Kyzylorda-news.kz. Жерлесіміз Досхан Дархан қазіргі таңда Ақтөбе қаласындағы «Ақтөбе Гранд Строй» ЖШС-де аға шебер болып қызмет атқарады. Ол өзінің жұмысының қыр-сыры, бүгінге дейін жасаған қызметі туралы аз-кем тоқталып өтті. Тереңөзекте туып-өскен кейіпкерімізбен сұқбаттасудың сәті түсті.
– Досхан Дарханұлы, алғашқы сұрақты туған жер, балалық шақ, білім алған мектебіңіз, ұстаздарыңыз жайында қоюды жөн санадық. Балалық шағыңыз қандай естеліктермен есте қалды?
– Шын мәнінде, дүниеге адам болып келген соң туған жеріңнің топырағы мен кең пейіл адамдары қашанда ыстық көрінеді. Қасиеті мен киесі дарыған Тереңөзектің төл перзенті болғанына мақтанамын. Дүние есігін 1997 жылы 22 сәуір күні ашып, асыл әжем Ұлжанның бауырында өскен едім. Әжем мені «Түсімішім» деп еркелететін еді. Кішкентай болсам да бұзық болмай, ақыл айтқанды тыңдап, бәрін түсініп жүретіндіктен болсам керек-ті осылай атайтыны. Әжем үнемі жанына тетелес бауырым Досболмен бірге алып жүретіндігі әлі есімде. Бір жерге барса, қамзолының қалтасына тәттісін салып біздің аузымызға тосатынын ешқашан ұмытпаймыз. Менің есімімді үлкен ағам Досхан деп қойыпты. Қазақтың танымал әртісі Досхан Жолжақсыновтың есімін берсе керек. Әжем өте таза кісі болатын. Біздің де үстімізге қыл жуытпайтын. Оттың басында үлкен кісіні бәріміз жақсы көруші едік. Аудандағы №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектепке барып, алғашқы ұстазым Гүлайым Әбдіомаровадан әріп танып, оқуды үйрендім. Мектеп өмірі ешқашан ұмытылмайды. Жақсылыққа ұмтылуды, жамандықтан жиренуді үйреткен сынып жетекшіміз Салтанат Сағындықоваға айтар алғысым мол. Ғылыми жобаларға қатысып, жеңімпаз болып, мектеп, ұстаз мерейі тасыған кездер керемет естеліктер. Үздік оқушы ретінде Көкшетауға лагерьге баруым ұстаздардың еңбегі. 9-сыныпты үздік аяқтап, 11-сыныпты бітірген соң М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясына оқуға түскен едім. Алматы қаласында жоғарғы білім алу бақыты бұйырғанына шын қуандым. Бұл бір жағынан ата-ана үмітін ақтау болса, екіншіден, ұстаздарымыздың берген білімі мен тәрбиесінің жемісі. Осы сұхбатты пайдаланып, барша ұстаздарыма алғыс айтқым келеді.
– Мамандық таңдау – адам өміріндегі ең күрделі әрі жауапты қадам. Өзіңіздің таңдауыңыз теміржолдың болуы бекер емес екені анық ғой?
– Бұрыннан келе жатқан есті сөз бар. Демек, адам өмірде екі нәрседен қателеспеуі керек. Біріншісі – жар таңдағанда, екіншісі – мамандық таңдағанда екені бесенеден белгілі. Өмірден өз орныңды тауып, адал еңбек ету әр адамның арманы деп ойлаймын. Әрине, таңдау әртүрлі болады. Ал менің таңдауым теміржол болуы шын мәнінде бекер емес. Өздеріңіз білесіздер менің нағашы атам Ғани Сарқыншақов теміржол саласында 42 жыл еңбек еткен азамат, қазір зейнеткер. Ал атамның ағасы Әби Сарқыншақовтың есімін елімізде білмейтін жан кемде кем. Ол кісі ауданымыздың А.Тоқмағамбетов ауылында туған. Өмірден өткенше ел экономикасының күре тамыры болып саналатын теміржолда қызмет етті. Өзінің еңбекқорлығының, адамгершілік қасиетінің арқасында жерлестерінің мақтанышына айналды. Міне, бала кезімнен үлкен атаны көрдім. Ол кісінің айтқан әңгімелерін тыңдадым. Өзі сондай қарапайым, сыпайы, барынша әділ, мәдениетті кісі болатын. Үнемі кітап оқып жүретін. Туған жерден жырақта тұрса да жергілікті басылымнан қол үзген жоқ. Жұмыс кабинетінде үстелде «Тіршілік тынысы» газетінің жаңа нөмірлері жататын. Ата елдің жағдайынан үнемі хабардар болып, реті келсе Қызылордаға, ауылға келіп кетуге асығатын. Айналасындағы жақын жуықтарына, тіпті бейтаныс адамдарға да қол ұшын созуға даяр болатын. Менің арманымда Әби атамдай азамат болсам деген ой тұратын. Сондықтан болар қос атамның жолын қуып теміржол саласын таңдағаным. Жоғарғы оқу орнында оқып жүргенімде оқуымды жақсы оқып, атам жаман атымды естімесін деп алдыма мақсат қойдым. Оқу орнын ойдағыдай аяқтап, қолыма диплом алдым. Көлік, көлік техникасы және технологиялары мамандығын алып, техника және технологиялар бакалавры дәрежесі берілді.
– Жоғары білімді маман атандың, алғашқы еңбек жолың қалай басталды? Қазіргі кезде қандай қызмет атқарып келесің?
– Қолына дипломын алған жас маманға бірден жұмысқа орналасу оңайға тимесі анық. Сондықтан көп жастар алған дипломдарын сандыққа салып, басқа салаға немесе бизнеске кетіп жатады. Ал мен теміржол саласында еңбек жолымды бастауға талаптандым. Ол үшін қосымша жолаушылар вагондарының жолсерігі кәсібі бойынша курс оқып, кәсіби дайындығым жайлы куәлік алған едім. Бұл осы саланың қызметін атқаруыма қажет құжат. Дегенмен қызмет Ақтөбе қаласынан бұйырғаны үшін дән ризамын. 2018 жылдан бері осы қаладағы «Ақтөбе Гранд Строй» ЖШС-де жылжымалы құрам жөндеу цехында аға шебері қызметіндемін. Цехта жұмысшылармен бірге вагондарды, тепловоздарды жөндеп, қатарға қосуға атсалысамыз. Ақтөбеде вагондарды, тепловоздарды жөндеудің бұрыннан негізі қаланған болатын. Мұнда еліміздің түкпір түкпірінен көне вагондар әкелетінін айта кетейік. Біздің цехтағы жұмыс күні-түні тоқтамайды. Қазіргі кезде теміржолда жолаушыларға қызмет көрсетіп келе жатқан вагондардың арасында біздің цехтан күрделі жөндеуден өткен вагондар баршылық. Оларды сонау алыстан танимыз, себебі вагондар мен тепловоздардың әрбір бөлшегінде біздің шеберлердің қолтаңбасы қалғаны мәлім.
– Қазіргі жастар өзің секілді теміржол саласына келе бермейді. Әлде бұл дұрыс пікір емес пе? Негізінен мектеп бітірген түлектер ІТ, медицина, педагогика саласын көбірек таңдайды. Сіздің пікіріңізді білсек?
– Соңғы технология барлық салаға келгені баршаға аян. Мейлі ол мұғалім болсын, дәрігер болсын, инженер де технологияның озық үлгісімен жұмыс жасап келеді. Негізінен, көлік жөндеуші де оның ақауын анықтау үшін компьютерлік диагностика жасайды. Сол секілді теміржолға да ІТ-дің келгеніне де көп уақыт болған еді. Өздеріңіз білесіздер қазір пойызға билетті ешкім вокзалға барып, кезекке тұрып алмайды. Барлығы дамыған, қолыңыздағы смартфонмен қалаған пойызыңызға билет аласыз. Вагондар мен тепловоздар да соңғы технологиямен жабдықталған. Ең мықты деген бағдарламашылар біздің салада да бар. Сондықтан жастардың теміржолға келмейді деген пікіріңізге қосылмаймын. Теміржолшы нағыз ер азаматқа тән мамандық. Күннің ыстығы мен суығында шойын жолда пойыздардың кідіріссіз жүруіне жұмыс жасап жүрген ер азаматтар қаншама. Қара жұмыстан қашпай, тепловоз машинисі болып, жолаушылардың діттеген жеріне аман-есен жетуіне жағдайын жасап жүрген жолсеріктердің арасында қаншама жастар бар.
– Жас та болса, күрделі мамандық иесі болып, үлкен жұмыстың басында аға шебер болып жүрген өзіңізді жерлестеріңіз мақтан етеді. Сіз үшін теміржол саласы өміріңізге қандай өзгеріс әкелді деп ойлайсыз?
– Жоғарыда айтып өткенімдей теміржол саласында еңбек ету мен үшін үлкен абырой саналады. Қажырлы еңбек пен ізденісті талап ететін қызметте қандай да бір жетістікке жетсем, ол алдыма қойған мақсатыма жасалған қадамның бірі. Күрделі саланы меңгеру үшін әлі талай уақыт керек. Себебі теміржол – елдегі жолаушылар қатынасы мен жүк тасымалының күре тамыры десек болады. Қайта түлеп, ырысы мен несібесі молайып жатқан сала ел экономикасын жоғарылатуға, халықтың әл-ауқатын арттыруда тигізіп жатқан үлесі орасан. Осы саланың дамуына азда болса үлесімді қосып жатқаныма қуанамын. Жанымдағы аға буын ағалармен, әріптестеріммен күн сайын жетістікке жеткеніміз елге жасаған қызметіміз болып табылады. Еліміздің қай түкпірінде жүрсем де туған жердің киелі топырағы желеп-жебеп жүретінін сезінемін. Мүмкін жылдар өткенде осы саланың білікті маманы атанармын, сол кезде қарапайым шебер ретінде еңбек жолымды бастағанымды мақтан ететін боламын. Теміржол мені азамат ретінде есейтті. Қиындыққа төтеп беруді, мойымауды, қолыңнан келсе аянбауды үйретті. Осынша өзгерістерді өміріме әкелген теміржол саласына өмір бойы құрметпен қарайтыным анық.
– Бала – ата-ана өмірінің жалғасы, ата-ананың тілегі – баласының жақсы адам болуы. Отбасыңыз жайында айтсаңыз?
– Ата-анам қарапайым жандар, жастайынан бас қосқан ата-анамның тұңғышымын. Әзірге бойдақпын. Соңымнан ерген жалғыз қарындасым – Минуара бар. Минуара жетінші сыныпта оқиды, анамның жанында жүріп, үй тірлігіне қолғабыс етеді. Анам Нұргүл қолдаушым, тілекшім. «Анаңды үш рет Меккеге арқалап апарсаң да, қарызыңнан құтылмайсың» деген даналық сөз бар. Қолымнан келгенше анама, оның жағдайын жасауға тырысамын. Бауырларыма, қарындасыма қамқор болу – ағалық парызым.
– Сұқбатыңызға рақмет!