Kyzylorda-news.kz  Ел ғалымдары «500 ғалым» жобасы аясында әлемнің үздік ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуде. Зерттеушілер шетелде жинақтаған тәжірибесін ел игілігіне жұмсамақ. Осы орайда «500 ғалым» жобасының грант иегері, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, техника ғылымдарының кандидаты Гүлнұр Далдабаевамен тілдестік.

– Швейцарияда бірнеше ай тағылымдамадан өттіңіз. Ғылыми ізденіс, тәжірибе жинақтау қандай бағытқа негізделді? Қай университет базасында зерттеу жүргіздіңіз?

– Университеттің аға оқытушысы Эльмира Елеуовамен бірге Швейцария елі, Солтүстік-Батыс Швейцария қолданбалы ғылымдар және өнер университетінің (FHNW) Экологиялық кәсіпкерлік институтында (EIC) тағылымдамадан өттік. Солтүстік- Батыс Швейцария қолданбалы ғылымдар және өнер университеті бұл елдің бірнеше қаласында орналасқан тоғыз университеттен тұрады. Эко-кәсіпкерлік институты (EIC) экологиялық таза өндірістік процестер мен қалдықтар, ағынды суларды тазарту, қайта өңдеу және кәдеге жарату әдістерін әзірлеумен айналысады. Тағылымдамамыздың бағыты – агроөнеркәсіп кешені саласындағы зерттеулер, оның ішінде ауыз су сапасын, тазалығын қамтамасыз ету. Сапар барысында дамыған шетел тәжірибесі бойынша жаңа білім мен дағдыларды игеруге, ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа технологиялармен танысуға, біліктілігімізді жетілдіруге мүмкіндік алдық.

– Таңдау неліктен Швейцарияға түсті? Бұл елдегі ғылым жүйесінің ерекшелігі туралы айтып берсеңіз…

– Швейцариядағы университеттің аға ғылыми қызметкері, PhD Марина Питермен біздің кафедра тығыз байланыста. Алғаш рет ғалыммен 2021 жылы Алматы қаласында таныстым. Ол Алматыдағы Орталық Азияның аймақтық экология орталығында қазақстандық ЖОО оқытушыларына семинар-тренинг өткізген еді. Сол семинарға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінен мен, Жиенбай Ырысалды және эколог әріптесіміз Светлана Кужамберлиева қатысты. Ауқымды шарадан кейін Марина Питер біздің университеттің шақыртуы бойынша Қызылордаға келіп, білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамына дәрістер оқыды. Бір жылдан кейін Марина Питер маған және әріптесім Эльмира Елеуоваға шақыру жіберді. Швейцария елінде ғылым жүйесі өте жақсы дамыған. Ол жақта ғылыми жобалар басты назарда. Қызметкерлер, оқытушылар ғылыми жобаға қатысумен қатар, білім алушыларды да шақырады. Байқағанымыз, университет оқытушыларына ғылыммен айналысуға барлық жағдай жасалған, бір мезгіл сабақтарын береді, қалған уақытта өздерінің ғылыми жұмыстарымен айналысады.

– Елдегі су сапасы, су технологиясына қатысты зерттеулер қаншалықты жүйелі?

– Қазақстанда су сапасы, су тапшылығы жыл өткен сайын күрделі мәселеге айналып келеді. Қазақстан 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдер санатына кіруі мүмкін. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте айтты. Сондықтан 2023 жылы елімізде Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Былтыр Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары мақсатты қаржыландыру бағдарламасы бойынша «Қызылорда облысында су тапшылығы жағдайында мал азықтық дақылдары мен ағаш екпелерін суару үшін сарқынды суларды қауіпсіз утилизациялау технологиясын әзірлеу» тақырыбындағы гранттық жобаны ұтып алды. Қазіргі таңда зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, «Су шаруашылығы және жерге орналастыру» кафедрасының магистранттары мен докторанттарының ғылыми зерттеу тақырыптары осы су үнемдеу технологияларына, яғни тамшылатып суаруға байланысты. Бұл тақырып аясында көптеген зерттеу жүргізілуде.

– «500 ғалым» жобасы бойынша тағылымдамадан өту талаптары қандай?

– Жобаға қатысушы үміткердің ғылыми дәрежесі, ғылыми зерттеу бойынша таңдаған саласында кейінгі 12 айда үзіліссіз жұмыс өтілінің болуы ескеріледі. Ғылыми тағылымдамаға үміткерді қабылдайтын, шетелдік ұйымның шақыртуы керек. Мемлекеттік және шет тілді білуі маңызды. Швейцариядағы тағылымдама барысында украиналық ғалым, профессор Галина Круссирмен таныстық. Сол кісі бізге «Қандай бақытты жансыздар, біздің елде ондай бағдарлама жоқ, жастарға ондай мүмкіндік жасалмаған» деп қызыққан еді. Сол себептен қазақстандық ғалымдарға осындай мүмкіндік берген ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне, Халықаралық бағдарламалар орталығына және университет басшылығына алғысымды білдіремін. Әріптестерімді бұл мүмкіндікті пайдаланып, «500 ғалым» жобасы аясында әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарында тағылымдамадан өту үшін байқауға қатысуға шақырамын.

– Өзге де ғылыми зерттеу жұмыстарыңыз туралы айтып берсеңіз…

– Менің негізгі ғылыми зерттеу жұмысым – Арал теңізінің құрғаған табанын галофиттер, яғни тұзға төзімді өсімдіктер көмегімен баптау. Қазір университет ғалымдарымен бірігіп, жоғарыда айтып өткен, ауқымды гранттық жобаға қатысудамын. Бұл жоба барысында бірнеше мақсатқа жету көзделіп отыр. Соның бірі – су ресурстары тапшылығы жағдайында, ағынды суларды, су үнемдеу һ технологияларын пайдалана отырып, ауыл шаруашылығы дақылдары мен ағаштарын өсіру.

– Уақыт бөлгеніңізге рақмет!

Тағы да оқыңыз: