Kyzylorda-news.kz  Алғаш рет әуе кемесі жер кеңістігінен шығып, планетаны айналғаны күн – 12 сәуір екенін білеміз. Байқоңыр ғарыш айлағынан «Восток 1» кемесімен Юрий Гагарин сағат 06:07 шамасында әуеге көтерілген еді.  Бұл күн айтулы даталар қатарында мәңгіге қалды.

Байқоңыр  Қызылорда облысы Қармақшы ауданының аумағында орналасқан ғарыш алаңы. Іргесі 1955 жылы қаланған. Байқоңырдан күннің, айдың, Шолпанның алғашқы жасанды серіктері, «Восток», «Восход», «Союз», «Прогресс» ғарыш кемелері, «Салют», «Мир» орбиталық станциялары, жұмыстар жүргізуге арналған «Протон», «Зонд», «Прогноз», байланыс мақсаты үшін пайдаланылатын және метеорологиялық бақылаулар жүргізуге арналған «Молния», «Экран», «Горизонт», «Радуга», «Метеор» ЖЖС-тері ұшырылған. 

Бүгінде косманавтика мерекесімен қатар авиация күні де бірге тойланады. Осы орайда авиация саласында 16 жылға жуық тәжірибесі бар маман, тікұшақ тізгінін басқаратын көпбалалы ана  Ақерке Шопатаевамен хабарластық.

 

– Ақерке ханым, сұхбатқа келіскеніңіз үшін рақмет! Өзіңіз туралы айтып беріңізші.

– Негізі туған жерім – Алматы. Мен дүниеге келген соң ата-анам әкемнің туған жері Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданына қыдырып барады. Сол сәтте есімім Рахимадан Ақеркеге және туған жерім Ордабасына ауысып кеткен. Сондықтан Оңтүстік Қазақстан облысының тумасымын деп айтамын. Бірақ бұл жағдай маған ешқандай кедергі жасамайды.

– Сұхбаттарыңыздың бірінде «Авиацияны мүлде армандамаппын» деген екенсіз. Бұл салаға қалай келдіңіз?

– Бала кезімнен болашағымды әскери, полиция, заңгер, дипломат деген секілді саламен байланыстыратынмын. Алайда мектеп бітіруші түлек атанған жылы сыныпқа егде жастағы, бойы орташа, сары торы орыс ата кіріп, ағылшын тілінде әдемі сөздер айтты. Ағылшынша сөздерден кейін орыс тілінде ДОСААФ оқу жаттығу орталығында Як-52, Як-18Т ұшақтарымен теориялық және практикалық тәжірибе алуға үгіттеді. Бірақ бала Ақеркенің ойы ағылшын тілінде болды. Осылайша анаммен ақылдасып оқу-жаттығу ортылығына бардым. Әлгі әдемі сөйлеген егде жастағы ата Ұлы Отан соғысының ардагері, Нормандия Неман шайқасына белсенді қатысқан ұшқыш аға командиры Жовтый Валерий Леонтьевия екен. Айтқан әңгімесін тыңдап, авиация саласына қызығушылығым арта бастады әрі ойымды аспанмен еліктірді. 9 айлық курсты тәмамдаған соң ұшаққа отырып, бірінші рет әуеге көтерілдім. Қорқыныш, үрей, толқу, қуаныш пен шаттық қатар жүрді. Бір рет ұшқаннан кейін бұл салада қызмет еткім келетінін түсіндім. 11 сынып бітіруге аз қалғанда әскери комиссариатқа барып өзімді жойғыш ұшақтар ұшқышы ретінде сынап көрейін дедім. Бірақ әскери комиссариат «Қыздар ұшпайды, қыздарға бұл жерде орын жоқ» деп шығарып салды. Мен еңсемді түсірмей, аға командир Валерий Жовтыйдың ұсынысымен Азаматтык Авиация академиясында ұшқыш мамандығында оқу үшін бағымды сынадым. Алайда грантқа түсе алмай, колледж студенті атандым.

– Неліктен тікұшақты тізгіндедіңіз?

– Ан-2 ұшағының техник-ұшқышы мамандығын аяқтағаннан кейін жұмыс жағына келгенде қиналдым. Бірнеше авиациялық мекеменің мамандарына жолықтым, сәтсіз болды. Менің ойымша, сол жылдары авиация ұшқыш әйелді қабылдауға әлі дайын болмаған секілді. Әлде мені бала көрді ме екен, білмеймін. Содан 2-3 жыл өз мамандығымнан алыстап кеттім. Бірақ сәті түсіп «Қазавиақұтқару» мекемесінің сол кездегі басшысы Серік Әбдібайұлына жолықтым. Ол кісі маған «ұшаққа орын жоқ, тек тікұшақ ғана бар сонымен жұмыс істеп ұшасың ба» дегенде ойланбастан келістім. Міне, 2008 жылдан бері Ми-8 тікұшағының ұшқышы болып істеймін. Негізі тікұшақ өте керемет әуекемесі. Себебі ұшақ белгілі бір нақты өлшемге негізделген арнайы орынға, толық қамтылған әуежайларда ұшып қонса, ал тікұшақ тегіс жердің барлығына қона береді. Қаласа әуежайға, қырға немесе жолға.

– Алғаш аспанда ұшу, бірінші тәжірибе не дегенмен ыстық естеліктің бірі. Тікұшақ тізгіндеген сәттегі эмоцияңызбен бөлісіңізші…

– Ми-8 тікұшағын қолдануды «Қазавиақұтқару» мекемесінің эскадрилья командирі Сергей Иванович көрсетіп, келесі ұшу тізгінін маған берді. Алып тікұшақтың әуеге қалай көтерілгенін ұқпай, аң-таң болдым. Тек сөзбен жеткізу мүмкін емес. Командир «Егер сен ұшақтан кейін тікұшақты тізгіндесең, одан кейін ұшақты менсінбей қаласың» деген болатын. Расымен де амалдың жоғынан тікұшаққа ауысқаннан кейін қайтадан ұшаққа барғым келмей қалды.

– Жылына орта есеппен қанша сағат ұшасыз? Ал тікұшақтың ұшу жылдамдығы қандай?

– Көпбалалы ана болған соң іс-сапарға жиі шыға бермеймін. Сол себепті жылына орта есеппен 100-150 сағат ұшамын. Ал бүгінге дейін 730 ұшу сағатым бар. Әуеден ұшқан кезде тікұшақ белгілі биіктікте нақты максималды әрі минималды жылдамдықпен қоғалады. Негізі крейсер жылдамдығы 200-230 км/сағ. Ми-8 тікұшағы 6000 метрге дейін биіктікке көтеріле алады.

– Ұшу кезінде ауа райының күрт өзгерген жағдайы болды ма?

– Ұшуға дейінгі дайындық процесінің ең басты әрі маңызды талабы – метеобақылаумен танысу. Қанша жерден әуе көлігі, экипаж мүшелері дайын болғанымен, бірақ метеорологиялық бақылау кезінде ауа райының құбылуы, бұлттың қалыпты деңгейден тыс биіктігі, горизонттық көрінісі не болмаса желдің жылдамдығы жоғары болса, ұшуға рұқсат берілмейді. Әрине, ауа райын толық зерттеп ұшқан сәтте де бағыт бойынша күтілмеген жағдайлар да орын алады. Егер ол жерді айналып өтуге, кері қайтуға мүмкіндік болмаған сәтте қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында жарамды нысанды анықтап, қонуға тырысамыз. Дер кезінде қабылданған дұрыс шешім апаттық жағдайдың алдын алады.

– Көпбалалы анасыз. Отбасылық өмір мен жұмысты қатар алып жүру қиын емес пе?

– 2009 жылы «Қазавиақұтқару» мекемесінде жолдасым Азамат Сұлтанұлымен таныстым. Ол кезде басты әуе инженерінің бірі болды. Жұмыс барысымен Шымкент қаласына бірге бардық. Сол іс-сапар біздің болашағымыздың баспалдағы болды десем өтірік болмас. 2010 жылы отбасын құрып, тұңғышымыз ұлым Мүслім дүниеге келді. Бала тәрбиесінде ананың рөлі зор екенін білеміз. Екінші сәбиім Әмина 1 жасқа толғанда анам «Үйде отырып қалма! Қызым, сен әлі жассың. Анау-мынау емес, ұшқышсың» деді. Қайын енемнің қолдауының арқасында тікұшағыма қайта оралдым. Бір әулеттің келіні, аяулы жар, ардақты ана рөлімен қатар әуе маманы болуым қиынға соқпады. Дамуым мен жұмыс істеуіме мүмкіндік берген қолдаушыларыма алғысым шексіз.

– Жас ұшқыштарға, авиация саласына келгісі келетін нәзік жандарға қандай кеңес бересіз?

– Қазір жас ұшқыш саны артып келеді. Сол себепті оларға айтарым мақсатыңа жетпейінше алған бетіңнен таймау қажет. Физика мен ағалшын тіліне назар аударып, жан жақты болу керек. Ең басты керегі өзіңе деген сенімділік пен мықты денсаулық.

– Авиация сіз үшін…

– Авиация мен үшін бойымдағы тамырдың бірі. Әр сәт мен үшін маңызды.

– Әсерлі әңгімеңізге рақмет!

 

Ә.Жанәбілқызы
Фото:zelengarden.ru

Тағы да оқыңыз: