен 1 гектардан 22,2 центнер өнім алынып, барлығы 14 985 тонна мал азығы жиналды. 

– Биыл Жалағаш ауданында бақша дақылына көптеп жер ашылды деген дерек бар. Қуантарлығы, бұл жерлер бақша салуға ниет еткен кез келген аудан тұрғындарына үлестіріліпті. Жалпы, жаңадан ашылғн жерлер қанша отбасына берілді? Бұл мүмкіндікті жергілікті халық тиімді пайдаланып жатыр ма? 

– Ауданда жеке тұрғындардың бақша салуына 500 гектар жер дайындау жоспарланған болатын. Бүгінгі күнге дейін дайындалған 500 гектар жерге 921 отбасы 217,3 гектар картоп, 63 гектар көкөніс, 219,7 гектар бақша дақылдарын орналастырған болатын. Бүгінде олардың алды қауын-қарбызын сабағынан үзіп, алғашқы өнімнен ауыз тиюде. Біз жерді ашып, дайындап береміз, тұрғындар тек егін егіп, оның күтіміне ғана жауапты болмақ. Бұл жұмыстарды келер жылы да жалғастыру ойда бар. Бұл бір жағынан қарапайым халықтың қыстық азығын ала жаздай қамдап алуына үлкен мүмкіндік болып отыр.  

– Мал шаруашылығын дамыту бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Жалпы, биыл төрт түлік санында өсім бар ма? 

– Аудан көлемінде барлығы 40 918 бас мүйізді ірі қара, 45 759 бас уақ мал,  24 953 жылқы, 801 бас түйе,  102 бас шошқа, 11 348 бас құс өсірілуде. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара 105,9 пайызға, жылқы 109,2 пайызға, түйе 109,3 пайызға, уақ мал 97,8 пайызға, құс 100,9 пайызға орындалды. 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін барлығы  15 88,7 тонна тірілей салмақта ет,  4673,6 тонна сүт, 114 мың дана жұмыртқа өндірілді. Өткен жылмен салыстырғанда ет 102 пайызға, сүт 101,5 пайызға, жұмыртқа 100,7 пайызға орындалды. Бір сиырдан сауылған сүт өткен жылмен салыстырғанда 1,1 пайызға, жұмыртқа 1,9 пайызға  артты. 

– Ауданда қанша шаруашылық мал шаруашылығымен айналысады? Олардың төрт түлікті асылдандыруға ынтасы қалай? 

– Аудан бойынша 138 шаруашылық мал өсірумен айналысуда. Оның ішінде тікелей «Сыбаға» бағдарламасымен 118 шаруашылық айналысады. Аудан көлеміндегі асыл тұқымды малдың үлес салмағына келсек, мүйізді ірі қара 1,9 пайыз, жылқы 2,2 пайыз, уақ мал 11,8 пайыз болды. Жыл басымен салыстырғанда мүйізді ірі қара 0,5пайызға, жылқы 0,5пайызға, уақ мал 4,2 пайызға артты.Аудан бойынша 4 шаруашылық асыл тұқымды мүйізді ірі қара (Бақдаулет-57 ШҚ, Адал ЖК, Боранбай ШҚ, Еркебұлан ЖК), 3 шаруашылық асыл тұқымды қой малын өсірумен (Бақдаулет 57, Туған жер ШҚ, Атамекен ШҚ) айналысуда. Алдағы уақытта сүт тауарлы фермасын ашу мақсатында «Адал» ЖК 2022 жылы  Қарағанды облысы Шет ауданы «Жандос» ШҚ-дан қосымша 30 бас асыл тұқымды сүт бағытындағы Симментал сиырының қашарларын өз қаражатымен  сатып алып жұмыс жасауда.«Бақдаулет-57» ФҚ типтік жобадағы  МІҚ мал қорасы бар. Осы қораны сүт бағытындағы аналық малдарды ұстауға реконструкция жасауда. Екінші деңгейлі банкке несиеге құжаттары өткізілген, қазіргі жағдайда қаржыландыру қаралу үстінде. Қаржы мәселесі шешілген жағдайда  Чехия мемлекетінен 96 бас  МІҚ аналығын әкелу жоспарланды.
«АгроЛидер  Таң» ЖШС жанынан мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу  цехы жұмыс жасауда. Цехта тәулігіне   0,5   тонна ет өңделіп, 15 түрлі өнім дайындалып облыс көлеміндегі сауда орындарына өткізіледі. Қазіргі таңда кәсіпорын 8 адамды жұмыспен қамтып отыр. 

– Азық-түлік  бағасын тұрақтандыруда нендей жобалар қолға алынды және оның жергілікті халық жемісін көріп жатыр ма? 

– Ауданда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мақсатында тұрақты түрде бақылау жұмыстары жүргізіліп келеді. Облыс әкімінің «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру үшін сатып алынатын азық-түлік тауарларының шекті сауда үстемесін және тізбесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түріне күнделікті мониторинг жүргізілуде. 
Жыл басынан бүгінгі күнге дейін 19 түрлі азық-түлік өнімдерінің 6 түрі  қымбаттаған (ақ күріш-110 теңгеге, нан-6 теңгеге, сиыр еті-150 теңгеге,  қырыққабат-100 теңгеге, сәбіз-105 теңгеге, картоп-10 теңгеге). 11 өнімнің бағасы арзандады (қарақұмық жармасы-215 теңгеге, рожки-15 теңгеге, тауық еті-190 теңгеге, сүт-83 теңгеге, айран-80 теңгеге, ірімшік-50 теңгеге, жұмыртқа-160 теңгеге, сары май-50 теңгеге, күнбағыс майы-318 теңгеге, пияз-10 теңгеге, қант-40 теңгеге). 2-өнімнің бағасы тұрақты (ұн, тұз). Бүгінгі күнге дейін Жалағаш ауданы бойынша ірі және шағын сауда орындарында ауданда өндірілетін және сырттан келетін 548,4 тонна азық-түлік өнімдерінің қоры бар. Оның ішінде ұн –115 тонна, күріш – 40 тонна, қант – 65 тонна, макарон – 108 тонна, күнбағыс майы – 50 тонна, тұз – 38 тонна, пияз – 34 тонна, картоп – 38 тонна, сәбіз – 17 тонна  және т.б.«Байқоңыр ӘКК» АҚ-мен келісім-шартқа отырып, «Ақниет» көтерме сауда орнынан өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында 30 тонна ұн алып, нан өнімдерін дайындайтын кәсіпкерлерге (наубайханаларға) сатты (1 сортты Роял ұны 1 килограмы 140 теңге, 50 кг 7000 теңге). «Байқоңыр ӘКК» АҚ-дан ИП «Бағдат» көтерме сауда орны 2023 жылдың 02 ақпан күні келісім-шарт жасасып, картоп кг 120 теңгеден 1 тн, сәбіз кг 125 теңгеден 200 кг, жуа кг 85 теңгеден 1,5 тн сатып алды. Сонымен қатар, «Ақниет-2» көтерме сауда дүкені әлеуметтік бұрыш ашу жөнінде «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-мен меморандумға отырды. Қазіргі таңда әлеуметтік бұрыш ашылды базар бағасынан 10-15 пайызға төмен бағада аудан тұрғындарына ұсынылып жатыр. Қазіргі таңда әлеуметтік бұрышта күріш 175 теңге, ұн 180 теңге, қарақұмық жармасы 320 теңге, құс еті 950 теңге, сүзбе 1283 теңге, өсімдік майы 580 теңге, рожки 275 теңге, жұмыртқа 36 теңге, қант 405 теңге, сүт 300 теңге, айран 230 теңге, сары май 650 теңге, тұз 40 теңгеден сатылуда. Сондай-ақ, 2022 жылы қараша айында «Ер-Әлі» шаруа қожалығы «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-ға 30 тонна картоп  өткізген. Алдағы уақытта азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жөніндегі жұмыстар жалғасын табатын болады.  

– Жалпы, Жалағаш ауданында «Дипломмен ауылға» бағдарламасының олрындалу барысы қалай? 

– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылдың 18 ақпанындағы №183 «Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп кешен саласындағы мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мөлшерін айқындау туралы» қаулысына сәйкес, әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну ережесі мен әлеуметтік қолдау шараларының мөлшері тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін  – 1500 МРП – 5175,0 млн теңге көзделген. Осы бағдарлама негізінде 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап бүгінгі күнге дейін тұрғын үй сатып алуға 968 жас маманға тұрғын үй несиесі берілді.Тарқатып айтсақ, 2010 жылы  41 маманға 35,7 млн теңге, 2011 жылы 43 маманға 64,7 млн теңге, 2012 жылы 56 маманға 115,6 млн тенге, 2013 жылы 70 маманға 182,6 млн теңге, 2014 жылы 76 маманға 194,7 млн теңге, 2015 жылы 88 маманға 240,8 млн теңге, 2016 жылы 118 маманға 346,7 млн теңге, 2017 жылы 101 маманға 323,3 млн теңге, 2018 жылы 47 маманға 163,9 млн теңге, 2019 жылы 122 маманға 446,9 млн теңге, 2020 жылы 92 маманға 365,8 млн теңге, 2021 жылы 71 маманға 306,8 млн теңге, 2022 жылы 42 маманға 192,6 млн теңге берілді.Аудан бойынша 2010-2022 жылдар аралығында 2983,6 млн теңге қаржы төленді. Қазақстан Республикасы ұлттық экономика министрлігінің 2023 жылғы 23 ақпандағы № 66 бұйрығына сәйкес «Отбасы банк» тұрғын үй құрылысы жинақтау банкі» АҚ сенім білдірген өкіл болып белгіленген. Қазіргі уақытта операциялық жұмыстардың алгоритмдері дайындалуда. 2023 жылы тұрғын үй несиесіне республикалық бюджеттен 139,7 млн теңге қаржы қаралып отыр. 2023 жылға бір маманға тұрғын үй сатып алу немесе салуға бөлінетін бюджеттік несие көлемі 5 млн 175 мың теңгені құрайды. Қаралған қаржы 27 маманға тұрғын үй несиесін беруге есептелген. Кезекте 49 маман бар.Біржолғы көтерме жәрдемақы алуға мамандар аудан әкімінің қаулысымен реттілікке қойылып, 2020-2023 жылдары аралығында 292 маман  кезекте тұр. 2020 жылы 62 маман, 2021 жылы 119 маман, 2022 жылы 95 маман, 2023 жылы 16  маман кезекке қойылған. 

– Жалағаш ауданында жер учаскелеріне құқық табыстау мәселесі бар ма? 

– 2023 жылдың ІІ тоқсанына жер учаскелерін рәсімдеу туралы барлығы 79 өтініш түсіп, Қазақстан Республикасының жер заңнамаларына сәйкес тиісті шаралар атқарылды. Жалағаш ауданы бойынша жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген өтініштердің кезектілігі бойынша бүгінгі күнге дейін ауданда жеке тұрғын үй құрылысы үшін тіркелген 2 867 өтініш арнайы кезекке қойылған. Жер қатынастары саласы бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді көрсету, үйлестіруге келсек, бөліммен барлығы 9 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетіледі. 2023 жылдың ІІ тоқсанына жалпы 115 қызмет көрсетілді, оның ішінде жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекіту бойынша  64, сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтарды алу бойынша 1, іздестіру жұмыстарын жүргізу үшiн жер учаскелерін пайдалануға рұқсат беру бойынша 2, жер учаскелерінің бөлінетіндігі мен бөлінбейтіндігін айқындаубойынша 3, ауыл шаруашылығы алқаптарын бір түрден екінші түрге ауыстыруға рұқсат беру шеңберінде 2 және жер учаскесін алу үшін кезекке қою бойынша 43 қызмет көрсетілді. 

– Сұхбатыңызға рахмет!

Тағы да оқыңыз: