Kyzylorda-news.kz. Жыл сайын суға түсу маусымы кезеңінде су айдындарында, әсіресе Сырдария өзенінде азаматтардың әртүрлі себептермен суда қаза болу жағдайлары тіркеледі. Соңғы жылдардағы тіркелген жағдайларға зер салсақ, арты қайғылы оқиғамен аяқталғаны аз емес. Әсіресе сегіз адамның өмірін жалмаған тілсіз жаудың зардабынан 2017 жылғы оқиғаны айтпай кете алмаймыз. Дәл осы жылғы жазатайым оқиғадан қайтыс болғандардың екеуі – бала. 2018 жылы екі адам ажал құшса, оның біреуі – бала, 2019 жылы бір адам, 2020 жылы тағы да бір адам суға кеткен. Ал 2021 жылы тілсіз жау екі адамның өмірін жалмаған. Жазатайым оқиғаның құрбаны болып жатқандар да кездеседі. Қазір суға түсу маусымы басталды. Сондықтан тұрғындар суға түсуге рұқсат етілмеген аймаққа бармау, қауіпсіздік ережелерін үнемі назарда ұстауы тиіс. Осы ретте Жалағаш аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Темірлан Тілеубергенмен аудан аумағындағы төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы әңгімелестік.
– Темірлан Бекзадаұлы, алдымен ауданда төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз…
– Жалпы, Жалағаш ауданының төтенше жағдайлар бөлімі азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты, оның ішінде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, аудан аумағында азаматтық қорғанысты ұйымдастыру және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, төтенше жағдай аймағында халыққа көмек көрсетуді жүзеге асырады. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі жұмысының басты бағытының бірі – ауданда қандай болса да төтенше жағдайлардың алдын алу және болдырмау мақсатында профилактикалық іс-шаралар жұмысын жүргізу. Осыған байланысты жазғы демалыс кезеңінде балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша да жүйелі жұмыстар атқарылды. Осы жылдың мамыр айынан бастап аудан халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында су айдындарына күнделікті сағат 15:00-ден 21:00-ге дейін кестеге сәйкес кезекшілік қойылды. Сонымен бірге суға түсу маусымында орын алатын оқыс оқиғалардың алдын алу бойынша кент орталығында орналасқан жабық бассейнге және білім бөліміне қарасты «Ақтерек» сауықтыру лагерінің суға түсу орындарын бақылау жұмыстары жүргізілді. Жергілікті полиция қызметінің қатысуымен де бірнеше рет түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
– Қазір суға түсу маусымы басталды. Осы тұста маман ретінде тұрғын-дарға қандай кеңес бересіз?
– Қауіптің беті ары болсын дейміз. Алайда қауіпсіздік шараларын сақтау тек өз өмірімізді сақтаудың тетігі екенін түсінуіміз керек. Өйткені орын алған оқиғалардың барлығы қамсыздықтың салдарынан. Азаматтар мен жасөспірім балалар су айдындарының кез келген жерлеріне суға түсе береді, судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамайды. Көп жағдайда жасөспірімдердің, балалардың үлкендердің қарауынсыз су айдындарының жағалауына баруы салдарынан оқыс оқиғалардың құрбаны болып жатады. Бұл ретте жазғы демалыс кезеңінде балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Оқушылар жазғы демалысқа шығар алдында да мектеп директорларының бақылауымен суға түсу маусымындағы қауіпсіздік ережелерін сақтау, өз бетінше су айдындарына бармау секілді ескертпелердің жан-жақты түсіндірілуі де аса маңызды.
– Аудан аумағында суға түсуге арналған орындар бар ма?
– Айта кетейік, аудан аумағында ресми түрде белгіленген, рұқсат етілген суға шомылатын орындар жоқ. Белгіленген суға түсу орындарының болмауынан азаматтар¬дың суға түсу маусымында көп шомылатын орындары нақтыланып, бақылауға алынған. Көбіне тұрғындар Әйтек, Елтай, Ізбай каналы, Иіркөл, Асар-Төбе көлдері мен Сырдария өзеніне шомылады. Ол орындарда ересектермен қатар жасөспірімдер, балалар да бой көрсетеді. Өкініштісі, суға түсу ережелеріне салғырт қарайтындар суға түспес бұрын денені шынықтыру, қыздыру керек екенін естен шығарып жатады. Осының салдарынан аяқ-қол тамырларының тартылып қалуы жиі кездеседі. Сондықтан судағы апаттан қорғанудың ең сенімді жолы суда шомылу ережелері мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау болып табылады.
– Тілсіз жаудың бірі – өрт. Жаз мезгілінде де оның салдарынан төтенше жағдайлар көптеп орын алып жатады.Бұған дейін өрт салдарынан қанша төтенше жағдай тіркелді?
– Жаз – өрт қаупінің күшейетін кезі. Тілсіз жаудың адам мен орын таңдамайтыны белгілі. Ата-бабаларымыз «жеті жұттың» біріне санаған өрт апатын шындығында тілсіз жау деуге тұрарлық. Күннің күрт ысуына байланысты табиғи өрттердің орын алу қауіпі де арта түседі. Аптап ыстық пен қуаңшылық кезеңінде ормандардағы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаудың маңызы зор. Өрттің көбі орман қорына көршілес орналасқан шаруа қожалықтар және ауыл шаруашылығы ұйымдарына тиесілі шабындықтарда өсімдік қалдықтарын жағу салдарынан орын алып жатады. Сондай-ақ табиғат аясында демалушылар мен тұрғындардың өрт қауіпсіздігін сақтамауы да орны толмас оқиғаларға ұрындырады.Өрттің де, судың да артында адамның тағдыры тұр. Әсіресе жаз мезгілінде өрттің өршитіні бесенеден белгілі. Шөптердің жануына далада жатқан шыны, сынық әйнектердің қызуы, жол бойында автокөліктерден лақтырып кеткен өшірілмеген темекі тұқылдары, найзағай, шөп ору жұмыстарына қатысатын тракторлар мен агре-гаттардың жарамды шоқ өшіргішпен жабдықталмауы да себеп болуы ықтимал.
Жалпы, өткен жылы тұрғын үйлерде 30, автокөліктерде 5, ормандар мен далаларда 7, нысандарда 1 өрт жағдайы тіркелді. Оның ішінде өрттен қаза тапқандар жоқ, жарақат алғандар – 4-еу. Ал биыл 5 айда ауданда 73 хабарлама тіркелсе, оның ішінде 28-і өрт оқиғасы, 25-і өртке жатпайтын жану оқиғасы, 1 жол-көлік оқиғасы, 19 басқа да төтенше жағдай тіркелді. Жыл басынан бері өрттен қаза тапқандар, жарақат алғандар жоқ.Жылу беру маусымы кезінде бөлім қызметкерлері аудандағы білім беру нысан¬дарында «Тұрмыстық өрттердің себебі мен өрт қауіпсіздік ережелері туралы», «Көмір¬қышқыл газынан сақтан», «Балаларды бақылаусыз қалдырма», «Тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі» мен «Шырпы балаларға ойыншық емес» тақырыбында сабақ өткізді. Мұнан бөлек орман және дала өрттерінің алдын алу бағытында бірқатар жұмыс жүргізілді.
– Сөз соңында тұрғындарға қандай кеңес бересіз?
– Қарап отырсақ, атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан жыл сайын аудан аумағында орын алатын оқыс оқиғалар азаймай тұр. Қысқасы, қамсыздық қайғыға душар етпесін десек, жауапкершіліктің басым көпшілігін арқалаған ата-аналар да, тұрғындар да бұдан да сақ болуы керек, біз де оң нәтижеге жұмыс жасауды тоқтатпаймыз. Ал аудан тұрғындары үшін аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары адам өмірінен артық құндылық жоқ екенін, сондықтан суға түскен кезде қарапайым ережелерді сақтау керектігін айтамыз. Сонда ғана тілсіз жаудың қауіп-қатерінен аман қалуға болады.